Маңғыстау облысы ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы 8 айлық жұмыс қорытындысы жөнінде БАҚ-на брифинг өткізді.
Жиынға Маңғыстау облысы ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Амангелді Досжанов, Ақтау қаласы ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Аманбек Нұржанов, Маңғыстау облысы ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Камиль Будайчиев қатысты.
8 айдың қорытындысы бойынша 261 есірткі құқық бұзушылығы тіркелген. 66 өткізу дерегі, 5 аса ірі көлемде есірткі сақтау, 3 есірткі қордасын ұйымдастыру, 1 есірткі өсіру дерегі, 186 есірткіні заңсыз қолдану мен сақтауға байланысты қылмыстық теріс әрекеттері тіркелген.
Мамандардың айтуынша, заңсыз айналымнан 91,5 кг-нан аса есірткі құралы, оның 558 гр «героин», 89,5 кг «марихуана», 189 гр «гашиш» және 1,3 кг «экстрациялық апиын» анықталған.
Қазіргі таңда есірткіге қатысты түрлі іс-шаралар көптеп өткізілуде. Жасөспірімдерге есірткінің зияны туралы айтылатын пайдалы жиындарды өткізу арқылы олардың есірткіге тәуелді болмау жолдарының алдын алуға болады. Маңғыстау облысы ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы түрлі семинар, дәрістермен дөңгелек үстел, сондай-ақ ата-аналардың қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастырып келеді.
Департамент қызметкерлерінің ұйымдастыруымен колледж студенттері және мектеп оқушыларына арнайы шаралар, мұғалімдер мен ата-аналар үшін нашақорлықпен күрес айлығы, «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне» арналған республикалық акция өткізілді.
Айта кетейік, соңғы 5 жылда нашақорлық бойынша облыстық наркологиялық диспансерде есепте тұрған тұлғалардың саны төмендеген. Бұл аймақтағы нашақорлықпен және есірткі күресінде ІІД және мемлекеттік органдардың табысты қызметін көрсетеді.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР