Астанамыз жиырмада. Жиырма жастағы жас баладай жарқылы бар Елордамыздың келешегі жарқын. Жиырма жастағы жігіттей бойында күш-қуаты тасыған, энергиясы мол, сымбатты, сұлу бас қаламыздың бүгінгі көркі мені қуантады.
Еліміздің жаңадан орын тепкен ордасын көркейту мақсатына орай Президентіміз 2001 жылы «Астана - жаңа қала» деген арнайы экономикалық аймағын құрған болатын. Бұл шара Есілдің сол жағалауына инвестициялар тарту, құрылыста озық технологияларды пайдалану, сондай-ақ қазіргі заманғы инфрақұрылым арқылы құрылысты қарқынды түрде дамыту еді. Сол себепті Астанадағы үкімет сарайлары, құрметті орындар, министрліктер мен қоғамдық ғимараттар аса көрнекті сәулеттік бейнеге ие болып келеді. Осындай ғажап, өзге қалалардан ерекшеленіп тұрған Астанамыздың кескін-келбеті Европа материгінде орналасқан Париж қаласының дәл өзінде жүргендей сезіндіретін шығар. Парижге барғандар ең алдымен Эйфиль мұнарасын іздесе, Астанаға келгендер биіктігі 97 метрге жететін «Астана-Бәйтерек» монументін іздейтін сияқты. Осының өзі әлем төрінен орын алатындай көрініс, шіркін! Бас алаң төрінде бүкіл тарихы - бірігу тарихы болған халқымыздың өмірінде әділ сөзімен, елінің басына ауыртпашылық түскенде шешендігімен, алғырлығымен еліне қорған болған, асқан беделге ие болған дана үш би - Әйтеке, Қазыбек, Төле билер бас қосқан сәулетті ескерткіш орнатылыпты. Көшелері де тап-тұйнақтай, қазақ даналарының есімімен аталады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Баспасөздің бастауы: «Ақкетіктің» алғашқы редакторлары кім еді?Әрине, Астанамыздың болашағы көбінесе 21 ғасырдағы халықаралық, экономикалық, геосаяси және басқа қатынастардың дамуына байланысты болары анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір ғана қазақ халқының емес, бірде Ұлы Дала, бірде Тың игеру немесе Қазақ ССР-і деп әр кезде әрқалай аталған, ал бүгін Қазақстан Республикасы аталатын байтақ өңірді бір кезде мекен еткен және бүгінгі таңда мекендеп жатқан ұлттар мен ұлыстардың «еуразиялық арманын» асқақтатуға бекем бел байлап отыр. Бұл өлке барлық халықтарды бауырына басып, татуластырып қана қоймай, оларды жаңа қауымдастық, жаңа өркениет құру жолында топтастыра білген өлке.
Елорданың өркендеуі еліміздің өркендеуінің белгісі. Ендеше бас қаланың жаңадан қаланып жатқан іргетасының берік болуы да мемлекетіміздің болашаққа нық сеніммен жасар қадамының нағыз кепіліне айналмақ. Келер ұрпақтың да, жастардың да болашағы бір өзіңде. Ал сенің гүлденуің - солардың қолында. Келешегің жарқын болсын, халқымның ақ ордасы - Астана көркейіп, биіктерден көріне бергейсің!
Рима БЕРДИЕВА, С.Қондыбай атындағы мемориалдық мұражай директоры