©
Қу соғыс талай тағдырды жалмады, талай жанның жүрегіне өшпес дақ салды. Жетпіс жеті жыл бұрын бастау алған отты жылдар біздің әулетімізге де мәңгі өшпес із қалдырды. Ол із қаншалықты ауыр да аянышты болса, соншалық қымбат та бағалы.
Әкемнің балалық шағы өткен Атыраудың қойнауындағы Жылыой ауданынан 1941-1945 жылдары екінші дүниежүзілік соғысқа 5 мыңнан аса жауынгер кеткен деседі. Соның ішінде, әкемнің әкесі, менің атам 1904 жылы Қазақ КСР Гурьев облысы (қазіргі Атырау обл.) Новобагатинский (Жылыой) ауданында дүниеге келген Жаңабай Селбаев та болған. Қара шаңырақта қарттардың қолында қалған әкем мен шешем күн ұзаққа жұмыста жүретіндіктен, үйде қалған қара бақай балалар күн жылыда ошақ басы мен бақшаның арасында жүретін, күн суықта жылы пештің түбінде ұршық иіріп отыра қалатын әжеміздің әңгімелерін тыңдап өстік.
Мал шаруашылығын өркендеткен, ауқатты әулеттен өсіп-өнген атамыз 1926 жылы Мәтіш әжемізбен бас қосқан екен. 1928 жылы менің әкем дүниеге келген соң, бұл шаңырақта ұзақ уақыт бойы бала болмапты. Жалғыздың тілеуін тілеп, көктен сұрап, жерден сұрап, қазақы ырымдар мен дәстүрлерді ұстана келе, Жаңабай қарияның шаңырағында 1936 жылы әкемнің артынан ізі көбейіп, тағы екі ұл, бір қыз дүниеге келіпті. Жаңабай атамыз соғыстың алғашқы жылы ауылда қалып, астық даласында еңбек етеді. 1942 жылы қаңтардың қақаған аязында әскер қатарына шақырылып, ел ішінен ақ тілекпен қан майданға аттанады.
Әскерге кеткенге дейін Жаңабай атамыз үйдің үлкені, еңбекке жарап қалған менің әкем Дүйсенбай мен одан кейінгі кіші ұлдарына өмірдің ауыртпалығына төтеп беру, заман ағымына қарай өзгеріп отыру, мүмкіндік болса, оқып, білім алуға ұмтылу қажетілігі туралы жиі айтып отырады екен. Жұмыстан қолы босай салысымен ер балаларын жанына ертіп, мал ішін аралағанды ұнататын деседі. Алайда сол кездегі биліктің ысқырығы жер жаратыны соншалық, ел ішінде отырса да тыныштық көре алмай, бай-дәулетті болғаны үшін жиі түртпек көрген дейді көз көргендер.
Атам Жаңабай Гурьев аудандық военкоматтан әскер қатарына алынған соң, қызыл армия қатарында Украинада 297-атқышар дивизиясына түсіпті. Бұл дивизия қан майданның қызған шағында нағыз өрттің ортасында болған екен.
Алғаш майдан даласынан үйіне хат жазып, сәлем-саулығын білдіріп отырған атамыздан 1943 жылдың ортасына қарай хабар тоқтайды. Ауылда қалған қалың әулеті қанша жыл бойы амандықпен елге оралар деп жолын тосса да, ондай бақытты күн бұйырмады. Соғыс аяқталған соң да хабар болмай, сол кезде Жаңабай Селбаев із-түзсіз кеткендер қатарына ілігеді. Содан 70 жыл бойы ешбір дерек алуға мұрша болмай, артында қалған ұрпағы бір уыс топырақ салуды арман қылып, қайда жатқанын, қашан қайтыс болғанын біле алмайды. 1980 жылдары әкемнің інісі Дүйсенғали Селбаев атамызға іздеу салып, мемлекеттік архивтерге сұраныс жібереді. Алайда одан ешбір жауап та, хабар да болмайды. Салы суға кеткен Селбаевтар әулеті 2014 жылы «Мәңгілік полк» бүкілхалықтық жобасы құрылғанын естіп, көңілге жаңа медет табады. Жобаның бастамасымен қалың көпшіліктің талап етуімен соғысқа қатысқан із-түзсіз кеткен солдаттар туралы Мәскеу архивтерінен түрлі ақпараттар алына бастайды. Осы кезде біз отбасымызбен Мәскеу архивтеріне сұраныс жолдап, Жаңабай Селбаевтың 1943 жылы 27 тамызда Украинаның Сталин облысы Щуров селосы деген жерінде қайтыс болғанын біле алдық.
Осыдан соң Жаңабай Селбаев туралы қандай да бір дерек пайда болып, ол нақтыланған соң Атырау қаласындағы Ұлы Отан соғысының майдан даласында қаза болған батырлар тақтасына 2016 жылы есімі енгізілді. Кейінгі ұрпақтың бейбіт күндері үшін ұрыс даласында қаза тапқан атамызды мақтан тұтамыз. Оның артында қалған немере мен шөберелері батыр бабамыздың басына бір уыс топырақ апарып салуды армандаймыз.
Қалдыбике Мухамбеталиева, Маңғыстау облыстық сотының бас маманы, Ұлы Отан соғысы ардагерінің немересі
Көрнекі сурет сайттың архивінен