Ақтау қаласында өңірдегі информатика, физика, математика пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру және заманауи талапқа сәйкес шағын роботтарды жинақтау және бағдарламалауды үйрету мақсатында «Робототехника негіздері» тақырыбындағы жоспарлы біліктілікті арттыру курсының аясында «Робототехника – заман талабы» атты облыстық семинар өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыстың әр аймағынан келген ұстаздар қатысқан семинарды «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институты ұйымдастырып отыр.
Семинар барысында аталған мекеменің «Менеджмент және ақпараттық технологиялар кафедрасының» меңгерушісі Сәуле Мұхамбетжанова мен аға оқытушысы Гүлзада Биомарова робототехниканы мектептің білім кеңістігіне енгізу, қазіргі заманғы мектептегі робототехника, жалпы білім беру ұйымдарындағы робототехника үйірмесінің жұмысы, робототехника бағытында оқушылармен әр түрлі шаралар ұйымдастыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасу оқуларын ұйымдастырды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда көпфункционалды спорт сарайының іргетасы қаланды
Семинарға қатысушылар «Робототехника саласындағы жарыстарды ұйымдастыру», «Интеллектуалды және механикалық сумо роботтарының ерекшеліктері», «Роботтарды сызық бойымен жүргізу» тақырыптарында ұйымдастырылған шеберлік сағаттарда практикалық тәжірибесімен бөлісті.
Семинар жұмысын талқылау және қорытындылау барысында курс тыңдаушылары робототехника саласындағы зерттеулерге, техникалық ақпарат пен бастапқы инженерлік білім алмасу, жаңа ғылыми-техникалық идеяларын дамытуда іс-шараның өзектілігін және тәжірибелік мәнін жоғары бағалап, өз тәжірибелерімен бөлісіп, біліктіліктерін ортаға салған оқытушыларға ризашылықтарын білдірді.