©
Байбоз ата 1732–1818 жылдар арасында осы Маңғыстау ойында, Жем Сағыз бойында, көшпенді Адай ретінде, көшіп-қонып өмір сүрген. Қыдыр дарыған, қырсығы арылған, қоңсыға ары жүр деп тарылмаған, қанағат еткен барыменен, тура бір сөзді, өткір қара көзді, батыл, кеңқұшақ, өрмінез, жайсаң, ажарлы да қажарлы, ағайын арасында ақсақал болып, жөнін айтып, 86 жасында бақилық болған. Екі некеде болып, 12 ер бала, үш қыз көрген. Қазір тоғыз атаның баласы болып аталамыз. Олар: Жылкелді, Бигелді, Арықбай, Өте, Шолпанғұл, Молжігіт, Күмісбай, Қамысбай, Дауылбай.
Байбоздың мал шаруашылығы ортадан жоғары деңгейде болған. Күмбез, қима, кереге тамдарды ата ұрпақтары салдырған. Жантаңат Қаракісі атында ұзындығы 70 шақырым шамасында жал бар. Сол жалға 6 мыңға жуық жылқы өсірген баласы Теміршеге сол жылқының көбін өз еркімен ағайындарға таратып берген, мырза сахи кісі екен. Арықбайдың Бессарысында 12 мыңға дейін қой айдап өсірген Наурыз, Құлажаттар, мың түйе айдаған Демесіндер болған.
1883-1913 жылдар аралығында Байбоздан 8 адам қажылық сапарында болған. Олар: Жылкелді Тұрманбет, Арықбай Сапы, Тахан, Өте Құбұғұл (2 рет), Күмісбай Үбі, Қонысбайлар, екеуінің аты жөні белгісіз болып келген, белгісіз біреуі Алматы архивінен табылды ол Бигелді Қалдыбайдың Көбені екен. Сонымен қасиетті Мекке жерінде Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) елінде Байбоздан екі қажы мәңгілік мекен тапқан. Біреуінің аты белгісіз, екіншісі Құбығыл қажы.
Палуан болып күреспегенмен, құдыққа түсіп кеткен жылқы, түйені бір өзі шығарып ала беретін екі атамыз ертегінің палуандарындай апайтөс күш иесі болған, олар Пәрменбай бапа мен Мәлік әкелеріміздің көзін көрдік, айтқандарын естідік.
Шежіре қарттарымыз болды. Тасмағамбет, Атабай, Ербөлек, менің замандасым Айтбай және басқалар шежіре жинақтауға сүбелі үлес қосқан. Байбоз атадан алғаш кітап жазған, халық ақыны атанған Есенғали аға, жылқы малын түлеткен, бел шешпей түзде түнеткен 1948 жылы «Социалистік еңбек ері» атағын иеленген Жақауов Ақназар, 1890-1974 жылдар арасында өмір сүрген, колхозда мал маманы болып істеген, 1918 жылы, 28 жасында Әліби Жангелдин отрядында 3 ай қызмет еткен Қосшығұлов Жантілеу әкеміз. Осы кәкеміздің апасы Айтаразыдан туған жиеніміз Құнанорыс Жалау Мыңбаев 1888-1931 жылдар арасында өмір сүріп, Қазақстан еліне бірінші басшысы болған адам, ақжарқыл Ақтау қаласының орта тұсында теңіз жағасында, еңсесі биік, алыстарға жол сілтеп, тік бойымен тұр. Халық құрметіне бөленген, адамға бірінші керегі деннің саулығы болса, сол саулықты сыйлаған, Ибрагим Биманов, Еркебай Жақауовты айта аламыз. Екеуі де кезінде Еңбек Қызыл ту орденімен және денсаулық сақтау ісінің үздігі деген бүкілодақтық алтын медалінің иегері деген атаққа ие болған білікті дәрігерлер. Байбоз ұрпағында Отан соғысы ардагерлері, тыл ардагерлері одан бергі біздің замандастарымыз және інілер мен балаларымыз, немерелеріміз еңбек етіп жатыр. Дүнеден өткен үлкендердің заңды жалғасымыз, Құдайға шүкір бармыз!
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Құнды кітап терең зерттеуді қажет етеді1853 жылы қараша айында ел шетіне жау тигенде 44 батырдың 11-і Байбоз ұрпағы екен.
Олар: Ықылас Молжігітұлы, Досмамбет Күмісбайұлы, Мақар Досмамбетұлы, Мәтеу Тоқсанұлы, Мәмбетнияз Тоқсанұлы, Әбіл Сексенұлы, Сапы Бекбасарұлы, Орынбай Қайыпұлы, Бәсен Қалдыбайұлы, Майрамберді Далақұлы, Шопан Жантаңатұлы. Міне, осы әкелеріміз жаудан жесір айырып, жаудың белін қайырып, сағын сындырып, енді келместей қып қуып жіберген.
Байбоз ұрпақтары Жамбоз ағайынмен тату тәтті қатар өмір сүріп келеді. Байбоз ата ұрпағы 1200 үйдің (түтін) үстіне шықты деп есептеп отырмын
Байбоз – Жамбоз аталарым әруақты болып өткен. Ұсынса көктегі толған айға қолы жеткен. Осы ауылдың жігіттері жүрген жерден Сыртқы-ішкі жау беттей алмай алған секем. Сырлап-сипап, құрметтеп, әділ-әдепенен, Біздерді дуадақ ұшқан қос боз төбе деп атайды екен. Күні-түні ойлаймын, ағайын арасы тату болса, Жалғанда араздаспай жүрсе ,араға түспей селкеу. Би-батыр, бай-бағылан, ерің-пірің бәрі бізден, Сегіз арыс Адайым, не кереметтер шыққан тектен. Қысы-жазы Адайларым жалықпай көшіп-қонып Киелі Маңғыстаудың ойын-қырын қылған мекен.
Адайдың жалын атқан отты рухы ұрпақтар арқылы біздерге жетсе керек. Мұңалдың киелі қазан ошағының иесі біздер Бәйімбет-Жандай Байбоз ұрпақтарымыз. Алланың өзі жар болып, қолдағай.
Нұрадин САДАҚБАЕВ, Жаңаөзен қаласындағы Рахат ауылының ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="57291,57290"]