Жаңаөзенде Кіші жүз ханы Әбілқайырдың жары Бопай ханымның өмірі мен ұлт тарихындағы орны, оның өмір сүрген дәуіріндегі қоғамдық-саяси жағдайын баяндаған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
№18 орта мектептегі басқосуға Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, ұлт жанашыры Ислам қажы Мырзабекұлы, «Бопай ханым» кітабының авторы, жазушы, журналист Жоламан Айдарбаев, Жаңаөзен қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Ізбас Бексариев, «Президент және халық» газетінің Маңғыстау облысы бойынша тілшісі, ақын, журналист Маусымжан Диханбаева, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ұлбазар Орынбаева, Рахат ауылы әкімінің орынбасары Сәулеш Чүйішбаева, Өлкетану музейінің директоры Алмагүл Мұқашева және ҚБҮО-ның әдіскері Хадиша Маңғытай қатысты. Конференция Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылды.
Тарих пен тарихи тұлғаларымыз туралы жас ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін көтеруге бағытталған ғылыми конференцияны №18 орта мектептің директоры Ходжа-Ахмет Дүйсенбаев құттықтау сөзімен ашты. Тарихи маңызды шарада Бопай ханымның өмір сүрген дәуіріндегі қоғамдық-саяси ахуал, оның беделі мен ұстанған ұстанымдары жайы айтылып, талқыланды. Зиялы қауым өкілдері Әбілқайырдың адал серігі, зерделі саясаткер Сүйіндік қызы Бопай ханым туралы білгендерін ортаға салып, ұлт жанашыры, ел тұтастығы үшін бүкіл ғұмырын арнаған Бопай ханымның бейнесі қазіргі таңда көмескіленіп, ұмытыла бастағаны қынжылтатынын жеткізді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Еңбегі ерен қарттарымӘрине, көрегенділік пен елдің қамын ойлап, ұрпақ тәрбиелеген Бопай сұлудың тарихтағы орны ерекше. Бопай, Бәтима (шамамен 1690 жылы дүниеге келген, 1780 жылы қайтыс болған) тек қана ханның адал жары болып қана қоймай, ел басқару ісіне араласқан. Текті адай тұқымынан шыққан Бопай күйеуі Әбілқайырдың түпкі мақсаты Жайық қазақтарының орыс бодандығы башқұрттар мен Еділ қалмақтарының шапқыншылықтарын тоқтату, жоңғарларды түпкілікті талқандау екендігін және бұл күрделі мәселелерді уақытша болса да, Ресей империясына бодан болу арқылы шешуге тырысқандығын терең ұғынған. Сондықтан да Әбілқайырдың осы бағыттағы саяси қадамдарына қолдау көрсеткен.
Бұл орайда, имандылық пен ізгілікті ұстанушы Ислам қажы Мырзабекұлы анамыздың тарихтағы орнын айшықтап, көптеген маңызды мәселелерді түбегейлі көтеріп келеді. Ол Бопай ханым жайындағы Ресейдегі полигонның ортасында жатқан зиратының топырағын әкеліп, Жылыой ауданындағы Бақашы қауымына қойған. Бүгінде Бопай ханым туралы бұрын соңды жарық көрген еңбектерді жинақтап, кітап шығармақшы. Жалпы, ғылыми конференция барысында ұстаздар мен мектеп оқушылары әзірлеген қойылымдар, ән мен күйлер жиналғандардың назарына ұсынылды. Сондай-ақ осы шара аясында қабылданған ғылыми жұмыстардың ішінде мазмұны жақсы, терең зерттелген ең үздік деген 10 жұмыс анықталып, таныстырылды.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА