Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысының «Таза табиғатпен – ядролық қарусыз ғасырға» атты аймақтық ғылыми конференциясы өтті.
Облыс әкімдігі, өңірлік коммуникациялық қызмет, табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы және «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысы Батыс филиалының бірлесуімен өткен шараға экология, медицина, радиология саласының білікті ғалымдары, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының ардагерлері, табиғатты қорғау прокуратурасы, экология департаменті және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференция жұмысына арнайы қатысқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеев ядролық қарусыз қоғам құрудың маңыздылығы туралы сөз сөйледі.
«Құрметті конференцияға қатысушылар, қонақтар, киелі Маңғыстау жеріне, қасиетті бабалар еліне қош келдіңіздер. «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысы кезінде Олжас Сүлейменов ағамыздың бастауымен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен көтерілген еді. Бүгінгі салтанат құрған бейбітшілік заман осындай қозғалыстың нәтижесінде орнады десек артық айтпаған болармыз. Елбасы өзінің Жолдауларында, бағдарламаларында еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық күн тәртібіндегі ең маңызды міндет екенін айтып келеді. Сондықтан біздің өңірде өтіп жатқан конференцияның үлесі Елбасының саясатын, жүктеген жауапкершілік-міндеттерін жүзеге асыруға септеседі. Еліміз әлемдік деңгейге ядролық қарусыз держава ретінде адамзат қоғамына қауіпті қарудан ерікті бас тартатынымызды білдіріп, кезінде БҰҰ мінберінде Елбасымыз бүкіл әлем алдында еліміздің бейбіт өмірді қалайтынын, тұрақтылықты мақсат ететінін мәлімдеп, осыған әлем халқын, барлық мемлекеттерді шақырған еді. Бүгінгі шара – осы ұлы мақсаттардың дәстүрлі жалғасы. Барлығымыз бұл міндеттерді жерлестерімізге, ауылдастарымызға жеткізіп, ядролық қарудың қауіпқатерін түсіндіруіміз керек. Қазіргі сын-қатері көп заманда өздеріңіз күн сайын естіп-біліп жүрген Таяу Шығыс, Сириядағы жағдайлар, әлемде болып жатқан қақтығыстар мен дағдарыстар әрбірімізге ой тастайды. «Адамзат бір-біріне не үшін қару алып, кім үшін, не үшін соғысқа шықты, ядролық қарудың залалы қандай?» деген сұрақтар көкейге келеді. Конференция осындай келеңсіз әрекеттердің алдын алуға бағытталып отыр. Өздеріңізге мәлім, Солтүстік Корея бүгінгі таңда ядролық сынақтар өткізуді тоқтатып отыр. Мұның өзі – үлкен жетістік. Бұл әлемдік деңгейдегі проблемалардың оң шешіліп келе жатқанын көрсетеді», – деген облыс әкімінің орынбасары өңірдегі экологиялық ахуалға тоқталды.
«Қошқар ата» көліндегі жағдай баршаңызға белгілі. Бұл мәселе ондаған жылдардан бері елдің көкейінде жүрді. Елбасымыз өткен жылы облысымызға келген кезде осы залалды көлдің мәселесін мемлекет бақылауына алдырып, қаржылық шешімін шығарды. 17 миллиард теңге қаражат рекультивацияға, яғни бүлінген жерлердің құнарлылығын қайта қалпына келтіріп, оны халық шаруашылығына пайдалануға беру және қоршаған ортаны жақсарту үшін жүргізілетін кешенді жұмыстарға бөлінді. Биылғы жылдан бастап осы қаражаттың 2 миллиарды қарастырылып, іс-жоспар құрылды. Бұл дегеніміз – жергілікті халықтың өмірін жақсартуға жасалған үлкен қамқорлық. Ендігі мәселе – зиянды қалдықтар. Маңғыстау мұнайлы өлке болғандықтан, облыс аумағында әртүрлі мұнай өндіруден шыққан қалдықтар 100 млн. тоннадан асып отыр. Күн тәртібіндегі кезекті міндет – осы қалдық заттарды жою", – дейді Руслан Сакеев.
Маңғыстаудағы экологиялық жұмыстар бойынша бірқатар инвесторлар арнайы жобалар да ұсынған. Бұл компаниялар мұнай қалдықтарын ақысыз тазалап және қалдықтар арқылы экологиялық таза материалдар өндірмек ниетте. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев елімізді дамытып, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін жақсарту үшін ғылымға ден қойып, нанотехнологияларды қолдануды тапсырған еді. Міне, осы жоба бұл міндеттерді мүлтіксіз орындауға бағытталады.
"Мәселен, қалай десек те көршілес Қытай елінің ғылыми жетістіктері жоғары. Онда қалдықтардан құрылысқа, басқада салаларға қажетті материалдар жасап шығарылады. Мұның бәрі – ғылымның жетістігі. Біз де экологиялық зияны бар қалдықтарды залалсыздандырып, пайдаға асыру шараларын жоспарға алдық. Біздің облыста бұл бағытта біршама жобалар қарастырылған. Бұйырса, таяу жылдары іске қосылады", – деді Руслан Кенесарыұлы.
Семейдегі сынақ полигонын жа бу туралы мәселе 1989 жылы көтеріліп, белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің жетекшілігімен «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалыс құрылды. Осы уақытта Қазақстан әлемге Семейдегі сынақ полигонын жабу туралы ұсыныс білдірді. 1991 жылы 29 тамызда Елбасымыздың Жарлығымен сынақ полигонын жабу мәселесі қолға алынып, бұл әрісі Қазақстан халқы үшін, берісі Семей өңірінің тұрғындары үшін үлкен серпіліс әкелді. Сол кезден бері «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы жер-жерде игі шаралар ұйымдастырып, еліміздегі экологиялық мәселелерді шешуде маңызды бастамалар көтеріп келеді. Қазірде қозғалыстың 18 мыңға жуық мүшесі бар. Университеттің Ғылыми жұмыс және интернацияландыру жөніндегі проректоры Ермек Нұрмағанбет Семей сынақ полигонының жабылуы еліміздің, азаматтық қоғамның дамуымен тікелей байланысты екенін айтып, бұл орайда Елбасы саясатының тереңдігін ерекше атады.
«Егемендіктің алғашқы жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халқына арқа сүйей отырып, ұлы істі батылдықпен қолға алды. Өркениеттің дамуына үлес қосып, адамзатты ядролық қарудың қатерінен құтқаруға шақырды. Адам баласының міндеті бейбіт өмірге ұмтылу екенін дәлелдеп берді. Сол кезде экономикалық дағдарыста тұрған Семейдің Қарабас аймағында Қазақстан сынақтар жүргізуден бас тартты. Қазақстан өз жолын таңдады. Елбасымыздың Семей сынақ полигонын жабу туралы Жарлығы саяси тұрғыдағы даналығын паш етеді. Бұл шешім Қазақстанның еркін ел екенін де айғақтай түсті. Бұрынғы уақытта әлем жұртшылығы Семей өңірін сынақ полигоны ретінде таныса, қазіргі таңда Семей Абай мен Шәкерім секілді дана тұлғалардың туған жері деп әйгілене бастады. Семей қазақ білімі мен ғылымы, әдебиеті мен мәдениеті, өнерінің ордасы деп таныл ды. Ядролық қарудың экологияға, адамзат өміріне әкелер қатері еліміз үшін де, әлем алдында да үлкен мәселе екені белгілі. Бүгінде университетіміздің ғалымдарының атсалысуымен экологиялық мәселелерді жою шаралары мен зерттеулер жүзеге асырылып келеді. «Қошқар ата» көліндегі экологиялық мәселелерді шешу бойынша ғалымдарымыз өз жұмыстарын бастап кетті», – дейді проректор.
Ол сондай-ақ Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін шешу жолдарын анықтау үшін Ресей Ғылым академиясы Ширшов атындағы океанология институтының директоры Петр Завьялов, ғылыми қызметкерлері Борис Коновалов, зертхана меңгерушісі, доктор Петр Маккавеев, сондай-ақ Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, география ғылымының кандидаты Әбілғазы Құрбаниязов шақырылғанын жеткізді.
Бүгінде Маңғыстау облысындағы уран өндірісінің қалдықтарын жою және ядролық жарылыстар болған жерлерді залалсыздандыру аймақтағы экологиялық ахуалды реттеудің негізгі тетігіне айналды. Әртүрлі өндіріс қалдықтары жиылатын «Қошқар ата» қоймасындағы қордаланған жұмыстардың жай-жапсарын облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының инспекторы Орынбасар Тоғжанов айтып берді.
«Қошқар ата» қоймасы 1965 жылдан бері пайдаланылып келеді. Қойма қаладан 34 шақырым, Каспий теңізінен 78 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауданы 77,2 шаршы км, оның ішінде 22 шаршы км аумағын су жауып жатыр. Қалдық қоймасының 66 шаршы км аумағында 105 млн. тонна уытты қалдықтар жиналған, оның ішінде 51 млн. 790 мың тоннасы – уран қалдықтары. Бұған қоса, күкірт қышқылының 5 млн. тонна қалдығы бар. «Қошқар ата» қоймасының ең қауіпті бөлігі – оңтүстік бауырында жатқан қатты қалдықтар төгілген аумақ", – дейді Орынбасар Тоғжанов.
«Қошқар ата» қоймасында 2002 жылдан бастап Ұлттық ядролық орталық, бірнеше ғылыми институттар бастаған түрлі мекемелер зерттеулер жүргізген. 2007 жылы радиактивті қалдықтар ашық жатқан жерлерді рекультивация жасау үшін жобалық сметалық құжатта жасалып, екі жыл ішінде жалпы аумағы 65 гектар жер, оның ішінде 20 гектардан астам ең қауіпті жерге темір бетондарымен қапталып, 1 метр қалыңдықта топырақ төселген. Оның үстіне қаладан шыққан сарқын сулар тазартылып, осында жіберілді. Химиялық әсері жөнінде бірнеше жыл зерттеу жүргізіліп, 2012-2014 жылдары әлФараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарымен бірге қалдық қоймасы айлағының экологияға, тірі организмдерге әсері анықталды. Үш жылдың ішінде жүздеген тірі жәндіктер мен кеміргіш тышқандардың барлығының ДНК және хромосомаларында өзгерістер байқалды.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мәліметінше, қазірде «Қошқар ата» қоймасында ені 100 метрден асатын 68 га жерде жасыл қорғаныш алқабы құрылып жатыр. Бұл жұмыстар қойманы түгел қоршап шыққанға дейін жалғаса береді. Кеуіп кеткен 4200 га алқапты толықтай қалыңдығы 30 см қиыршық тастармен көміп шығу көзделген. Бұл өз кезегінде ауыр металдар қалдықтарының жел арқылы таралуына жол бермейді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ардагерлер азайып бара жатыр…Өңірдегі өзекті келесі мәселенің бірі – Каспий маңы тау-кен металлургия комбинатының уран рудниктерінің карьерлерін зерттеу қажеттілігі. 2013 жылы 5 карьер зерттелген. Қаладан 25–30 шақырым жерде орналасқан карьерлердің ашық жатқан учаскелерінің периметрі 23 метрді құрайды. Бұл ретте айта кетер жайт, уран рудасының орналасуы жер бетіне жақын емес, 60–100 метр тереңдікте жатыр. Осы шұқырлардың түбіне барлық уақытта су жіберіледі, ал топырақ ылғалды әрі қатты болғандықтан радионуклидтер желмен ұшып таралмайды. Сондықтан халыққа зиянды әсері жоқ. Дегенмен осы аймақтардағы кей блоктардың көмілген немесе құлаған тұстары бар екен, онда қазір қоршау шаралары жүргізілетін болды.
Қазіргі кезде Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласы маңындағы радиактивті қалдықтар толықтай зерттеліп, 2005–2009 жылдары байқалған, тіркелген радиациялық 42 учаске тазартылған. Орынбасар Тоғжанов өз баяндамасында кезекті өзекті шаруа Маңғыстау өлкесіндегі ядролық жарылыстардың қалдықтарын зарарсыздандыруға бағытталғанын айтты. 1969-70 жылдары Сайөтес теміржол стансасынан шығысқа қарай 110-115 км қашықтықта 3 рет жерасты жарылысы жасалған. Бұл жарылыстар бейбіт мақсатта, тегіс үстірттің үстінде алып шұңқырлар қазылып, онда су жинау мақсатында жүргізіліп, оның жұмысына АҚШ ғалымдары шақырылған.
«Ядролық жарылыстың алғашқысы 1969 жылы желтоқсан айында болды. Салмағы 30 килотонна жарылыс 407 метр тереңдікте іске асырылды. Оның әсерінен диаметрі 300 метр, ені 14 метрге жуық шұңқыр жасалып шықты. Шұңқырды барынша тереңдету үшін араға бір жыл салып 80 килотонна қуатты ядролық жарылыс 497 метр тереңдікте жасалды. Осы жарылыстардың салдарынан шұңқырлардың бетінде радиактивті қалдықтар қалды. Ұлттық ядролық ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері зерттей келе, 2006-2007 жылдары зиянды қалдықтар жойылды. Республикада тұңғыш рет Маңғыстау облысында ядролық жарылыстардың қалдықтары мен зардаптары осылайша зарарсыздандырылды», – деп сөзін түйді О.Тоғжанов.
Ал Ақтөбе облысынан келген «Невада-Семей» қозғалысының ардагері, «МБ-5» әскери полигонының үйлестірушісі Жанұзақ Талдыбаев ядролық сынақтардан кейінгі өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын баяндады.
«Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданынан келдім. Біздің облыста «МБ-5» әскери полигоны бар. Ол – Батыс өңірдегі ең үлкен ошақ. 1956 жылдан кешегі полигон жабылған кезеңге дейін кеңес әскерлері осында сынақтар жүргізіп келді. Бұл полигон Байғанин, Шалқар, Темір, Мұғалжар ауданының көптеген территорияларында орналасты. Ұзақ жылдар жарылыстар жасады. Ал жарылыстар тек полигон аумағында ғана емес, Ақтөбе облысында 11 рет, жер беті, аспан астында да болды. Жарғамыс деген елді мекенде 20 килотонналық жерасты жарылысы жасалды. Ауыл шаруашылық жағдайларына байланысты деген желеумен болған жарылыстың радиациялық қаупі бар екені белгілі жайт. Өзім туып-өскен Қалдайбек деген жерде де 1987 жылдың 3 қазанында жарылыс болды. Осыдан соң туған жер қаңырап қалды. Жарылыс қуатының күшімен мұндағы үйлердің қабырғалары қақырап, терезелері сынып, ел үдере көшуге мәжбүр болды. Қоныс ауысқанымен, оның зардаптары Байғанин ауданы аумағында, облыс территорияларында жойылып кеткен жоқ. Зиянын тартқан адамдар бар. Замандас, ауылдастарымыздың көбі әртүрлі дертке шалдығып, дүниеден өтті», – дейді Жанұзақ Талдыбаев.
Жанұзақ Талдыбаев – Ақтөбе облысында алғаш құрылған «Невада-Семей» қозғалысының филиалында ерікті түрде қызмет істеп келе жатқан зейнеткер. Өмірін өсіп-өнген туған өлке тіршілігімен қатар өрген ақын әрі композитор Ж.Талдыбаев жерлестер жүрегіне жара салған оқиғаны «Қалдайбек қасіреті» атты әнімен жеткізіпті. Бұл ән Батыс Қазақстан антиядролық қозғалысының әнұранына айналып, алғаш рет Ертістің бойында тұсауы кесілді. Көңіл тебірентер туындыны бүгінде қазақ халқының абыройын әлем алдында асқақтатып жүрген талантты әнші Димаш Құдайбергенов орындаған.
Конференция жұмысында көпшілік назарына ұсынылған «Полигон к митингу» деректі фильмінде ядролық қарудың адамзат өміріне төндірген қауіп-қатері көрсетілді. Университеттің студент жастары ядролық қозғалыс туралы өлең-жырлар оқып, халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыс белсенділері марапатталды. Жиын соңында конференция мүшелері университет ауласына 100 көшет отырғызды.
Жайық НАҒЫМАШ