©
Ұлы Отан соғысы - Кеңес Одағы халықтарының тарихындағы қасіретті кезең ғана емес, сонымен қатар ол халқымыздың теңдесі жоқ батырлығы мен қажыр-қайратының, бірлігінің дәлелі.
Жер бетіндегі барша адамзатты қатты алаңдатып, тарихта ерен ерліктің үлгісін көрсеткен жалынды жас жауынгерлердің бейнесімен есте қалған екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына биыл 73 жыл толып отыр. Бұл – Кеңес Одағы халықтарының ержүректігі мен төзімділігін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқасып, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл күнді өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, күні-түні мал бағып тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл күнді өздерінің ағалары мен әкелері қанын төгіп, жанын қиып, бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы Жеңістің құрдастары тойлайды. Бұл күннің толғағы ащы болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да бұл - Ұлы мереке.
Мереке қарсаңында Маңғыстау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманқос Ертілеуовпен кездесіп бірнеше сұрақ қойған болатынбыз.
- Маңғыстау ауданы бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тылда еңбек еткендердің саны күн санап азайып бара жатыр...
- Ұлы Отан соғысы басталғанда Гурьев облысының Маңғыстау ауданында 46480 адам тұрды. Әскери бөлімдердің, әскери комииссариаттың күшімен жер-жерде әскери жасақтар құрылды. Біздің ауданымыздан 1 батальон, 5 рота, 16 взвод, арнаулы тапсырмалар орындайтын 4 взвод, байланысшыларды, граната лақтырушыларды, атқыштарды дайындайтын взвод құрылды. Соғыс кезінде Гурьев облысының Маңғыстау ауданынан майданға 6 мыңнан астам жауынгер аттанып, олардың 4800-ге жуығы елге оралмады. Тірі қалған мыңнан астам майдангерден қазір көзі тірі Тіленбай Телбаев және Даражат Қожанов деген екі ардагеріміз бар. Ал енді тылда еңбек еткендерге теңестірілгендермен қоса есептегенде 100-ден аса ардагер бар. Олардың 30-ға жуығына 2016-2017 жылдары көше аттары берілді. Бұл іс әлі де жалғасуда.
- Ел басына күн туған кезде көзсіз ерлік көрсете білген ардагерлерімізге қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Құрмет демекші, ардагерлерге қазіргі таңда мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетілуде? Үкімет тарапынан болып жатқан қамқорлыққа көңіліңіз тола ма?
- Ардагерлерге құрмет көрсету – мемлекет саясатының, жергілікті атқарушы биліктің басым міндеттерінің бірі. Дегенмен тыл ардагерлеріне көрсетіліп жатқан көмектердің көкжиегін әлі де кеңейте түссе дейміз. Себебі ардагерлердің санаторийлерге, арнайы демалыс орындарына барып, денсаулығын күтуіне жағдай жасалмаған. Күні кеше облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген мәжілісіне қатысып келіп отырмын. Онда да осы пікірлер айтылды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төленов Қызылордаға барған сапарында тыл ардагерлеріне ауруханадан 50 орын бөлініп, таңертеңнен кешке дейін ем-домын алып, 4 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілетіндігі айтылған. Сол мәселе біздің де облыс әкімінің назарына беріліп отыр. Біз де Маңғыстау аудандық ауруханадан күндізгі ем алуға аз дегенде 10 орын бөлінсе деген өз ұсынысымызды айтып кеттік. Сонымен қатар аудандық ауруханада есепте тұрған тыл ардагерлері тегін дәрі-дәрмектерін алып отыр. Осындай игі істер өз нәтижесін берсе деген ниеттеміз.
- Өзіңіз төрағалық етіп отырған Маңғыстау аудандық ардагерлер кеңесі құрамында тыл ардагерлері бар ма?
- Иә, ардагерлер кеңесі құрамында тыл ардагері болып теңестірілген Орынбаев Итемген, Үбінайұлы Едіге деген ақсақалдар бар. Маңғыстау ауданының қалыптасуына талай жыл еңбегі сіңген бұл кісілер қазір бейнетінің зейнетін көріп отырған жайы бар. Ауданда болып жатқан оқиғаларға, кез-келген үлкен істерде өздерінің ақылын айтып, кейінгіге жол сілтеп отырады.
- Тыл ардагерлерінің ерен еңбектерін жас ұрпаққа насихаттау бағытында сіздердің тараптарыңыздан қандай қызметтер атқарылып жатыр?
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Құрылысы он жыл жүрген «Аққу-1» кешені пайдалануға берілмек- Жоғарыда айтып өткенімдей, олардың ерлігін қалай мадақтасақ та жарасады. Біз аудандық жастар орталығымен бірігіп, мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырып тұрамыз. Ондағы мақсатымыз - жастарға өздері өмір сүріп жатқан қазақ елінің егемендік алу жолында күрескен ата-бабаларының ерлігін, батырлығын насихаттау, өздері арамызда жоқ болса да аттарын, еңбектерін ұрпаққа үлгі ету. Кездесу барысында майдангерлердің өмір жолы, бастан кешкен қиыншылықтары туралы баяндалады. Жастар да өз тараптарынан сұрақтар қойып, пікір алмасады. Осындай шаралар ауданға қарасты барлық ауыл мектептерінде де болып тұрады. Сондай-ақ әр ауылда боздақтардың есімдері жазылған ескерткіш тақта орнатылды, жыл сайын 9 мамыр күні сол жерде түрлі шаралар, шерулер ұйымдастырылып тұрады.
- Биылғы Жеңіс мерекесіне дайындық қалай жүріп жатыр?- Маңғыстау ауданында жыл сайын Жеңіс мерекесі жоғары деңгейде тойланып жүр. Биылғы жылы да өз дәрежесінде тойланады деп ойлаймын. Өткен жылы біз мереке қарсаңында аудандық спорт бөлімімен бірігіп, соғыс ардагерлерінің құрметіне турнир өткіздік. Биыл Н.Жұбаев атындағы орта мектептің алдына өмірден өткен ардагер ұстаз Ж.Байназаровтың ескерткіш тақтасын қойғалы отырмыз. Сондай-ақ биыл 80 жасқа толған А.Қуанбаев, Е.Үбінайұлы, А.Жұмағалиев, Т.Қожанбетов сияқты ардагерлер облыстық ақсақалдар кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталды.
- Әңгімеңізге рахмет!Сұхбаттасқан А.АХТАШОВА Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН