Жаңаөзен қаласында «Ерікті қоныс аудару форумы-2018» аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл реттегі жәрмеңке Қостанай облысынан келген делегацияның қатысуымен өтті.
Шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жөндібаев бастаған топ, Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Қуаныш Берішбаев, жергілікті билік пен қала тұрғындары қатысты.
- Біз бүгін мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде біздің өңірге өз еркімен қоныс аударуға ниетті жаңаөзендіктерді шақыруға келіп отырмыз. Барлығыңыз білесіңдер бұл бағдарлама аясында қоныс аударған азаматтар үймен, жұмыспен қамтылатын болады. Сондай-ақ, басқа да тиімді тұстары көп. Сондықтан да, көшу ойларыңызда болса қажетті ақпараттардың барлығын осы жерден ала аласыз, - деді алғаш боп сөз бастаған М.Жөндібаев.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда жасөспірімдер арасында рейд жүргізілдіБос жұмыс орындар жәрмеңкесінде жалпы облыс, Қостанай қаласы, Федоров, Әулиекөл, Қарабалық, Жетіқара, Алтынсары аудандары бойынша 1300-ге жуық бос жұмыс орындары ұсынылды. Оның ішінде, жұмыс берушілер ұсынған әртүрлі сала бойынша бос жұмыс орындары, әлеуметтік, жастар тәжірибесінен өтуге арналған жұмыс орындары болса, сондай-ақ, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын дамытуға айрықша мүмкіндіктер де қарастырылған.
Шара барысында жәрмеңкеге қатысқан 300-ге жуық қала тұрғыны өздеріне қажетті ақпараттарды алып, 15 отбасы, яғни 52 адам көшуге ниеттері бар екендіктерін жеткізді.
Павел БОРСУК, қала тұрғыны:
- Мемлекетіміз жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өңірлердегі диспропорция мен демографиялық теңгерімсіздікті жою мақсатында осындай бағдарлама жасақтап, бар мүмкіндік жасайтыны жайлы білдім. Бүгін, міне естігенім бойынша толық ақпарат алу мақсатында жәрмеңкеге қатысып отырмын. Осы жерден өзімді мазалаған барлық сұраққа жауап алып, зерделеп, отбасыммен ақылдасып, қоныс аударам деген ойым бар.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА