Дәстүрлі қазақ әндері мен жыр-термелерін орындаушы, Маңғыстау аймағының төл тумасы Әсет Ақниязов Маңғыстау ауданының Шайыр ауылында өмірге келген. Қазір Қарақия ауданы, Құрық ауылында тұрады.
Басқа қонған бақ тәрізді, өнердің де араға ондаған, жүздеген жылдар салып қонатын өзінің бір иесі болады. Ауызекі орайы келгенде той-томалақта «әу» дей салатын әнші қай жұртта да бар. Ал шын әншілік өнер туралы әңгіме басқа, оның орны – бөлек бір әлем. Бүгінгі жазылғалы отырған мына шағын әңгіме, солардың бірі тау бойындағы Шайыр ауылында өмірге келген Әсет әнші жайлы еді.
Қашаннан малбегілікті кәсіп қылған Ақнияз шалдың қонысы – Қаратаудың күншығысы Шайыр ауылының төңірегі. Әсеттің әкесі Түзелбай қашан зейнеткерлікке шыққанша атакәсіпті жалғастырып күнкөрісін шаруадан тапты. Елде жүргенде Түзелбайдан тарайтын бір үй толы бала-шағаның әнге жақындығы сөз болғанда ауыл адамдарының «Бұларға өнер нағашысы Әбдіден келіп жатыр» деп отырғандарын талай құлағым шалған-ды.
«Ол рас әңгіме, менің әкем Түзелбай ол өнердің жолына түсіп серілік құрмағанымен әжептәуір даусы бар әнші еді. Әншілік оған нағашысы атақты ел арасында «Әбдінің сазы» деген саз туындысының иесі Әбді деген кісіден жұғысты болған, ал маған келсек мен өзім жеті қайқының бірі Жылкелдінің жиенімін» деп Әсет әншінің өзі нүктесін қойып айтқан. Қашаннан көзі қырағы, сөйлеп кетсе сөз білетін, даланың небір сұңғыла сөз иелерінің дуалы аузынан шыққан сөз асылдарын зердесіне тоқып өскен Түзелбай шалдың бір аңғарғаны, ойын баласы болса да осы бір қарадомалақ ұлдың бойындағы жойқын өнердің ұшқыны еді. Қай қазақтың қайқысы мен серісі өнердің оқуын тауысып әнші атанып еді, сол айтқан Түзелбай әулетінде де әнші қарадомалақты өнердің өз жолына салу төңірегінде әңгіме өрбіп жарытқан жоқ.
1992 жылы дәм айдап өнер сапарымен Маңғыстауға келген атақты күйші Қаршыға Ахмедяров бір өнер додасында әнші баланы көзі шалып қалады. Қайда да қазақ өнерінің күйін күйттеп жүретін азамат аға, сәйгүліктің тұрқынан танитын сейістердей әнші Әсетті жақын танып-біліп оған өзінің ұсынысын айтады. Талантты қазақ баласының далада қалмай саз ілімінен хабардар болып жоғары арнайы білім алуына жағдай жасап қолұшын береді. Сөйтіп, шаруада жүрген Әсет Қаршыға ағаның шақыруымен Алматыдан бір-ақ шығады. Сол кездегі бас қаладағы Құрманғазы Сағырбаев атындағы Ұлттық консерваториядағы Ғарифолла Құрманғалиевтің әншілік мектебінен дәріс беріп жүрген әнші Сәуле Жанпейісованың класына қабылданады. Қазіргі қазақ өнерінің жұлдыздары Мейрамбек Беспаев, Елдос Еміл, Тоқтар Серік сияқты жігіттермен бір бөлмеде жатып студенттік жылдардың алғашқы күндерін өткізеді. Қазақ жеріндегі толып жатырған «Мұхит мектебі», Жетісу мен Арқа өңірі, Сыр сүлейлерінің әншілік мектептерінің сан алуан ән айту әдістерін үйренумен машықтанады.
Ұлы Қадыр ақын бір сөзінде «ақын мен өнер адамы дүниеге келгенде оның даңқы қоса дүниеге келді» деген-ді. Әсет әншіні сол атақ өзі-ақ іздеп тапты. «Маған арнайы үкіметтен өнер иелеріне тиісті атақты алуды бұйыртпаса да, қазақ жерінде өтетін ән додаларынан алатын жүлдеден құралақан қалғаным жоқ. Өнер адамына ең маңыздысы халықтың саған деген шын ықыласы мен қатысқан сайыстарымның бәрінде сол мені көкке көтеріп жіберді.
1991 жылы Қашаған ақынның мерейтойында, көп ұзамай сол жылы Нұрым жыраудың алқасында алғашқы орындарды иелендім.Сол жылы Базар жыраудың Қызылорда қаласында өткен халықаралық жыршылар сайысында тағы біріншіге шығып мерейім үстем болды. 2009 жылы «Маңғыстау жұлдыздары» байқауында дәстүрлі ән номинациясы бойынша Гранпри жүлдесін жеңіп алдым. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев ағамыздың 70 жылдық мерейтойында да сол Гран-при жүлдесін қанжығама байлағанмын.
1996 жылдың мамыр айында өткен жеті қайқының бірі Жылкелдінің атындағы дәстүрлі ән сайысында да топ жардым», – деді Әсет әнші, әңгіме әншіліктен алған жүлде төңірегіне ойысқанда. Сөз арасында өзінің «Каспиймұнайқұрылыс» деген кәсіпорында қызмет жасағанын айтты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Екі елдің және кедендік одақтың құрметті азаматыМаңғыстаудың жеті қайқысы, анау Оралдан ән оздырған әнші Мұхит, Арқаның салсерісі Әсет пен Біржан, күні кеше өмірден өткен Ғарифолла Құрманғалиевтер әншілігімен қатар өз жандарынан әуен шығарып небір ән жауһарларын дүниеге әкелген. Адамға қонған табиғи дарынның тек біржақты болып қалмай баса-бас беріле салатыны еске түскенде ол қасиеттің де Әсет әншіні айналып өтпегендігі. Қазаққа белгілі әнші Тамара Асар орындап жүрген «Аққу арман» (сөзін жазған Анар Шамшадинова), Гүлнәр Шәмшиеваның сөзіне шығарған «Қаракөз қыз» және өз сөзіне жазған «Сезім серпіні» деген әндері қазақ жерінің қай түпкіріне барсаң да шырқалып жатады.
Кешегі қайқылардың сарқыты, солардан қалған Маңғыстаудағы дәстүрлі әндердің ұрпақтан-ұрпаққа саф алтындай тот баспай қаймағы бұзылмастан жетуіне біркісідей домбырасын жастанып еңбектеніп жүрген әнші Әсет Ақниязов жайында азғана қағазға түсіріп сізге баяндап бердік. Қаншама зауал келсе де ел жадынан сүртіліп қалмай келген бабалардың ән аманатын бізге жеткізіп жүрген өз асылдарымыздың да барлығына мың тәубе дей келіп оларға тағзым етеміз! Қамал бұзар қылшылдаған қырықтың белортасына жақындаған Әсет жігіт үлкен өнер жолында желің оңынан тұрсын!
Ерекен ҚОРАБАЕВ