Сұрапыл соғыс жылдары тылда қызмет еткен еңбеккерлердің еңбегі, жеңісті жақындатуға қосқан үлесі аз емес. Майданға аттанған солдаттардың ас-суын, киім-кешегін уақытылы жеткізумен қатар ауылда қалған үлкен кісілер мен шиеттей бала-шағаның қамын қоса арқалап, тылда еңбек еткен жандардың бірі - Шебір ауылының тұрғыны Таңжар Жексенов.
Мақала кейіпкері Таңжар Жексенов - бүгінде өзінен тараған 3 ұл, 5 қызынан 36 немере-шөбере сүйіп отырған ата. Өткен қиыншылықтардың қайтарымы ретінде қазіргі таңда балаларының ортасында өмір сүріп отырғанына шүкіршілік етеді. Жастық шағының алаңсыз күндерін ұрлаған сұм соғысты есіне де алғысы келмейді. Жеңіс таңын жақындатуға атсалысқан тыл еңбеккерінен еңбек жолы туралы сұрағанымызда:
- Ол кездегі халықтың басынан кешкен қиындығын айтпаса да түсінікті шығар. «Қайтсек жерімізді аман алып қаламыз, қайтсек жеңіске жетеміз?» деп күні-түні дамыл таппай, еңбек еткен азаматтардың ерлігінің арқасы ғой барлығы. Қазір тыныш заман, дамыған елде өмір сүрудеміз. Балаларымыздың ұйқысы тыныш. Оған да шүкір. Ол кезде мектеп жасындағы ересек балаларға дейін Ұлы Жеңіс үшін жанқиярлықпен еңбек етті. Біздің балалық шағымыз ауыр еңбекпен, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен өтті. Ал оның көп балалардың денсаулығына тигізген кері әсері аз болған жоқ. Мені әкем 4-сынып оқып жүргенімде оқудан шығарып алды да, мал бақтырды, ойын баласы болсам да, жылқы бақтым. Қайбір ересектей күшім бар дейсің, сәл нәрсені келістермесем, жазаланып та жүрдім. Сұрапыл соғыс жылдары ауылдағы малға бас-көз болдық, бала болып ойнап, бала болып еркелеп те қарық қылмаппыз. Соғыс бізді ерте есейтті. Содан бері мал шаруашылығымен айналысып, 1993 жылы зейнетке шықтым.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ауыл шаруашылығының ахуалы қандай?Ұлы Отан соғысына қатысушылар жоғары құрметке лайық. Қазір соғысқа қатысқандар да, тылда ауыр жұмыс атқарғандардың да саны сиреп барады. Сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталғанына 73 жыл толса да, оның салған жарасы - жүректе. Соғыс зардабына жететін зардап жоқ шығар. Аш құрсақ болғанымыз да рас, жалаңаш болғанымыз да өтірік емес. Есесіне қарнымыз аш болса да, рухани тоқпыз, киіміміз жыртық болса да, мақсатымыз бүтін еді. Сол мақсаттың арқасында жеңіс туын желбіреттік. Елімізді, жерімізді жаудан арашаладық. Ендігі жерде еліміз жамандық көрмесе екен деймін, балалар балалық шағының қызығын көрсе, үлкендер сол немере-шөберелерінің қызығына тоймай отырса деп тілеймін, - дейді ардагер.
Әр күнгі тілегі «Еліміз аман болсын» деп отыратын ақсақал - ауылдың жол бастар ақылшысы. Иә, Алла тілегіңізді берсін. Елімізде бейбітшілік болсын, бейбіт елдің ұландары көк байрағымызды көтере берсін. Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген, оқ даусы мәңгілік жойылсын!
А.НОҒАЙХАН