©
Тәуелсіз мемлекетімізде ата-бабамыздан қалған қазынаның бірі - салт-дәстүріміз. Арада қаншама ғасыр, қаншама жыл өтсе де, тарихтың жаңа парақтары ашылса да, ата-бабаңнан мұра болып қалған салт-дәстүрді ұмыту өткеніңді, тарихыңды ұмытумен пара-пар. Ендеше өскелең ұрпақ бойына ата салтымызды дарыту, қазақи ырымдарды түсіндіру, ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындарымызды, жоралғыларымызды үйрету үлкеннің міндеті болмақ. Осындай мақсатта Маңғыстау ауданы Тұщықұдық ауылында 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ата салтымыз – асыл мұрамыз» көшеаралық сайысы өтті. Село әкімі аппаратының, ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен мәнді шараға ауыл тұрғындары түгелдей атсалысты.
Өздерін таныстыру кезінде көшелерінде тұратын қарттарды, ауылға, ауданға еңбегі сіңген ардагерлерді, ұстаздарды тіпті көше бойында орналасқан нысандарға дейін жырға қосқан қатысушылар көптің ықыласын аудартты. Ауылдағы ақ жаулықты әжелер халық әндерін шырқап, дәстүрімізді дәріптейтін сахналық көріністер көрсетті. Тіпті, ұлттық бұйымдар көрмесінде ілінген әжелеріміздің қолынан шыққан дүниелер көздің жауын алады. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін атсалысқан сайыста ұлттық ойындар салтанат құрып, ауыл іші мәре-сәре болды.
Тұщықұдық ауылының ақсақалы Л.Айтанов, ауыл әкімі аппаратының бас маманы Қ.Жұмағұлова, кітапханашы Ә.Жиенбаева, ұстаз А.Сисенбаева көптің көңілінен шыққан көше тұрғындарының бағасын беріп, қазылық танытты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мал жайлаған Маңғыстау (ФОТО)Сайыс нәтижесінде Айдар ишан ата көшесі «Білімді көше», Шотан Назарұлы көшесі «Шеберлер көшесі», Қалмырза Жұмалиев көшесі «Ісмерлер көшесі» номинациясын жеңіп алса, көптің қошеметіне бөленген, әр бөлімде жоғары ұпай жинап отырған Сисен Әбдірахманов көшесі бас жүлдені жеңіп алып,
«Өнерлі көше» номинациясын иеленді. Қатысушыларға ауыл ақсақалдары бата беріп, әрқашан осындай жақсы жетістіктен көріне беруге тілектестік білдірді. Ауыл тұрғындарының ұйымшылдығына, ауызбіршілігіне сүйсінген көпшілік сайыстан тамсана тарасты.
А.НОҒАЙХАН