5 қыркүйек Жаңаөзен қалалық әкімдігінде тұрақты комиссияның бірлескен отырысы өтті. Отырыста қалалық мәслихатқа тұрғындардан түскен арыз-шағымдар қаралды. Атап айтар болсақ, «Шұғыла» ш/а №37 және №30 үй тұрғындарының арыздары. Отырысқа қала әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов пен мекеме, бөлім басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қалалық мәслихат аппаратының басшысы Амандық Ермұханов таныстырды. Оның айтуынша, арызда «Шұғыла» ш/а №37 үй тұрғындары коммуналдық жағдайдың жүйесіздігі, өздерінің «Сенім» пәтер иелерінің кооперативі жұмысына көңілі толмайтындығы келтірілген. Жылу бәсінің өсуі, жарық көздерінің есебі дұрыс келмейтіндігі, артық жазылатындығы, үй асты құбырларының жарамсыздығы, 18 жылдан бері ауыстырылмағандығы, үй жылытуға пеш қою, жертөледен келетін жағымсыз иістен және зиянды жәндіктерден құтылу, ЖПИК ақша жинаумен ғана айналысып, есеп бермейтіндіктері, сондай-ақ, төраға тұрғындар тарапынан сайланбайтындығы, коттедж типті үй болғандықтан қоршалған аулаларын өздері тазалайтындығы, бірақ «Тазалық» мекемесіне ақша төлейтіндігі, «Өзенсантехобслуживание» ЖШС жарылған құбырларға сантехникалық жұмыстар жүргізбейтіндігі, оның орнына жарылған жерін ағашпен орап, уақытша тоқтатып кететіндігі, сондай-ақ, су, жылу, канализация құбырларын модернизациялау қажеттігі айтылған. Осы келтірілген мәселер бойынша тексеріс жүргізіп, аталған мекемелердің жұмысын қадағалауды сұраған.
Бұл жөнінде қала әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов тексеріс жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Аталған мәселелер бар, шешімді жолдары қарастыру жолға қойылғанын айтты. Газ, су, тоқ бағасы антимонополиямен бекітілген тариф бойынша жүргізілетінін тілге тиек етті.
- Жылу беру науқанының алдында жылуға қатысты жұмыстар «Өзенжылу» МКК-ға тапсырылып, 5 млн.-ға құбырлар алынып, ішінара, күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған құбырлар ауыс-тырылады, - деді.
Екінші мәселеде «Шұғыла» ш/а №30 үй тұрғындары «Өзенсантехобслуживание» ЖШС-ға айтқан уәждері қаралды. Тұрғындар жыл бойы төленетін қаржының қайда жұмсалып жатқандығы, көктем, жаз мезгілінде ешқандай жұмыстар жүрмейтіндігі, жертөледе санитариялық жағдай нашар, зиянды жәндіктер жоғары қабаттарға өтіп кететіндігін, жылу науқанында аптаның 7 күнінің үшеуінде жылу болмайтындығына шағымданған. Мекеме басшысын тәртіпке келтіріп, жұмысын міндеттік талапқа сәйкестендіру, қызметкерлерінің этикасын көтеру мәселелерінің шешімін табуды сұраған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Электр энергиясының бағасы төмендеді«Өзенсантехобслуживание» ЖШС басшысы Толымбай Басбаев түскен арыз бойынша көктем, жаз айларында іс-шараларға сәйкес тұрғын-жайларға жүргізілетін жұмыстардың, арнайы техникамен сатып алынатын су шығындары, салық төлемдерінің, сақтандыру және Еңбек кодексіне сәйкес қызметкерлердің зияндылыққа төленетін шығындарын өтеуге тиіс екендігін айтты. 2015 жылдың наурыз айынан бастап тұрғын-жайлардың ауласын, кіреберістерін, подъезд және жертөлесін тазалау, дезинфекция, дератизациялау шаралары екіжақты келісіммен тоқтатылғанын жеткізді. - «Шұғыла» ш/а №30 үйіне 17 метр куб суды пайдалана отырып жертөлесіндегі жылу құбырларына гидропневматикалық сынақ жұмыстары, жылу желілерімен беріктігі мен тығыздығына гидравликалық зерттеу жүргізу қойылды. 8 метр құбыр, бұрандамада ақау бар екені анықталып, жөндеу жұмыстарымен қалпына келтірілді. 19 метр тозығы жеткен құбыр жаңартылды, - деді.
Отырыста аталған мәселелер бойынша сауалдар қойылып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Екі арызда да аты аталып кеткен мекемелердің халықпен байланыс орнатпағанын, түсіндіру жұмыстары жүргізілмегендігінін байқауға болады. Пәтер иелері кооперативінің төрағасы Түгелбай Тауымбаев жұмыстар көбіне жертөлемен, ондағы орналасқан құбырлармен жүргізілетін болғандықтан, түнгі уақыттарда да жұмыстар жасалатынын, оны тұрғындар білмейтіндерін айтып, осыдан алынып жатқан ақшаның есебі туралы мәселе туындайтынын жеткізді. Аталмыш округтерден сайланған депутат Арғынбек Қалбаев комиссия құрып, тексеріп, тұрғындармен кездесу өткізу қажет деген шешімге келді.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА