ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2013 жылғы 1 наурыздағы №511 Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып белгіленді. Отбасы күнін Қазақстанда мерекелеу неке мен отбасы институтын, сонымен қатар қоғамда имандылықты және руханилықты нығайтуға негізделген. Бүгінде демографиялық саясаттың әуелгі факторы ретінде отбасылық құндылықтарды халық санасына сіңіру – мемлекеттік басты міндеттердің бірі болып табылады.
Осыған орай, өткен жексенбі күні Жаңаөзен қалалық мемлекеттік қызметкерлер арасында «Отбасы - өмір аясы» отбасылық спорттық сайыс ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – қазақстандық әрбір отбасының оң имиджін насихаттау арқылы өскелең ұрпақты Отан сүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу. Елбасымыз Н.Назарбаев «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында «Біздің болашақ балаларымыз арыстандай айбаттылығымен, жолбарыстай тектілігімен ел тізгінін ұстайды» деп болашақ жастарға үлкен сенім артты. Жалпы салауатты өмір салтын сақтау әрбір адамның өз қолында. Соған байланысты Жаңаөзен қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында өткен сайыс – осыны айқындап бергендей болды.
«Отбасы - өмір аясы» атты сайыста ЖКХ қызметкері Болат Байбозовтың отбасы мүшелерінен құралған «Қайсар» тобы, Рахат ауылы әкімінің міндетін атқарушы Талғар Шәудірбаевтың отбасылық «Барыс» тобы, сосын қалалық әкімдіктегі мемлекеттік қызметшілердің «Қыран» тобы жарыстың шарты бойынша «Бір орыннан секіру», «Скакалкамен секіру» «Үлкен шардың үстінде секіру», Дартц (шар жару) және «Белгіленген аралықта кеглиді нысаналау» бойынша сайысқа түсті. Сайыс қортындысында қалалық әкімдіктің мемлекеттік қызметшілер тобы бас жүлдеге ие болды. Одан кейінгі бірінші орынның жүлдесін Байбозовтар отбасы иеленсе, екінші орын Шәудірбаевтар отбасына бұйырды.
Мұнан кейін сайыстың соңы «Отбасы күніне» арналған салтанатты жиынға ұласты. Ол жерде де осы мерекеге орай ұйымдастырылған сайыс жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ, ҚР қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан «2018 жылдың қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған кешенді жоспары» аясында, «Отбасы күнін» мерекелеу қарсаңында, отбасы ұғымдылығын сақтай отырып, мемлекеттік имиджін көтеру мақсактында Ашық есік күні де өткізілді. Мұнда Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев шығып сөйлеп, бұл мерекенің маңызына тоқталды.
- Бүгін қала әкімдігі аппаратының ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметкерлердің отбасылары қала әкімінің ғимаратына шақырылып, осындай шаралар өткізіліп жатыр. Жалпы бүгінгі шараның мақсаты – «Отбасы күні» мерекесіне орай, мемлекеттік қызметте істеген жұмысы мен олардың отбасы мүшелерін халыққа таныстыру. Екіншіден, бұрын осы салада қызмет істеген ардагерлеріміздің отбасы мүшелерінің қазіргі перзенттерінің мемлекеттік қызметті жалғастырып жатқандығын, яғни ұрпақ сабақтастығын кеңнен насихаттау болып табылады. Біздегі қала әкімдігінде 125 мемлекеттік қызметші жұмыс жасайды. Олардың отбасы мүшелерінің ішінде де мемлекеттік қызметпен шұғылданып жүргендер бар. Соларды үлгі, өнеге ету мақсатында Ашық есік күнін өткізіп отырмыз. Сондықтан баршаңызды осы «Отбасы күні» мерекесімен құттықтаймын. Амандық, дендеріне саулық, отбасылардың ауызбірішілікті болуына тілектестік білдіремін, - деді қала әкімінің орынбасары.
Мұнан кейін мемлекеттік қызметте жүріп зейнеткерлікке шыққан Өтеулі Сарыбек және Гүлбарам Тоқпанованы бүгінгі таңда мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрген перзенттерімен бірге ортаға шақырып, марапаттады. Бұл ұрпақ сабақтастығының айқын айғағы. Сондай-ақ, осы мерекелік шараға орай мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілген шағын футбол, дойбы жарысында әйелдер арасында болған сайыс, шахматтан, арқан тарту жарыстарының жеңімпаздары марапатталды. «Отбасы күні» мен Жаңаөзен қаласының 50 жылдығына орай өткізілген «Отбасы - өмір айнасы» атты дарабоз ойынының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қала әкімінің дипломы табыс етілді.
Ашық есік күні мен мерекелік салтанатқа қатысушылар естелік суретке түсіп, қала көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН