Мінекей, санаулы күндерден соң Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесі де келеді. Жеңіс күні - соғыстан оралмай қалған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, ал арамызда қалған аз ғана ардагерлерге құрмет көрсетіп, ерлігіне бас иетін күн.
«Ер бақыты - ел қолында, ел бақыты-ер қолында» деп батыр бабамыз Б.Момышұлы айтқандай, ардагерлер бейбітшілік пен тыныштық, баянды өмір орнатқандар.
Солардың бірі - Тұяқова Сәнбалаш Сүйенішқызы 1925 жылы Тұщықұдық ауылында туған. Сегіз жылдық мектепті бітіріп, ауылда арнаулы мамандығы болмаса да, 1941-1950 жылдар аралығында мектепте бала оқытады. Сұрапыл соғыс жылдардың қиындығы мен қолында қалған енесінің, балаларының жауапкершілігін мойнына алған ол небәрі 16 жасында ауыл балаларына қолынан келгенше сауат ашуға көмектесіп, хат танитын дәрежеге жеткізеді. Балалықтың бал дәміне қанбай өскен балаларға рухани қолдау білдіріп отырды. Бірі әкесін, бірі ағасын майданға аттандырып, бірі ауылда қалған анасының көрген қиындығына жандары ауырып жүрген оқушылардың көңіліне демеу бола білді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда түнгі соттар жұмыс істей бастайдыС.Тұяқова сол кездердегі елдің басына түске қиыншылықты күрсіне еске алады.
«Кеңес халқының фашистік Германияға қарсы күресі көптеген материалдық күшті керек етті, еңбекке жарамды миллиондаған адамды еңбегінен айырып, партизандық күреске аттандырды. Сұрапыл соғыстың халық ағарту ісіне тигізген әсері де аз емес. Мұғалімдер мен оқушылар қорғаныс жұмыстарына, мал бағу, отын-су тасу, дәрі-дәрмектер жию сынды жұмыстарға жегілді. Мектепке келетін балалардың ішінде де тек еңбекке жарамсыздары, жасы кішілері ғана келетін. Ал үлкендерін түрлі жұмыстарға жекті. Қаншама адамнан айырылса да, халқымыз опасыздықпен соқтыққан, аранын ашып келген ажалға тайсалмай, қарсы шығып, ерліктің үлгісін көрсетті. Кеңес солдатының ерік–жігері, қайтпас қажыр-қайраты, төгілген қаны арқылы, тыл еңбеккерлерінің күні-түні тыным таппай, тәуліктеп нәр татпаған табандылығы мен төзімділігі арқылы жеңіске қол жеткізді», - дейді ардагер ана.
Ардагердің сұрапыл жылдардағы естеліктері осылай өрбіді. Ұстаздық еткен жылдардан кейін ол 1980 жылға дейін ауылдық амбулаторияда кіші қызметкер болып жұмыс жасады. Бұл күнде еңбегі еленген, балаларының қызығына кенелген ардагер ұстаз немере-шөберенің қолынан дәм татып отырған жайы бар. Қиындық көрсе де, қарттық жеңсе де балаларының алаңсыз күніне шүкіршілік етеді. Иә, бір кездері тағдырдың бейнетіне кезігіп, талай қиындықты бастан өткерсе де, бүгінгі тыныш заманды көргеніне қуанады. Ұлы Отан соғысына қатысқандар тәуелсіздік үшін күресіп, оны өздері көре алмаса да, ұрпағына сый қып тартты. «Ұрпағымыз егемен елдің ертеңін алаңсыз қарсы алсын» деді. Ендеше бүгінгі ұрпақ еліміздің Тәуелсіздігінің жолында төгілген терге қарыздар!
А.РАХМЕТОВА