ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова Жаңаөзен қаласындағы Ардагерлер үйінде болып, ақсақалдармен жүздесті.
Жиында сөз алған департамент басшысы: - Егер бұрын тек пара алғандар жауапқа тартылса, бүгінде керісінше пара бергенге де жауапкершілік қарастырылған. Сыбайлас жемқорлықты мейлінше төмендету үшін түрлі бағдарламалар енгізілуде. Соның бірі мемлекеттік қызмет түрлерін электронды түрде алу сервисі. Яғни бір терезе қағидаты бойынша бірыңғай өтінішті және құжаттар топтамасын тек бір жерге тапсыру арқылы қызмет алуыңызға болады. Бұл да сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша қолға алынған жобаның бірі, - дейді Нұргүл Алмасқызы.
Сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы әрбір шаңырақта, түрлі басқосуларда жиі айтылып тұрса деген бастаманы ақсақал қарияларымыз бірауыздан қолдайтынын жеткізді. Осылайша қарттар Отанға деген сүйіспеншілік, еңбекке ұмтылу және адал болу жолында қоғамның барлық өкілдеріне өздерінің ақылын айтып отыратын болады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауға Денсаулық сақтау министрлігі мамандары семинар өткізуге келдіСондай-ақ, бүгінгі таңда департамент тарапынан өңірімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ауқымды шаралар өткізілуде. Нәтижесі де жаман емес. Десе де қоғамымызда жең ұшынан жалғасқан сыбайластық әлі де болса кездесіп отыр. Сол себепті қоғамның барлық өкілдерін бұл қылмыстың алдын-алу бойынша жауапқа тарту маңыздылығын жоғалтпай отырғандығын да айтып өтті.
Қариялар ұрпақ тәрбиелеуде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі орасан болуы тиіс дегенді айтты. Бүгінде теледидардан тәлім-тәрбиеге шақыратын бағдарламалар жоқтың қасы, керісінше адамның сана-сезімі және мінез құлқына кері әсер тигізетін хабарлар, зорлықзомбылық туралы кинолар көптігін жеткізіп, осы орайда адам баласын рухани тазалыққа, адамгершілікке, ізгілікке шақыратын мазмұнды бағдарламалар көбейсе деген ізгі тілектерін білдірді.
Айтолқын МЕҢДІБАЕВА