Түпқараған аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен аудан әкімінің дәстүрлі шырша тойы аудандық жасөспірімдер және спорт мектебінде тойланды. Онда шырша жағылып, Аяз ата мен Ақшақар талантты балалардың өнерлерін тамашалады. «Ұлы Жібек жолы» қойылымы көрсетіліп, Алдар көсе мен тәуелсіздік символы болған қыран құс бейнелері балақайларды қуанту үшін жасыл шырша маңынан табылды.
Шырша тойының алғашқы құттықтау сөзін алған «Нұр Отан» партиясының Түпқараған аудандық филиалы төрағасының бірінші орын басары Демеген Садықов пен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айбаршын Қуанышқалиқызы оқушылардың сабақтарына жетістік, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тіледі.
Аудандағы 10 мектептен 92 оқушы қатысқан қайырымдылық шырша тойын да балаларға тәттілер салынған қалталар үлестірілді. Сонымен қатар әр мектеп осы оқушыларға аудан әкімі атынан естелікке сыйлықтар және жылы киімдер сыйға тарататын болады.
Өз тілшімізден