Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Рзаханов, төраға орынбасары Исахан Сағынбаев, облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Гүлшат Арзығұлова мен мүшесі Сайын Ғалидуллиннің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Бас қосуда алдағы сайлау науқанына даярлық барысы талқыланды. «Баршаға мәлім, 2019 жылғы 9 маусымға ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы тағайындалды. Осыған байланысты Маңғыстау облысында 8 аумақтық сайлау комиссиялары құрылды. 1 облыстық, 2 қалалық және 5 аудандық сайлау комиссиялары өз жұмысын бастап кетті. Облыстың барлық сайлау комиссияларының жұмысы ҚР Орталық сайлау комиссиясы бекітіп берген күнтізбелік іс-шаралар жоспары бойынша жүйелі жүргізіледі. Мәселен, президенттікке кандидаттарды ұсыну, кандидаттар мен олардың сенімді өкілдерін тіркеу, куәліктерін табыстау немесе сайлаушылардың тізімін жасақтау, оны учаскелерге жеткізу кезең-кезеңімен заңда белгіленген мерзімде өтеді. Бүгінгі күні барлық үміткерлердің сайлауалды штабтары мен сенімді өкілдері тіркелді. Маңғыстау облысында 223 учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс істеп жатыр. 20 мамыр күні жергілікті атқарушы органдар учаскелік сайлау комиссияларына сайлаушылар тізімін тапсырды. Учаскелік сайлау комиссиялары бес күн ішінде осы тізімді нақтылап, тізімді танысуға ниет білдірген сайлаушыларға 25 мамырдан кешіктірмей ұсынуы тиіс. Ол тізіммен дауыс берушілер сайлау комиссиясы орналасқан орында танысып, тізімдегі деректердің дұрыстығына көз жеткізе алады», – дейді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Киікбайұлы. Оның мәліметіне сүйенсек, дауыс беру күні тұрғылықты жері бойынша келуге мүмкіндігі жоқ, мәселен жолсапар, демалыс орындарында жүрген, яғни сайлаушы өзінің болу орнын ауыстырған кезде учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушыға дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін табыс етедi. Дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретін күнi сайлаушыны оның келген орны бойынша сайлау учаскесiндегi сайлаушылар тiзiміне енгізедi. «Маңғыстау өңірінің өзіндік ерекшеліктері бар. Біздегі мұнайшылардың көбісі вахталық әдіспен жұмыс істейді. Учаскелік сайлау комиссиялары 9 маусым, дауыс беру күні вахтада жұмыста болатын азаматтардың тізімін нақтылауда», – деп атап өтті А.Рзаханов. Облыстық сайлау комиссиясы барлық аудандарды аралап, учаскелік сайлау комиссияларының алдағы сайлауға даярлық жұмыстарымен жан-жақты танысқан. Облыс аумағындағы барлық сайлау учаскелері мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып жасақталған. «Күні бүгінге дейін Ақтау қаласы мен Қарақия ауданынан басқа барлық сайлау учаскелерін аралап шықтық. Барлық сайлау кабиналары мен арнайы бұрыштар ұйымдастырылып жатыр», – деп атап өтті облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары И.Сағынбаев. Қазіргі таңда облыста АҚШ және Ресей елдерінен келген ЕҚЫҰ-ға мүше екі халықаралық ұзақ мерзімді байқаушы бар. Алдағы уақытта ШЫҰ, ТМД елдерінен қысқа мерзімді байқаушылар келеді деп күтілуде. «Өңір бойынша ауруханалар, әскери бөлімдер мен кен орындарында 15 ерекше сайлау учаскелері бар. Жалпы өндіріс ошағында 5 сайлау учаскесі құрылды. Атап айтсақ Қаламқаста 2, Қаражанбаста 2, сондай-ақ Бозашы мен Қарақұдықмұнайда сайлау учаскелері бар. Әр түрлі жағдайларға арналып жасақталған сайлау учаскелерінде облыс бойынша 8 мыңға жуық сайлаушы дауыс бере алады», – деп мәлімдеді А.Рзаханов. «ҚР Президенттігіне кезектен тыс сайлау науқанына даярлық барысында штаб басшыларына заңнаманың талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырдық. Біздің қандай да бір сайлауалды штабтардың ішкі жұмыс жоспарына араласуымызға құқымыз жоқ. Бірақ сайлауалды кез келген үгіт-насихат жұмыстары заң шеңберінде ғана жүргізілуі тиіс. Облыста күні бүгінге дейін заң бұзушылық фактілер орын алған жоқ», – дейді комиссия төрағасы. «Тағы бір қатаң ескерер жайт, ҚР Cайлау туралы заңнаманың 41-бап 5-тармағына сәйкес «комиссияның бюллетеньді берген мүшесі оларға өзінің қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньді алған сайлаушы тізімдегі тегінің тұсына қол қояды. Сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысының бюллетеньдерді беруге құқығы жоқ», – дейді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары И.Сағынбаев.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ