Халық саны мен еңбек ресурсының теңгерімсіздігін реттеу мақсатында жүзеге асырылған Ерікті қоныс аудару бағдарламасы жұмыс күші тапшы Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарына көшу жұмыстарын қамтамасыз етіп, сол мекенге сіңісіп кету үшін барлық жағдайды қарастырады. Мамандыққа сай бос жұмыс орындары, қала берді кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік, қаржылай және пәтер жалдауға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Ал, мұндай игілікті пайдалану мүмкіндігіне халық көп шоғырланған Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарының тұрғындары ғана ие.
Осыған дейін де қаламызда бірнеше рет өткізілген Ерікті қоныс аудару форумы осы ретте Павлодар мен Шығыс Қазақстан өңірінің бір топ делегациясымен ұйымдастырылды. Маңғыстау облысына іссапармен келген аталмыш аймақтардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталықтары мен аудан-ауыл әкімдік мамандары Жаңаөзен қаласы, оған іргелес Рахат, Теңге ауылдарында болып, тұрғындармен кездесті. Сәрсенбі күнгі шарада алдымен жиналған көпшілікке бағдарлама, Павлодар, Шығыс Қазақстан өңірлері жайында толық ақпарат беріліп, ол жақтағы қажетті мамандар тізбегі ұсынылды.
Еркін форматта өткен кездесуді қала әкімінің орынбасары Сәнім Танаева ашып беріп, сөз кезегін Павлодар облысының көші-қон басқармасының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Меруерт Есембаеваға берді.
- Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының 3-ші бағыты еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бойынша Сіздердің алдарыңызда ақпарат беруге келіп отырмыз. Делегация құрамында Павлодар облысынан 12 адам бар, бұлардың барлығы халықтың сұрағына тікелей жауап бере алатын ауыл, аудан әкімдері, орынбасарлары мен мемлекеттік бөлім басшылары, - деді М.Есембаева.
Павлодар 3 қаласы мен 10 ауданы бар облыс. Халық саны 760 мыңды құрайды. Өңірде 2017 жылдан бастап жоғарыда айтылған бағдарлама аясында еңбек күшін тарту жұмысы жүргізіле бастаған. Мұндағы мақсат халық саны тығыз, жұмыс күші көп, бірақ жұмыссыздық мәселесі туындап тұрған өлкелердегі халыққа Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарындағы бос жұмыс орындарын ұсыну арқылы әлеуметтік жағдайларын ретке келтіруге көмек көрсету болып табылады. Былтырғы жылы Үкіметтен Павлодар облысына 50 отбасын көшіру үлесі сұралғанымен, жыл аяғына дейін ниет білдірушілер саны артып, барлығы 69 отбасы қоныс аударған. Бұл жайында М.Есембаева: - Әрине, тұрғылықты жерді ауыстыру оңай емес. Сол себепті де, біз өткен жылы қоныс аударушылар көп болмайды деген оймен ең төменгі санмен сұратқан болатынбыз. Биыл көрсеткішті бірнеше есеге арттырып, облыс бойынша 380 отбасын қабылдау межеленді, - дейді.
Қазіргі таңда жоспар 30%-ға орындалған, яғни жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін облыс аумағына 104 отбасы қоныс аударып үлгерген. Бұл көрсеткіште Маңғыстау облысының айтарлықтай үлесі болмаса да, өткен жылы ұйымдастырылған форум нәтижесінде мұнайлы өңірден 3 отбасы көшіп барып, ал биыл 4 отбасы қоныс аударған, 2 отбасы жолда көрінеді. Павлодар облысы жалпы Қазақтанның басты индустриалдық өңірлерінің бірі болып табылады. Республиканың өнеркәсіптік өндірісінің 7%-ы, көмір өндірісінің 70%-ы, ферроқорытпалар өндірісінің 3/4, электр энергиясы мен мұнай өнімдері өндірісінің 40%-ы облыс үлесіне тиесілі. Көмір, электр және жылу энергиясын, алюминий тотығын, ферроқорытпаларды өндіретін алып кәсіпорындар шоғырланған. Биыл облыс көлемінде 22000-нан астам бос жұмыс орны жарияланған, оның ішінде ай сайын 3500 тұрақты бос жұмыс орындары жария етіліп отырады. Тізбеде білім, денсаулық, ауылшаруашылық сала мамандарының қажеттілігі байқалады.
- Былтырғы жылы көшіп келген 69 отбасының 60%-ы жеке меншік үй сатып алды. Отбасылардың еңбекке жарамды мүшелерінің 89%-ы тұрақты жұмыспен қамтылды, балалары балабақша, білім алу мекемелеріне орналастырылды. Бұл бағдарлама халықты республикамыздың бір бөлігінен екінші бір бөлігіне жаппай көшіру емес, еңбек күшін тарту болып табылады. Бағдарлама аясында көшуге ниет білдіруші отбасылардың кем дегенде бір мүшесінің қажетті мамандық иесі болуы талап етіледі. Басқа талап жоқ. 2018 жылдың жартыжылдығынан бастап жалғызбасты адамдарды қабылдау жоспарлануда, - деді М.Есембаева.
Ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында бір реттік әлеуметтік көмек (30 айлық көрсеткіш шамасында), 1 жылдық көмек, егер баспаналы болу көзделсе үй сатып алуға берілетін субсидия, еңбек жасындағыларды жұмысқа орналастыру, мамандығы келмесе иекемі бар салаға оқыту, бейімдеу шаралары қарастырылған.
Сөз соңында, М.Есембаева Павлодар облысы көшіп келем деушілердің барлық талабынан шығатын өңір екенін жеткізді. Оның айтуынша, тамаша мекенде таулы да, нулы да, сулы да, жазықтықты да жерлер жетерлік, яғни жан қалауынша табиғаттың әсем мекенінде өмір сүруге мүмкіндік зор.
Осы айтылғандардың барлығын көзбен көріп, облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тікелей тапсырмасымен еліміздің солтүстік, шығыс өңірлеріне табаны тиген Маңғыстау облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аманғали Нұрдәулетов ерікті қоныс аударуды шетелге емес, кең байтақ Қазақстанымыз арасындағы көшіп-қону деп санаған дұрыс болатынын жеткізді.
- Жұмыс сапары барысында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен оларға қарасты барлық аудан-ауыл аймақтарында болдым. Халықтың тұрмыс-тіршілігі мен Маңғыстаудан көшкен жерлестеріміздің қазіргі жағдайымен таныстым. Көпшілігі үй сатып алып, оған жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сол жақта тұрақтауға кіріскен. Сондай-ақ, біздің өлкемізден көшіп барған мұғалім шама- лы уақыттан соң бір мектептің директор міндетін атқаруға дейін көтерілген. Ауыл шаруашылығымен айналысып, өз кәсібін дөңгелетіп отырғандар да бар. Мұның бәрі қуантарлық жағдай, - деді А.Нұрдаулетов.
Оның айтуынша, қазіргі күні аталмыш өңірлерге облыс бойынша 161 отбасы көшуге ниет білдіріп отыр. Мемлекет қолдау танытқан кезде берілген мүмкіндіктерді жіберіп алмай, бұған үлкен қызығушылықпен қараушылар саны күннен күнге артуда.
Павлодар ауданының әкімі Нұрболат САҒЫНДЫҚОВ:
- Біздің ауданға қарасты 38 мекен бар. Оның 18-і Ертістің бойында орналасқан. Сол себепті, бізде жер шаруашылығы дамыған. Егін (көкөніс) және мал шаруашылығымен айналысуға болады. Ірі қара малдың сүт, ет өнімдерін өндіретін 19 ірі жеке шаруашылық жұмыс істейді. Осы шаруашылықтарға жұмысқа орналасуға болады, не болмаса егінмен айналысам деушілерге 500-ден 2000-ға гектарға дейін жерді төлемақысыз, тегін беріп көмектесе аламыз. Бұл кәсіпке мемлекет тарапынан оқытылып, бейімделеді. Оқимын десе агротехникалық колледжіміз де бар.
Май ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мадина ҚҰСАЙЫНОВА:
- Май ауданы Павлодар облысының оң- түстік-шығысында, қаладан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Облыстағы қазақ- тардың көп шоғырланған, яғни 90%-ы қазақ мекен ететін аудан болып есептеледі. Бізге мұғалімдер, балабақшаларға қазақ тілді тәрбиешілер, дәрігерлер, фельдшер- лер қажет. Егер осы мамандар табылып жатса, аудан әкімшілігі барлық жағдайды қарастырып қойды.
Жазира БАҚСЫЙЫҚҚЫЗЫ