Маусым айының соңғы аптасында Астана қаласында «Әрбір адам маңызды: Әлемдегі есірткі мәселесі туралы фото сурет арқылы айтылған қазақстандықтардың оқиғалары» атты фотокөрме ашылды. Ә.Мәмбетов көшесіндегі «Арбат» алаңында БҰҰ нашақорлық және қылмыстар жөніндегі басқармасы USAID ұйымымен бірлесе ұйымдастырған фотокөрме аясында республика журналистеріне шеберлік сыныбы өткізілді. Оны фотожұмыстар авторы, белгілі суретші Ник Данзигер жүргізді.
Лондонда туып, Монако мен Швейцарияда ер жеткен Ник бала кезден «Тинтиннің хикаялары» комиксінің бас кейіпкері бельгиялық репортер Тинтинге еліктеп, қызықты оқиғаларды бастан кешпек болады. 13 жасынан үйінен кетіп қалған ол ешқандай құжатсыз, билетсіз Парижді аралап шыққан. Жолшыбай салған суреттерін сатып, тамағын асыраған бала отбасына оралған соң Челсидегі өнер мектебін бітіреді. Суреттері танымал галереялардан орын алады.
1982 жылы Уинстона Черчилл атындағы стипендияға ие болғаннан кейін оған жол ашылып, бүкіл әлемді аралауға мүмкіндік туды. Ескі сауда жолдарымен жаяу жүріп, арасында көлікке мініп, Түркия, Қытай елдерін аралады. Аралап қана қоймай, барған елдерінде айлап-жылдап тұрып, көргендерін суретке түсіріп, өз мақсатын жүзеге асырып жүрді. Әр жылдары «Данзигердің хикаялары», «Данзигердің Британиясы» сияқты кітаптары, деректі фильмдері шығып тұрды. Оның түсірген суреттері ең беделді басылымдарда жарияланып, мемлекеттік марапаттар иеленген еңбектері де болды.
Есірткі қолданушылардың өмірін, есірткі пайдалануға себеп болған жайттарды зерттеумен айналысып, оларды фотосуреттер арқылы жеткізе білген Ник Данзигер есірткі айналымының отаны саналатын Ауғанстанда да ұзақ уақыт мекендеген. Мұсылман елдеріндегі есірткіге тәуелділік жағдайын аша түсу үшін ол сақал қойып, намаз оқуға да барғанын жасырмайды. Осындай кедей елдерде есірткіден де, АИТВдан да емделуге қол жетпейді. Ем жасалған күннің өзінде мұндай емшарадан кейін құнарлы тамақтануға емделушінің жағдайы келмейді. Оларға жақсы тамақтанып, өзі емделгенше, тапқанымен балаларын асырағаны әлдеқайда маңыздырақ. Алайда ауыр жұмыс көптеген елдердегі жұмысшыларды есірткі қолдануға мәжбүрлеуде.
Шеберлік сағатында ол журналистерге деректі фотосурет түсірудің қыр-сырын терең үйретумен қатар есірткі қолданушылардың сеніміне кіріп, олардың ішкі сырын ақтаруына мүмкіндік берудің сырлармен таныстырды.
Журналистермен өткен шеберлік сағатынан соң, ертеңіне «Арбат» алаңындағы фотокөрмеге жол тарттық. Фотокөрмедегі суреттерде есірткі қолданудың күрделі түрлері көрінген, табысы орташа немесе төмен елдердегі есірткіге тәуелділікті емдеудің қиыншылықтары мен тосқауылдарын көрсете отырып, есірткі қолдануына әкеліп соғатын адам баласының басына туатын әр түрлі жағдайлар, адамдардың тәуелділігін қалай ауыздықтайтынын және тәуелділіктен арылғаннан кейін өмірлері қалай өзгеретіні бейнеленген. Суреттегілердің барлығы қазақстандықтар. Мысалы, суреттегі Наташа есімді сүйкімді келіншектің тағдыры өте ауыр болған бүлдіршін кезінде ата-анасы қайтыс болған Наташаның өмірін туған ағасы тозаққа айналдырған. Жан тыныштығын есірткіден тапқандай болған ол ақыры ауыр дерттен қыршынынан қиылған.
Әсіресе, көрмедегі ерлі-зайыпты Маржан мен Асылбектің тағдыры бейнеленген суреттер көрермендерге қатты әсер етті. Жас шақтарында асқақ армандары болған бұл жұп ғұмырының алтын уақыттарын есірткімен бос өткізіп алған. Есіртікіге тәуелді басқа достары сияқты, бұлар да АИТВ инфекциясымен өмір сүреді. Бірақ естерін жиып үлгерген олар АИТВ-ға қарсы антиретровирус препараттарын үзбей пайдаланып келеді. Ал ең бастысы, ерлі-зайыптылар кейбір достарымен бірге жаңадан шыққан қолдаушы алмастырушы терапиясымен (ҚАТ) емделіп жүр. Мұны метадон деп те атайды. Фотокөрмеде суреті қойылған Олеся есімді әйел де 15 жасынан есірткіге құмартып, полицияға түсуді әдетке айналдырғанын жасырмайды. Жас өмірінің 12 жылы түрмеде өткен ол да қолдаушы алмастырушы терапиясымен ем алып, қазір жұмыс істеп жүр. Жағдайы жақсы. Өкінішке орай, метадонмен емделіп жүргендердің барлығының ортақ қаупі бар. Ол — қолдаушы алмастырушы терапиясымен емдеудің жақын арада тоқтатылады деген ақпараттың тарауы. Бізбен тілдескен кешегі есірткі қолданушылардың барлығы метадонмен емдеу әдісі жалғаса берсе екен деген тілектерін айтып жатты. Ешқайсысы да қысылып-қымтырылған жоқ. Сондай-ақ, емделушілердің айтуынша, ҚАТ-пен емделіп жүргендер өмірге дені сау бала әкелген.
Дегенмен апиын тұтынатындарды емдеудің осынау тиміді әдісі туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Қазақстанда нашақорлық тəуелділікті емдеуге қол жетімділікті кеңейтуга арналған баспасөз мәслихатында кеңірек әңгіме болды. Мамандардың сөздеріне сенсек, наркологиялық есепте тұрған науқастар санының кемуімен Қазақстанда инъекциялық есірткі қабылдайтын адамдардың саны артып келеді. Қадағалаушы эпидемиологиялық қадағалау қызметінің деректері бойынша, олардың 15 жас жəне одан жоғары жас аралығындағы үлесі ел халқының 1% құрайды. Жағдайды тұрақтандырудың тиімді əдістерінің бірі нашақорлыққа тəуелді науқастарды емдеу мен оңалтудың қол жетімділігін кеңейту екендігі белгілі. Сарапшылар соңғы бес жылда медициналық қызметкерлердің динамикалық бақылауында тұрған науқастар санының төмендегенін айтады. Бірақ есірткілерді инъекциялық түрде қабылдайтын адамдар санының өсу тенденциясы үрей туғызады. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 127 800 адам (2013 ж.–112 740 адам) болып отыр.
Есірткіні инъекциялық түрде тұтыну деңгейінің ең жоғарғы көрсеткіші Павлодар облысында (1,7%), ең төменгі көрсеткіші Атырау облысында (0,3%) байқалады. Сондықтан наркологиялық көмек қызметтерін көрсету тізбесін кеңейту мəселесі елімізде өте өзекті болып тұр. Науқастарды медициналық-əлеуметтік оңалту (МƏО) медициналық жəне əлеуметтік іс-шаралардың кешендік, өзара тығыз байланысты жүйесін құрайды. 2018 жылдың басында наркологиялық ұйымдарда жəне Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының клиникасында 730 төсек-орынға лайықталған МƏО 19 бөлімшесі қызмет етеді. МƏО арналған төсек-орындар тек Солтүстік Қазақстан облысында жоқ. МƏО стационарлық жəне амбулаторлық бағдарламаларына 2017 жылы 11424 науқас немесе есепте тұрған барлық науқастардың 8,4% (2016 ж.–8151 немесе есепте тұрған барлық науқастардың 5,2%), оның ішінде есірткіге тəуелділігі бар 2921 науқас (2016 ж.–1907 адам) қатысты.
- Бүгінде есірткіге тəуелділігі бар əр науқастың мамандандырылған емдеуге жəне өзінің құқығын іске асыру үшін таңдау жасауға кепілдендірілген қол жетімділігі болуы тиіс,- дейді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Николай Негай. - Бұл дегеніміз клиниканы таңдау, әрі тəуелділіктен арылу жолдары да болып табылады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда кәсіпкерлерді тексеру 11%-ға азайғанАл БҰҰ есірткі жəне қылмыс жөніндегі басқармасы штаб-пəтерінің есірткі тұтынудың алдын алу жəне денсаулық сақтау жөніндегі департаментінің басшысы Жилберто Герраның пікіріне сүйенсек, нашақорлық тəуелділікті ғылыми негізделген түрде кешенді емдеу есірткі құралдарын тұтынуға түрткі болатын компульсивтік мінез-құлықты тоқтатуға септігін тигізеді.
- Əрбір араласу–дəрі-дəрмектік жəне психикалық-əлеуметтік көмекті біріктіру сауықтыру үдерісіне өзінің оңтайлы үлесін қосады, - деді ол. - Медициналық қызметкерлер əрбір науқасқа арналған дифференциалдық жəне дербестендірілген терапияны іріктеуге мүмкіндік беретін емдеу əдістерінің жан-жақты жəне кең ауқымды портфолиосына қол жеткізуі тиіс.
Мамандар әлем бойынша мойындалған нашақорлықты емдеу əдістерінің бірі қолдаушы алмастырушы терапия (ҚАТ) болып табылатынын бірауыздан айтты. ҚАТ бағдарламасы біздің елімізде де бар. Алайда бұл бағдарламаға жаңа науқастардың енуіне жəне бағдарламаның кең етек жаюына көптеген кедергілердің келтірілуі алаңдаушылық туғызады. Əлемде бұл терапия нашақорлық тəуелділікті емдеудің ең тиімді тəжірибелерінің бірі ретінде танылған (БДСҰ, 2009; EMCDDA, 2002). Ол əлемнің 106 елінде сəтті қолданылып келеді. Көптеген зерттеулердің нəтижелері ҚАТ-ның тыйым салынған есірткілерді тұтыну көрсеткіштерін қысқартуға жəне АИТВ жұқпасынан қайтыс болу деңгейі мен АИТВ жұқпасының таралу қаупін төмендетуге едәуір ықпал ететінін көрсетеді. Қазақстанның 9 облысында жəне Алматы қаласында алмастырушы терапияның 13 пункті жұмыс істейді. Бағдарламаны іске асырған кезден бастап 2008 жылға дейін науқастардың жалпы саны 1084 адамға жетті. Қазір 322 науқас немесе апиынға тəуелділік есебінде тұрған адамдардың 2,7% ҚАТ бағдарламасынан өтіп жатыр.
Дүниежүзілік есірткіге және заңсыз есірткіге қарсы күрес күні аясында Зияндылықты төмендету жөніндегі Еуразиялық Қауымдастықтың (ЕАСВ) атқарушы директоры Анна Довбах апиынға тəуелді азаматтарды қалыпты өмірге қайтарып, АИТВ жұқтыратындар санын азайтуға және дені сау бала тууына мүмкіндік беретін ҚАТ бағдарламасының Қазақстанда аяқталуына байланысты ҚР Президенті Н.Назарбаевқа және ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Биртановқа аталмыш бағдарламаға қолдау көрсетуді сұраған хат жолдады. Хатқа қазақстандық және шет елдердің 64 ұйымының жетекшілері қол қойған.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="57281,57283,57282,57284"]