©
Әлеуметтік желіде сайлау бойынша қоғамдық пікірге сауал салған Алматы қаласының тұрғынына айыппұл салынды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бас прокуратура ел Президентінің кезектен тыс сайлауы барысында заңдылықты, оның ішінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу шарттарының сақталуын ерекше бақылауда ұстап отыр. Бас прокуратураның хабарлауынша, әлеуметтік желіде сауалнама жүргізген азаматтар жауапқа тартылған. Мәселен, алматылық азамат «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде сайлау бойынша сауалнама жүргізген. Оған ӘҚБтК 120-бабы 3-тармағына сай, бұл азаматқа 17 мамыр күні 15 АЕК мөлшерінде (37 875тг) айыппұл салыныпты. "Осыған ұқсас «Facebook» әлеуметтік желісінде жасалған құқық бұзушылық үшін Алматы облысының тұрғыны әкімшілік жауаптылыққа тартылды", - делінген хабарламада.Қазіргі уақытта интернет желісінде осы заңның талаптарын бұзушылықтар тіркелген.
"Атап айтқанда, «Nur.kz» интернет-ресурсының меншік иесінің Орталық сайлау комиссиясына міндетті түрдегі хабарлаусыз сауал салу жүргізу фактісі анықталды. Бас прокуратура азаматтарға сайлау процесі барысында заңдылықты сақтау қажеттілігі және ҚР ӘҚБтК 20-бабында сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргiзу шарттарын бұзғаны үшін жауаптылық көзделгенін еске салады", - делінген хабарламада.
Бұл ретте азаматтарға мұқият болып, әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын үшінші тұлғаларғдың құқыққа қайшы мақсаттарда пайдалануына жол бермеу ұсынылады.