©
Бейнеу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ерікті қоныс аудару және бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Аталған жәрмеңкенің жұмысына бос жұмыс орындары көп, жұмысшы күші тапшы Павлодар облысынан келіп, бағдарламаның үшінші кезеңінің талаптарын жергілікті халық арасына насихаттаушы арнайы жұмысшы тобының мамандары мен билік өкілдері қатысты.
Абыл мәдениет үйінде жәрмеңкенің ашылуына арналған жиынды Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Үміт Әмірханова кіріс сөзбен ашып, үкіметтік бағдарламаның талаптарын жүзеге асыру бағытында ауданға екінші мәрте арнайы ат басын тіреген топ өкілдеріне жылы лебізін білдіріп, жәрмеңке жұмысына сәттілік тіледі.
Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінің басшысы, топ жетекшісі Есембаева Меруерт, облыс орталығына өте таяу жайласқан Павлодар ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Садандиков, Успенский аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Арынова Салтанат жиында сөзге шығып, адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыруға тікелей әсер ететіндігіне нақты деректер келтірді. Маңғыстаудан Павлодар облысына мемлекеттік қолдау арқылы көшіп барған отбасылардың еңбекқорлығы, біліктілігі, бастаған шаруасын дөңгелетудегі шеберліктері билікке де, жергілікті халыққа да бірдей ұнағанын ерекше атап айтты. Бейнеуден Павлодарға көшіп барған Балғаным Закарина балалар бақшасында тәрбиеші болып жұмыс жасап жүр. Тағы бір бұрынғы жерлесіміз Нұрбол Мамытов жаңа қоныста мал шаруашылығымен айналысуды көздеп, мемлекеттік қолдау аясында уақытша қолдануға берілген асыл тұқымды сиырларды күтіп, қарап, шығынсыз төл алып, қорасы баспақ пен бұзауларға толғанын, енді ол ене сиырларды қайыра тапсырып, жекеменшігіне қалдырылған бұзау, баспақтарына асыл тұқымды мал сатып алып қосып, шаруа қожалығын ашу мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр екен. Батыстағы үш қиянның жазы ыстық, қысы жұмсақ, жер беті ағын суға тапшы болғанымен, жер асты байлығы мол майлы түбегінен ерікті қоныс аударуға шешімі нақты, табаны мықты азаматтарға туып, өскен қонысынан екі мың шақырым алыс жатқан шығыстеріскейдің Ертістей ерке өзенінен нәр алған табиғаты көрікті, жазы жанға, малға жайлы болғанымен, қысы қаталдау Баянауыл аймағы құтты қонысқа айналыпты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Аймақтық деңгейдегі көшбасшылықЖиынға қатысқан Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Нұрдәулетов Аманғали өз сөзінде экономикалық қарқынды дамыған аймағымызда демографияық өсімнің де еліміз бойынша орташа көрсеткіштен жоғары екенін, міне, сондықтан жұмыссыздықтың жойылмай отырғанын айта келіп, бағдарлама мүмкіндіктерін пайдаланудың маңыздылығына тоқтады. Облыстық басқарманың бір топ мамандары жуырда Павлодар облысына арнайы іссапарымен барып, ол жаққа қоныс аударған бұрынғы жерлестеріміздің бүгінгі тұрмысына көңілдері тоқ екеніне куә болғанын жеткізді.
Өмір керуені алға жылжыған сайын күнделікті тұрмыс қалпымыз заманға сай өзгеріске ұшырайтыны даусыз. Бүгінгі таңда ұлан-байтақ қазақ жерінің қайсы бұрышында болса да білек сыбанып, еңбек етіп, еңбегіміздің жемісін арман, мүддемізге ұштасатын игіліктерімізге жаратып, өмір сүргеніміз дұрыс. Бұл - өркениетті елге тән қасиет. Заман талабы туындатқан осы қажеттілікті өтеуге қол жеткізуге бағдУстановить изображение записиарлама зор мүмкіндіктер беріп отыр. «Тұрақты жұмыс, заманға сай баспана керек пе, онда біздің аймағымызға кел, ағайын!» деп қол бұлғап, шақырып отырған Павлодар облысына көшін алып барған маңғыстаулық әрбір отбасының жол шығынын (отбасының әрбір мүшесіне 84 мың теңге), бір жылға дейін жалдап тұратын үйінің пәтер ақысы мен коммуналдық төлемдерін мемлекет төлейді. Меншігіме үй сатып аламын деушілер болса, бағасы қолжетімді баспаналар бар. Сатылымда тұрған үйлердің бағасы 700 мың теңгеден басталып, шауып шыққанда 2,5 миллион теңгеге дейін ғана. Азаматтар мамандығы, біліктілігі, тәжірибесі бойынша тұрақты жұмысқа орналасады. Өндірістен қол үзбей, жоғары білім алуға жеңілдіктер қарастырылуда. Мамандығы жоқ азаматтар қысқа мерзімді тегін курстарда оқытылады. Кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге бағдарламаның талабына сай жеңілдікті несиелер беріледі. Бау-бақша саламын деуші отбасыларға 5 гектар жер бөлінеді. Мал шаруашылығымен айналысуды қалайтын азаматтарға шөбі шүйгін жайлау, шабындық беріледі. Отбасының жағдайын түзеуге ниеттенген маңғыстаулық азаматтарды Павлодарда осындай кең мүмкіндіктер күтіп тұр.
Осындай келелі мәселелер сөз болған жиыннан кейін бос жұмыс орындары мен ерікті қоныс аударушыларға арналған жәрмеңке ашылып, Павлодардан келген үгіт-насихат тобымен ауылдастарымыздың арасында басталған әңгіме әдемі өріліп, екі жақтың ойлары қабысқандай әсер байқалды. Жәрмеңкеге қатысқан 300-дің үстіндегі ауылдастарымыздың көпшілігі ерікті қоныс аударуға қызығушылық танытты.
Бейнеу ауданында тұрақты жүргізіліп отырған осындай игі іс-шаралардың ықпалы байқала бастады. Аудандағы жұмыссыздық деңгейі бүгінгі таңда өткен жылдың осы дәуіріне салыстырғанда 10 пайызға төмендеуі осыны көрсетіп тұр. Бейнеу ауданында жұмыссыздық деңгейін төмендетуге баса көңіл бөлінетіндігінің бір дәлелі, жәрмеңкеге қатысқан жергілікті 11 мекеме жұмыссыз жүрген ауылдастырымызға 57 бос жұмыс орнын ұсынды.
Дені сау, біліктілігі мен тәжірибесі мол жасамыс та, еңбек майданына енді араласқан жастар да «Ауылдан жұмыс табылар ма екен?» деп сан ойланып, алаңдап жүргеннен көшін Баянауыл аймағына бұрғаны дұрыс.
Қартбай ҚОЖАЕВ Көрнекі сурет сайттың архивінен