Серікбай ТӨЛЕТОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы
***
Сайлау өткізу – дер кезінде айтылып отырған мәселе. Жаңа Президент сайлау үшін тағы жыл жарым уақыт күтудің қажеті жоқ деп ойлаймын. «Президентті халық таңдай- тын болады. Мен басшы ретінде сайлаудың әділ әрі таза өтуіне кепілдік беремін», – деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтты. Халыққа, ең алдымен, тұрақтылық пен тыныштық керек. Президент тағына елдің жағдайын ойлайтын, қарапайым, халықтың қамын жейтін елжанды азамат отыратынына сенемін. Себебі біздің дана халқымыз жаңа елжанды Президентін жаңылмай табады. «Ел ағасыз болмас, тон жағасыз болмас» дегендей, елдің билігін өз қолына алып, Елбасымыз салған сара жолды әрі қарай ұлы даңғылға айналдырады деп үміттенеміз. Тәуелсіздігімізді тұғырлы, берекемізді баянды етіп, «Мәңгілік Ел» болуға бастайтын Президент сайлап, алға қойған мақсатымызға жете берейік! Біздің Мұнайлы ауданы облысымыздағы халық ең көп шоғырланған аймақ болғандықтан, үкіметтік емес ұйым атынан сайлау жұмыстарына әрдайым белсене араласумен келемін. Бұл жолғы сайлауда да халық өкілі ретінде Президент айтқандай саяси шараның әділ әрі таза өтуіне ат салысамын деп ойлаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып, сайлауға ұйымшылдықпен қатысайық! – дегім келеді.Райхан ДӘРІБАЕВА, Мұнайлы аудандық «Азаматтық бастама» бірлестігінің төрайымы, қоғам белсендісі
***
Тәуелсіз Қазақстан тарихының тағы бір-бір парағы ашылды деуге негіз бар. Ағымдағы жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтеді. Бұл туралы Қазақстан халқына Үндеуін жолдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Әрине, бүгінгі күніміз ертеңгі тарих екенін ескерсек, бұл – ел тарихында жазылатын айтулы оқиғаның бірі болып қалады. Егемендігін екшелеп, тәуелсіздігін тұғырлы еткен бұл елге, тарихта жақсы атымен қалар басшы келеді деп ойлаймын. Қазақ тарихына үңілер болсақ, сонау Керей мен Жәнібектен басталған елдің тізгінін ұстаған азаматтарымыз, хан-сұлтандарымыз аз емес. Солардың қатарына, 9 маусым күні қазақтың маңдайына жазылған тағы бір «жарық жұлдыз» жарқырайды деп сенемін.Мұқаш ОРАЛБАЕВ, «Бекен» жас көшбасшылар қауымдастығы төрағасы
***
Ортақ тарих пен тағдыры біріктірген қазақстандық қоғам жаңа кезеңдегі жауапты міндет – кезектен тыс президенттік сайлауда жарқын келешекке, мемлекетіміздің тұрақты дамуына бастайтын бағытты қолдап дауыс береді деп ойлаймын. Сындарлы сәттерде ақыл-парасатпен шешім қабылдайтын халық жаңылыспайды деп сенемін.Кирилл ОСИН, «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес мекемесінің жетекшісі