Маңғыстау облысында кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар саны 1 айдан кейін бұдан да көбейеді деп айтуға толық негіз бар. Себебі республика бойынша алғаш рет біздің облыста ғана қолға алынған, облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Бизнес 3 күнде» жобасы арқылы құрылған комиссия өңір бойынша кәсіпке икемі бар көп балалы, әлеуметтік жағдайы қолдауды қажет ететін отбасыларды анықтау жұмысын жүргізгенін осыған дейін хабарлаған болатынбыз. 3 сәуір күні Түпқараған ауданына келген топ 10-ға жуық жанұяның жай-күйімен танысу үшін үйлеріне арнайылап барып, ішінен кәсібін қолдауға болатынын іріктеуде. Жоба аясында Түпқараған ауданына әлеуметтік аз қамтылған 30 отбасы бекітілсе, оның 10-ына кәсіпкер, «Айком LTD» ЖШС-нің құрылтайшысы Бимырзаев Иса Ыбырайымұлы көмектесетін болады. Түпқарағандықтар үшін облыста жүзеге асып жатқан "Бизнес 3 күнде" жобасы таныстырылды. Белгілі меценаттар мен кәсіпкерлерді жұмылдырған аймақ басшысы Ералы Тоғжанов бастамасымен жүзеге асып жатқан жоба - "Балық берме, қармақ бер" ұстанымындағы бастама. Бұрын-соңды бол маған жаңа жоба осыған дейін қайырымдылық акциясы ретінде жүзеге асып келсе, енді мазмұнын өзгертіп, несиесіз, кепілсіз, қайтарымсыз демеу көрсетуді, бизнесті жүргізудің қырсырын меңгерту арқылы желілік маркетинг тәсілін үйрете отыра, өз тауар белгісін жасауға, көмектесуге және өнімін сатуға мотивация беруді көздейді. Әлеуметтік аз қамтылған, табыс көзі аз, асыраушысы жоқ, жағдайы төмен отбасыларының күнкөрісін жөндеп, аяқтан тұруына демеу болатын, ойында жүріп, қолынан келетін кәсібін ашуға көмек беретін бұл жоба өзге өңірлерде жоқ 1 пайызбен несие беретін «Нұр капитал» бірегей жобасына барар алғашқы баспалдақ іспетті. Өз ойындағы кәсібін, қолынан келетін қабілеті арқылы ашқан кәсіпкерге талпыныс пен жігер сыйлайтын жобаның жауапкершілігі де бар. Іріктеу де қатаң бақылаумен жүзеге асуда. Комиссия мен жоба ұйымдастырушылары бастаған топ Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылының, Сайын Шапағатов ауылдық округінің жоба қатысушылары үшін ауданнан құрылған штаб жұмысын пысықтап, қатысушылардың жағдайымен арнайы барып танысты. Ұйымдастырушылар мен штаб мүшелерінің, аудан, ауыл әкімдерінің арнайы барып қараған бірінші тізімдегі 7 отбасынан 3 отбасы ғана жоба қатысушысы атанатындығы алғашқы штаб отырысында анықталды. Алдымен іріктеуден өткен отбасы өз кәсібіне ат қояды, өз ісін жоба аясында алып берілген құралдармен өнімін өндіріп, кәсібін бастайды, оны халыққа жеткізеді. Жоба осыған дейін облыс орталығы Ақтау қаласында және Жаңаөзен қалаларында жүзеге асуда. Жоба жұмысының жүрісі үшін құрылған облыстық комиссия мен ауданнан құрылған штаб бірлесе ауданымыздағы Ақшұқыр, Сайын Шапағатов ауылдарындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларын аралап шыққан алғашқы күнде-ақ қай азаматтың қолынан не келетіндігі байқалған болатын. Жобаның бірінші күнінде Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Доғдырхан есімді көп балалы ананың ісмерлігі комиссия құрамын таңғалдырды. Үлкен қызы мүгедек, екінші қызының да көзін жарыққа аша алмайтын ақауы бар. Алайда, артық пендеге тыным бермеген тіршілік бұл келіншекке қиындыққа қасқайып тұрар күш беріпті. Өздігінен түрлі курстар оқып, білімін жетілдіріп жүрген ана балапандарын қомдап, қамдау үшін тыным көрмей тігін тігеді. Құрқылтайдың ұясындай аядай үйде ескі оверлокпен де атақты дизайнерлерден қалыспайтын бешпент, көйлектерге тапсырыс қабылдап келген. Енді «3 күнде бизнес» жобасы аясында кәсібі қарқынды жүретін болды. Себебі, жобаның екінші күні-ақ жоба аясында ауданымызға белгіленген кәсіпкер Иса Бимырзаев бұл келіншекке өндірістік тігін мәшинесі мен оверлогын, үтігі мен киім пішуге, дайын көйлегін кигізуге арналған ілгішін арнайы алып берді. Бұндай жобаға ойламаған жерден қатысушы болған Доғдырхан бұрынғы шағын іс мәшинесімен үлгермей жүрген тапсырыстарын аяқтап, табысының еселенетіне қуанышты. Жоба аясында кәсібін бастаушыларға бренд қалыптастыру үшін киімдеріне этикетка да жасалынып берілді. Өз анасының атын өз қолынан шыққан киімдеріне бренд еткен Доғдырхан Ерманова өз кәсібіне «Сәуле» деген атау берді. - 3 күн бұрын алған айлығымды (М.Сеңгірбекұлы атындағы өнер мектебінде еңбек пәнінің мұғалімі) үйге әкеліп, «шашу» деп шашқан едік. Ырымдап жасағаным ғой, енді армандап жүрген іс мәшинем қолыма тиді. Өзім қанша тырмыссам да бұл мәшинелерді ала алмас едім. Қыздарым да қуанып жатыр. Жобаны ұйымдастырушы облыс әкімі Ералы Тоғжановқа, кәсіпкер Иса Ыбырайымұлына алғысым шексіз. Екінші қызыма ем қонып, үлкен қызымның емін жалғастырсам деймін. Тапсырыс көп болса да үлгермейтін едім. Енді қуанышымда шек жоқ. Көзіме жас та алып алдым қуаныштан, дейді толқып тұрған төрт баланың анасы Доғдырхан. Жоба негізінде біздің ауданның тұрғындары Доғдырхан Ермановадан бөлек, Таңсұлу Шоқанбаеваға да тігін ісіне қажетті өндірістік тігін мәшинкесінен бастап оверлок, манекен, түрлі жіптермен қатар басқа да қажеттіліктері алынып берілді. Ал ақшұқырлық Балданай Абдоллақызына тәтті пісіретін кондитерлік іс бастауға қажетті үлкен пеш, миксер, блэндер, түрлі қалыптармен қатар пісіруге қажеттілік алу үшін ақшалай сый жасады. Бұл сыйлықтар табысталғаннан кейін кәсіп ашам деген азаматтар мен басшылық тарапынан арада келісім-шарт жасалды. 1 ай көлемінде кәсібін қалыпқа келтіріп, өнім шығаруға тиісті болған бұл тұрғындарға болашақта үлкен кәсіпкер болып кетулеріне аудан басшылары сәттілік тіледі. Осы аралықта жасаған өнімдерін қоятын дүкен немесе сатылым орындарын табуға аудан, ауыл әкімдері қолдау көрсететіндіктерін жеткізді. Жобаның үшінші күні аудан әкімі Айдос Хамиев, аудандық штаб мүшелері және жоба кәсіпкері Бимырзаев Иса Ыбырайымұлы бастаған топ 3 кәсіп бастаушының өнімдерімен танысуға әрі сатылымға шығаруға арнайы барды. Ақшұқыр ауылындағы «Аружан» дүкеніне қойылған «Балданай» дәмі тәттілерінің сатылымға шығарылуының тұсаукесеріне қатысты. 3 күнде бизнес бастауға болатын жобаның мақсатын жүзеге асырып, кәсіпкерге айналуға әбден мүмкіндік барын дәлелдеген Балданайдың тәттілерін сол сәтте аудан әкімінен бастап ауылдастары да сатып алды. Бағасы 400 теңгеден бастап 1200 теңгеге дейінгі сатылымдағы тәттілерден бүгін 12 мың теңге үстінде пайда көруде. Бастысы, тәттілер еш химиялық қоспасыз және дәмі ерекше. Түрік тәттісі пахлаваның да екі түрін сатуда. Ол 14 күнге дейін өзінің жұмсақ күйін ұстайды екен. - Бұл күтпеген қолдау болды. Жоба ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін. Өзім 56 жыл бұрын пісіріп, тапсырыс қабылдап бастағам. Жақсы нәтиже көріп, пайда тауып келе жатыр едім. 2013 жылы босанған балам мүгедек болып туылғанан кейін мүмкіндігім болмады. Енді күнкөріс үшін жасауға мәжбүрмін. Күні кеше де 3 тапсырыс алдым. Осындай мүмкіндік беріп, жоба аясында заттарымызды алып беріп жатқан кәсіпкерге де алғысымыз шексіз, - дейді Балданай. Осымен үш күннің ішінде кәсіпкер болуға қадам жасатқан жобаның алғашқы қарлығаштары қанатын қомдады. Енді қалған қатысушыларды аудан бойынша іріктеу ауданнан құрылған жауапты мамандарға жүктелді.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА, Милана ЕЛЕУСІНОВА