Көктем шығып, жер қарайғаннан бастап ауыл ішіндегі қоқыстар желмен ұшып, айналаны ластайды. Сондықтан ауданда тұрақты маусымдық сенбілік жұмыстарын жүргізіп тұру Маңғыстау ауданы әкімі Т.Көшмағанбетовтың тікелей басшылығымен жүзеге асып келеді. Соңғы тәуліктерде ауа райы күрт салқындады. Кейде аспанды бұлт торласа, енді бірде жел өңменіңнен өтіп барады. Соған қарамастан мұндағы қабырғалы қауым шаруа қамымен қарбаласуда. Қайда мойын бұрмаңыз, отыны мол салынған қазандай қайнаған қызу тіршілікті аңғарасыз. Әдетте «тазалық – денсаулық кепілі» деуден жалықпаймыз. Осы ұстаным ауданымызға да жат емес. Аудан әкімі Т.Көшмағанбетовтың өкімімен көктемгі санитарлық тазалықтың айлығын жарияланғанына да біраз болыпты. Әрбір ұжым көше, мекеме ауласының тазалығына сенбі сайын шығып, атсалысуда. Өткен екі аптада да солай өрбіді. Жалпы аудан бойынша 30.03.2019 жылы өткен сенбілікке 1216 адам қатысып, 140 ағаш көшеттері отырғызылды, әртүрлі 22 техника (9 арнаулы техника) күшімен 341 га аумақ тазаланып, 146 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы орындарға шығарылды. Ал өткен аптадағы кезектен тыс сенбілікке аудан бойынша 1298 адам қатынасып, 245 ағаш көшеттері отырғызылып, 309 га аумақ тазаланды, әртүрлі 24 техника күшімен 48,8 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы орындарға шығарылды. Сенбілік аясында орталық паркте екі жүзге жуық туя ағашы (шырша) отырғызу жұмыстары жүргізілді. Аталмыш шараға аудан әкімдігі мен аудандық мәслихат аппараты, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, мекеме қызметкерлері, аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары мен белсенді жастары атсалысты. Тал егу шарасына арнайы облыстық ботаникалық бақтың басшысы Ақжүніс Алтайқызы келіп, ағаш отырғызуға өз үлесін қосты. Орталық көше бойларын абаттандыру мен көгалдандыру іс-шарасы бүгінгі таңда жүйелі ұйымдастырылды. Біздің сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған мәліметімізден көріп отырғаныңыздай екі аптада да біршама жұмыс атқарылған. Десек те, көктем қылаң бере бастағаннан-ақ жаз жадырағанша, бес күн жұмысын жасап, демалысында сенбілікке шығатын мекеме қызметкерлерінің еңбегін бағаламайтын тұрғындарға шынымен қарның ашады. Айналаның тазалығы бәрімізге ортақ деп жатамыз. Өзің тұратын көшені қоя бергенде ең болмағанда, өзің тұратын үйдің айналасына бір сәт көңіл аударыңызшы. Тазалық жұмыстарын жоққа шығаратын Шетпе ауылында көше кезіп жүрген 9 үй жануарының иелеріне айыппұл салынды. Дегенмен де ауыл тұрғындары әлі де болса бұл іске ат үсті қарайды. Қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік тазалықтан басталады. Өйткені тазалық бар жерде, тәртіп пен реттілік болатыны анық. Өкінішке қарай, бізде өзінің жеке басы һәм үйінің ішіндегі тазалықпен ғана шектелетіндер бар. Мейлі, солай-ақ болсын делік, бірақ, даладағы барлық қоқысты үйімізге ауламыздан өзіміз әкеліп жатқанымызды аңғармайтынымыз неліктен?! Ауылдың тазалығына атсалыспасаңыз да алақандай аулаңызды таза ұстауға талпынсаңыз екен. Тіпті жекелеген тұрғындардан бөлек кәсіпкер азаматтар да өзінің кәсібін дөңгелетіп отырған нысанының жан-жағын таза ұстауға құлшына қоймайды. Ал қазақта тазалық жоқ жерде береке болмайды деген түсінік бар емеспе?! Ендеше, қаншама адамның еңбегін зая кетірмей, ауылдың тазалығына сіз бен біз болып атсалысайық!
Д.АЛИЕВА