Ұлттық домбыра күніне орай Бейнеу ауданында көптеген мәдени көпшілік шара ұйымдастырылып өтті. Солардың бірі - Тәуелсіздік алаңында өткен «Домбыра-party» атты кеш болды. Көпшілік жиналған бұл мерекелік кеште жастар домбыраны күмбірлетіп, өз өнерлерін ортаға салды. Он саусағын домбырада ойнатқан талантты жастар шанақтан шалқытып күй төкті. Тұрғындар арасынан да ортаға шығып, домбырамен өз өнерін көрсеткендер де болды. Олардың өнерлеріне көрермен қошамет көрсетіп, қол соғып тұрды.
Мерекелік концерттік бағдарлама барысында Бейнеу мәдениет мекемесінің өнерпаздары асқақтата ән салып, бишілер тобы тамаша өнерлерімен көңілді тербеді.
Сахна төрінде домбыра шанағынан төгіліп, күмбірлеген күй атырапқа жайылып, жаңғырды.
Осылайша кешке жиналған жұртшылық қасиетті қара домбыраның құдіретіне тәнті боп, көңілдерін көтерді.
***
Дәл осындай «Домбыра-party» кеші Ақтау қаласында өтті. Жүзге жуық домбырашы теңіз жағалауында ашық аспан астында күй тартты.
Сондай-ақ Қазақстан халықтары ассамблеясының ұйымдастыруымен «Ұлттың саз байрағы - Домбыра» атты акция өтті. Бұл акция әрбір үйдің төрінде домбыра тұру керек деген қазақ дәстүрін жаңғыртуға бағытталған. Әрбір шаңырақта домбыраның күмбірлеген дауысының естілуі үшін 1 шілде күні дүниеге келген республикадағы барлық балаға домбыра сыйға тартылды.
Өз тілшіміз
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ