Қазақстанда "Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары" базасы жасалды. Енді маңғыстаулықтар осы база арқылы Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түскен туыстары туралы мәліметті таба алады. Ол ҚР ІІМ сайтында орнастырылған.
«Жеңіс күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары» атты әлеуметтік-маңызды порталдың тұсаукесерін өткізді. Базада ҰОС кезінде тұтқынға түскен Кеңес армиясының 60 мың жауынгері туралы мәлімет орналастырылған», - деп хабарлады маңғыстау облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Туыстары базадан әскери тұтқындардың аты-жөні, туған жылы, ұлты, туған жері және тұрған жері, соғысқа дейінгі алған мамандығы, жұмыс орны, әскери қызметке шақыру күні мен орны, әскери бөлімшесі мен әскери атағы, күні және тұтқынға түскендегі орны, тұтқыннан босату уақыты, архив ісінің нөмірі туралы мәлімет ала алады.
Маңғыстау облысы ІІД арнайы мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері де порталды құру жұмысына өз үлесін қосты. Маңғыстау облысының 586 тұрғыны фашист тұтқынына түскен. Олар Украинаның, Польшаның, Беларуссияның, Литваның, Латвияның, Эстонияның, Австрияның, Финляндияның, Францияның, Италияның, Чехияның, Словакияның, Германияның концентрациялық лагерлерінде тұтқында болған. Біздің отандастарымыз 75 неміс лагерінде жан төзгісіз қиын жағдайда, эпидемия мен аштықты бастан кешіп, 17 адам тұтқында қаза тапты. Олар шахталар мен тас кесетін жерлерде еңбек етіп, зауыттарда, бомбалаудан кейін үйінділерді тазалау, жол салу мен орман кесуге жұмылдырылды.
Маңғыстаулықтар туыстары туралы толық ақпаратты Ішкі істер департаменінен ала алады. Мұрағат қызметкерлері мұрағат істерінен алынған тарихи құжаттарды, әскери тұтқындардың суреттерін тіркей отырып кеңейтілген алфавиттік анықтамалық жасаған. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің «Memorial.ru», «Память народа.ru» порталымен салыстыра отырып, әскери-айдау пункттерінің материалдары, неміс лагерлерінің карточкалары, лазарет карточкалары негізінде анықтамалықтағы олқылықтар толықтырылды. Базадан әскери тұтқының босатылғаннан кейінгі тұрған орны туралы ақпаратты табуға болады. Сондай-ақ анықтамалық жанұя мүшелері, олардың білімі туралы мәліметтермен толықтырылған. Қайтыс болған адамдардың жерлеу орындары көрсетілген.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет egemen.kz алынды