©
Президентіміз Қ.Тоқаев Қазақстан Халқына Үндеуін жариялайды дегеннен бастап теледидар алдында дегбірсіздене күттім. Мемлекет басшысы болғалы бері алғашқы Үндеуі болғандықтан біраз беймәлім толқынысқа түскенім де рас. Олай дейтінім, қаншама жылдан бері Елбасымыздың халыққа Жолдауына, еліміздің өркендеу жолына түсуі үшін берілген тапсырмалары нақты, Жолдаулары халықтың көңілінен шығып тұрғанға үйреніп қалыппыз. Бірақ, Елбасымыз өз жұмысын тоқтатқалы бері таққа отырған Қ.Тоқаевтың Үндеуі де халық көңілінен шығатынына іштей сенімділікпен отырдым. Ішкі түйсігім алдамаған екен, біздің әрқайсымызға маңызды Үндеуін жариялады. Ол еліміздің Конституциясына сәйкес ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдады. Маған ұнағаны, Президент «бұл шешімді Елбасымыз Н.Назарбаевпен ақылдаса отырып, Парламенттің қос Палата спикерімен, Премьер-Министрмен кеңесе отырып, Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгіне отырып жарияладым. Бұл сайлаудың әділ өтуіне Мемлекет басшысы ретінде кепілдік беремін» дегені болды. «Өзім білемінге» салмай, жан-жағымен ақылдаса отырып, әрі үлкен жауапкершілікті мойнына алып отырған Президентімізге риза болдым. Біздің тілегіміз, еліміздің тізгіні халқына деген сүйіспеншілігі бірінші орында тұрған, жауапкершілігі мол, елін сүйген, жерін сүйген азаматтың қолында болғаны. Сонда ғана халықтың көңілі жай деп ойлаймын.Б.ТӨЛЕУБАЙҰЛЫ, Жыңғылды ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы