©
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың ұсынысымен басталған "Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан" атты қайырымдылық шарасы өңірдің бірқатар аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына қол ұшын бергелі біраз уақыт өткен-ді. Шара барысында ұйымдастырушылар жүздеген отбасына аяқтай барып, олардың тұрмыс-жағдайын өз көзімен көріп танысты. Әрине, көптің тұрмыс деңгейі біз ойлағаннан жақсы екені қуантады. Алайда тұрмыс деңгейі өте төмен, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар да жоқ емес. Отағасы жоқ немесе табысы аз, отанасы балалардың немесе ауру, мүгедек баласының қамымен жұмысқа шыға алмайтын, үйден торт, тәттілер пісіріп, құрақ көрпе тігетін қолөнері бар, бірақ өз кәсібін бастауға мүмкіндігі жоқ аналар да тіркелген. Міне, осындай аналарды қолдап, өзінің шағын бизнесін ашуына көмектесу бағытында аймақ басшысы елдің игі жақсы, ірі кәсіпкерлерінің басын қосып, ақылдаса келе, «балықшыға балық емес, қармақ бер» деген аталы сөзге тоқталған. Нақтырақ айтсақ, жоғарыда айтылған аналарға өз кәсібін ашуы үшін қажетті құрал-жабдықтарын алып беріп, кәсібі жүзеге асқанша жан-жақты көмектесуді ұйғарды. Бұл бастаманы тиімді ұйымдастырып, сәтті жүзеге асыра білгеннің арқасында жетістіктер де аз болмады. Арада көп уақыт өтпей-ақ үш күнде өзінің жеке бизнесін ашып, алғашқы брендтік өнімін нарыққа шығарған аналар таныла бастады. Осылайша қайырымдылық шарасы «Бизнес 3 күнде» атты жаңа жобаны өмірге әкелді. Сонымен қатар аналарға қолдау көрсетіп, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу, кәсіп иесіне жеткізіп беріп, онымен қалай жұмыс жасау керектігін бүге-шігесіне дейін үйретіп, түсіндіріп, тауар белгісін жасатып, алғашқы өнімін нарыққа шығару үшін бір топ кәсіпкер, жастар мен еріктілер көмектесуде. Облыс басшысы жанынан арнайы комиссия құрылып, жұмыс тобына әр қала, ауданнан бірнеше өкіл қамтылды. Оның ішінде Қарақия ауданы да бар. Жаңаөзен қаласынан қарқынды бастау алған «Бизнес 3 күнде» жобасы басқа аудандарда да жалғасын таппақ. Айта кетейік, бұл жобаға ең әуелі тұрмыс жағдайы өте төмен, аз қамтылған немесе баспана жалдап, ауру, мүгедек бала бағып, үйде отырған аналар қатыса алады. Қатысушылар әр аудан, қаланың әлеуметтік бөлімі ұсынған аз қамтылған, көп балалы аналардың тізімінен таңдап алынады. Демек ол тізімді де саралап, әр отбасының тұрмыстық жағдайын нақтылап, қарап, лайықты үміткерді таңдайтын арнайы комиссия бар. Ең басты талап - бизнеске деген құлшынысы және жауапкершілігі болуы керек. Бастаған істі орта жолда қалдырмай, табандылық танытсаңыз, кәсібіңіздің нәсібін көресіз. Сонда ғана өзіңізге қолдау көрсеткен жандардың сенімін ақтап, өзіңіз де тұрмысыңызды жақсарта алатыныңызға сенімді болыңыз. Өйткені мұндай мүмкіндік екінің біріне берілмейді. Маңғыстауда ғана бастау алған, еш жерде баламасы жоқ, бірегей жобаға қатысушыларға сәттілік, ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.Шынар КЕНДІН