- Бақтың бұрынғысынан бүгініне дейін қысқаша тоқталып өтсек...
- Қазір Маңғыстау өлкесі, ботаникалық зерттелу бойынша үшінші даму сатысында тұр. Алғаш рет XVIII ғасырдың аяғында Ресей ғалымдарының бастамасымен Кетік қаласынан басталды ғой. Ол туралы мәліметтер Петербург қаласындағы Ботаника институтында сақталған. Екінші – 1950 жылдары кен орындары игеріле бастаған кезең. Өлкеміз шөлейтті болған соң ағаштектес өсімдіктер бізде жоқтың қасы. Үлесі 0,1 пайыз ғана. 1960 жылдары жан-жақтан өсімдіктер әкеліне бастаған, бірақ олар сәтсіздікке ұшырайды. Сол кезде мамандар ғылыми негізсіз бұл жерді көгалдандыру мүмкін емес екенін түсінген. Сөйтіп ол сәтсіздікке ұшырауына байланысты 1962 жылы ботаника институтының жанынан Стационарлық экспедиция құрған. Сол экспедицияны бастап Алматыдан Романович атты ғалым келген. Ол - осы өлкені алғаш игерген кісілердің бірі. Осы өңірге 35 ағаштектес өсімдік түрін енгізген. Оның ішінде біздің табиғи флорамыз, жиде, жыңғыл ағаштары, өзге жерден айлант, аморфо секілді өсімдіктер бар. Бұдан кейін өндірісті игеру кеңірек жүрді. 1972 жылы стационарлы экспедицияның негізінде Ботаникалық бақ құру шешімі шығарылды. Негізінде құжаттар дайындау жұмыстары 1971 жылы басталған. Кеңестер Одағының одан кейін Қазақ КСР-нің үкімдері шықты. Жан-жақтан ғалымдар, мамандар шақырылды. Өткен жылы бақтың 45 жылдығын атап өттік. Бұл уақыт ішінде бақ бірнеше кезеңнен өтті. Кеңестер Одағы құлағаннан кейін қиын заманды да бастан кешті.
- Ол қиындықтарды қалай еңсердіңіздер?
- Қиын кезеңді, құжаттардың бітпеген тұстарын, толықтай рәсімделіп болмауын пайдаланып, біздің жерімізге шабуыл да жасалды. Дегенмен өз ісімізге деген сүйіспеншілігіміз, жауапкершілігіміз оның бәрінен алып шықты. Ғалым адамдар – патриот болады. Айлық алмаса да өз жұмысына барын береді, жоғалтпаудың қамын жасайды. Біз коллекциямызды сақтап қалу үшін аптасына 2 рет келіп ағаштарымызды суарып кететінбіз.
Негізінде бақ Үкімет қаулысымен Ерекше қорғалатын табиғи аймақтың санатында. Жерді заңдастыруға бірнеше рет мемлекеттік комиссия келді. Үй құрылысы басталып қойған соң бізге басқа жерден компенсация жасады. Яғни 34 шағынаудандағы екінші ботаникалық бақ емес, ол – теңгерілген жер. Алып кеткен жердің орнын толықтырып берді. Жердің тартысы 2003 жылдан бастап кешегі 2011 жылға дейін созылды. Сол жылы жердің барлық құжатын заңдастырып, нүкте қойдық. Ерекше қорғалатын табиғи аймақтың заңына сәйкес, ботаникалық бақтың паспорты бар. Паспортта өсімдіктердің тізімі жазылған. 2011 жылы ақпан айында Ғылым заңы қабылданды. Содан бастап ғылым саласының дамуында үлкен ілгерілеу болды. Себебі бізге алғаш рет базалық қаржыландыру берілді.
- Бүгінге ботаникалық бақта қанша қызметкер бар?
- Штат бойынша 97, бюджеттен тыс қаржыландыруды қосқанда 115-тей адам бар. Олардың 40-қа жуығы - ғылыми қызметкер.
- Экскурсияға тұрғындар кез келген уақытта кіре алады ғой?
- Кез келген уақытта. Таңертең сағат 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін. Балаларға – 100 теңге, ересектерге – 300 теңге. Егер экскурсовод сұрайтын болса, оған 500 теңге. Бірақ сенбі, жексенбі күндері экскурсоводтың демалысы болғандықтан, алдын ала өтініш беріп қою керек. Ботаникалық бақтағы коллекцияны көруге, экспедициямен аралауға ешкім тыйым салмайды. Бұл - дүниежүзінде тәжірибеде бар қызмет.
- "Осы ботаникалық бақты паркке айналдыру қажет" деген сыбыстар айтылып жүр. Соған көзқарасыңыз қандай? Жалпы пікірлерге қарасам, кейбірі парк пен бақты шатастыратын секілді. Екеуінің басты айырмашылығы неде?
- Ботаникалық бақ дегеніміз – ғылыми орталық. Оның өзінің стратегиялық бағыты бар. Біздің стратегиямыз Батыс Қазақстандағы шөлейтті аймақта дүниежүзінің геноқорынан алуан түрлі өсімдіктерді, эндем, сирек және жоғалып кетуге айналған өсімдік түрлерін интродукциялау, акклиматизациялау, оны сақтау және қорғау. Соның ғылыми нәтижесін практикаға енгізу. Дүниежүзінің геноқорынан өсімдіктерді әкеліп, биологиясы, экологиясы сәйкес келетін өсімдіктерді жерсіндіріп, сынақтан өткізу. Ол бір күндік дүние емес.
Паркке ғылым анықтап берген сынақ тәжірибесінен өткен биологиялық тұрақты өсімдіктер отырғызылады. Онда халық демалуға, қыдыруға барады. Ол жерде ешқандай ғылым жоқ. Ал ботаникалық бақта ғылым бірінші орында тұрады.
- Қыс мезгілінде суыққа шыдамайтын өсімдіктерге қандай күтім жасалады?
- Қыста жауып қоямыз. Суыққа шыдамсыз өсімдіктер биыл қыста мүлде үскен жоқ, себебі аса суық болмады. Өсімдіктер -15 градусқа дейін суыққа шыдай алады. 2006 жылы қар жауып, аяз болып, ауа температурасы -30 градусқа дейін төмендеген. Ондай жағдай 10-12 жылда бір қайталанады.
- Қазір бақта қанша өсімдік түрі бар?
- 2011 жылға дейін 800-ден астам болатын. Одан бері 1200 түрге жеткіздік. Коллекцияда ең көп таксондары бар туыстар ағаш тектес өсімдіктерден - бөріқарақат, долана, ырғай, үшқат, үйеңкі, алма, алмұрт, өрік, шаған, қарала, бадам, шөптесін гүл тәрізділерден - таушымылдық, қызғалдақ, құрташаш, лалагүл, жуа. Жаңа айтып кеткенімдей, 2011 жылы ғылым заңы қабылданғаннан кейін біз бірнеше жоба жасадық. Өрікке ауқымды зерттеу жұмысын жүргіздік. Қазір бізде өріктің 2 түрі, 19 сұрпы бар. Оның ішінде жақсы өскен сұрыптарды сатуға шығарамыз. Соңғы 6 жылда 3 ғылыми бағдарлама, 12 ғылыми жоба жасадық. Осы ғылыми жобалардың нәтижесінде көп жерлеріміз игерілді, соның ішінде 34 А шағынаудандағы жерде Бақ коллекциясындағы өсімдіктердің 200-ден астамын, ағаш тектес пен гүлді өсімдік түрлерін көгалдандыруға ұсына аламыз және оларды көбейтіп сатып жатырмыз.
- Көбінесе сатып алушылар кімдер?
- Жергілікті мекемелер алады. Қазір жеміс ағаштарына сұраныс көп. Енді биылдан бастап алманың сұрыптарын зерттеп жатырмыз. 29 сұрпы бар. Оның алдында Маңғыстаудың дәрілік өсімдіктерін зерттедік. Оның монографиясы шығуға дайын тұр. Керекті өсімдіктің бәрін мәдениетке енгіздік, коллекцияда бар. Дәрілік өсімдіктер де сынақтан өтіп жатыр.
- Осы жерде сұрай кетейін, тұрғындарға сирек кездесетін дәрілік өсімдіктер қажет болса, сіздерден келіп ала ала ма?
- Бізде олар коллекцияда тұр, сондықтан өте аз. Болашақта кең көлемде көбейту жоспарда тұр. Дәрілік шөптерді сату үшін арнайы құжаттары, сертификат болуы қажет.
- Маңғыстауда қандай өсімдіктердің өсуі қиын?
- Егер өсімдік тұқым байлап, генетикалық тұқым қалдыратын болса, сәтті шықты деп айта аламыз. Мәселен, біз үйеңкінің бірнеше түріне сынақ жүргізіп көрдік. Ыстықта қатты күйіп, жапырақтары қурап қалатын түрлері де бар. Мысалға үйеңкінің ложноплатан түрі. Жапырақ болмағаннан кейін қоректене алмай, өліп қалады. Біз өсімдіктің алдымен биологиясы мен экологиясын қараймыз. Мысалы, таулы, биік жерлердің өсімдігі біздің климатта жақсы өседі. Себебі күнге жақын, ыстыққа төзімді. Алтайдың кейбір қарағайлары күшті аязды, ылғалды талап ететіндіктен мұнда өсе алмайды.
- 39 Га жер дедіңіз. Бұл барлық бақты қосқандағы көлем бе?
- 29 Га осы жерде (10 шағынауданда), қалған 10 Га 34 шағынауданда. Ол жерге Үкіметтен 3 жылдық бағдарлама алдық. Жан-жағы қоршалып, инженерлік құрылымдары жасалды. Қазір 4 Га астам жерді игердік. Аздап ландшафтық архитектура да жасап жатырмыз. Биыл 2018-2020 жылдарға мақсатты бағдарлама алынды, қалған 6 Га жерді осы жылдар аралығында игереміз деген ойдамын. Себебі жоспар бар, не отырғызатынымызды білеміз. Ботаникалық бақтарда қоғамдық, коллекциялық, тәжірибелік, өндірістік, экспозиция деген секілді бірнеше зона болады ғой. 34 шағынаудандағы бөлікті негізінен адамдар аралайтын қоғамдық зона қылмақпыз.
- Қазір қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Бақтың қандай жаңалықтары бар?
- «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында 3 компьютерлік бағдарлама жасалынды. Біреуі – табиғат флорасы жайлы мәлімметтер базасы «BD-PLANT-KZ». Бірі – «DInCeR» бағдарламасы. Ол ботаникалық бақтардың коллекциясын тіркеуге алу, оны бағалау, интродукциялық құндылығын көрсету қызметтерін атқаратын электронды жүйе. Үшіншісі – жалпы көгалдандыру эстетикасын сипаттайтын «PLANT-EST-KZ» бағдарламасы.
Есенов университетінің ғылыми мамандарын да жобамызға тартып жатырмыз. Оқу орнының жанынан студентерге әдістемелік білім беретін шағын ботаникалық бөлім жасағымыз келеді. Университет ғалымдарын тартып, ботаникалық учаске жасап, оқу орнының алдын өсімдіктермен көмкермек ниетіміз бар.
Бағдарлама аясында мономәдени учаскелер жасақтап жатырмыз. Қазір ол учаскені көруге халық жиі келеді. Қызғалдақ, құртқашаш, таушымылдық лалагүл секілді гүлдердің бірнеше түрін өсіреміз. Қызғалдақтың 200 сұрпы бар. Оның ішінде «Назарбаев», «Қазақстан» атты сұрыптары бар. Голландияның ғалымдары алған Нұрсұлтан Назарбаев атындағы қызғалдақ жуашықтарын Қазақстанның 25 жылдығында Нидерланды елі сыйға тартып, Қазақстанның ботаникалық бақтарының коллекциясына берілді. Біз оны мақтанышпен айта аламыз.
Сондай-ақ фенологиялық компьютерлік бағдарлама жасақтау да жоспарда. Бұл – өсімдіктің даму ырғағы. Көктемде бүршік жарды, бүршіктен жапырақ шықты, шанақ (бутон), одан гүл келді. Тұқым байлады, ол піскен соң жапырағын тастады деген секілді фенофаза бар. Олардың арасында да қаншама саты бар. Осының барлығының уақыты белгіленеді. Осы сатылардың көп жылдық ақпаратын талдап, үлкен ғылыми болжам жасау үшін қолмен санап шығу өте қиын. Сондықтан біз компьютерлік бағдарлама жасақтап жатырмыз. Ол аяқталса біздің жұмысымыз әлдеқайда жеңілдейді әрі уақыт үнемделеді, мониторингтен алынған ғылыми мәліметтен климаттың өзгеруіне, өзге жерден әкелінген өсімдіктердің бейімделуіне диагностика бере аламыз.
Одан бөлек алма ағаштарының сұрыптарын зерттеу, бақты дамыту жолында жобалар жасалып жатыр. 2011 жылдан бері он шақты ғылыми жоба, 3 бағдарлама жасадық. Мәдени өсімдіктердің жабайы туыстарын зерттедік. Батыс Қазақстандағы Маңғыстау, Атырау; Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарың флористакалық аудандарынан мәдени өсімдіктердің жабайы туыстарын зерттеу бізге тапсырылды. Біз төрт облыстан олардың тұқымдарын әкеліп, ұзақ және орташа сақтау үшін лабораторияға жасақталды және кейбір түрлерін коллекцияға енгіздік. Олардың ішінде сирек кездесетін түрлері де бар. Дәрілік өсімдіктердің фитохимиясын, жалпы биологиясын зерттеуге де ғылыми жоба бар. Сирек кездесетін, өте қиын көбейетін өсімдіктерді биотехнологиялық әдіспен көбейту бойынша ғылыми бағыттар бар.
Былтыр Ғылым қорының 2017-2020 жылдар аралығында ғылыми нәтижелерді коммерциализациялау бойынша жарияланған конкурсы бойынша контейнерлік әдіспен көгалдандыруға ұсынған өсімдіктерді өндірістік масштабта көбейтуге арналған жоба мақұлданып, биылғы жылы бірнеше ағаш тектес өсімдік түрлерін көбейтіп сатып жатырмыз. 4 жылға 93 миллион теңге қарастырылды. Бұл жоба бойынша заманауи автоматандырылған жылыжай, субстрат араластыратын, оны ыдыстарға салатын жабдықтар сатып алынды. Осы жоба бойынша перспективті практикаға енетін өсімдіктерді өндістік масштабта көбейтуге мүмкіншілік берді. Биыл екінші жыл. 1 Га жерге толығымен контейнерлік көшет жай қойылды. Контейнерлік әдіспен көбейген өсімдіктерді жыл бойы отырғыза беруге болады, біз осы өнімді жыл бойы сатуға мүмкіншілік алдық. Бұл өзімізді өзіміз қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік береді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Батагөйлер сайысында жаңаөзендік ақсақалдар жүлдегер атанды- Бақта көрмелер, халық келіп тамашалайтын шаралар ұйымдастыру жоспары бар ма?
- Жоспарымызда ғылыми бағдарламаның бір міндеті мономәдени өсімдік бөлімшесін жасақтау тұр. Дүниежүзінің тәжибесінде маусымдық өсімдіктерге көрме өткізу жыл сайын болып тұрады. Мысалы жыл сайын Мәскеуде, Санкт Петербург қалаларында 20 маусымда таушымымылдық, құртқашаш өсімдіктерінің түрлеріне, сұрыптарына көрме өтеді. Түркия елінде қызғалдаққа шаршы метрлеп көрме жасайды. Ялтада қыркүйек-қазан айларында «Хризантема балы» өтеді. Біз де болашақта сондай көрмелер ұйымдастырғымыз келеді, бірақ ол үшін өсімдіктер сынақтан өту керек. Сондықтан экспедицияға жиі шығып, табиғи флорадан, басқа ботаникалық бақ коллекцияларынан осы мономәдени өсімдіктердің алуан түрін, сұрыпын тартып, зерттеу жүргізудеміз.
- Жұмысты жаныңызды салып жасайтыныңыз байқалып тұр. Қаншама өсімдіктің атын шатаспай, жатқа айтасыз. Бұл салаға қызығушылығыңыз ерте кезден пайда болды ма?
- Мен ғылымды бала кезімнен жақсы көрдім. Патриот болу керек дедім ғой. Өз ісіңнің фанаты болмасаң, онымен айналысудың қажеті жоқ. Өтірік келіп-кетіп жүрудің қажеті жоқ. Ғылымды сүйгенде ғана сен одан нәтиже көресің. Мен неге өзім экспедицияға шығып кетемін? Болашақта ғылыми идея беру үшін, табиғатта, флорада қандай өзгерістер бар осынның бәрін өз көзіммен көргім келеді. Ғылыми жұмыста күн демей, түн демей, жүреміз. Ғылымға берілмесек, олай жүрмес едік.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="53004,53005,53006,53007,53008,53009,53010,53011,53012,53013"]