29 мамырда «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде ҚР Президенттігіне үміткерлер арасында сайлау алдындағы пікірталас өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап. Телепікірталасқа ҚР Президенттігіне төрт кандидат - Қазақстан кәсіподақтар Федерациясынан Амангелді Таспихов, «Ұлт тағдыры» ұлттық патриоттық қозғалысынан Әміржан Қосанов, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігінен Сәді-Бек Түгел, «Қазақстан Коммунистік халықтық партиясынан» Жамбыл Ахметбеков, сондай-ақ «Nur Otan» партиясының өкілі Мәулен Әшімбаев, «Ауыл» партиясынан Әли Бектаев және Қазақстан «Ақ жол» демократиялық партиясынан Азат Перуашев қатысты. ҚР Орталық сайлау комиссиясы бекіткен регламентке сәйкес телепікірталастар мен пікірсайыстар 3 раундқа бөлінген. Бірінші раундтың тақырыбы - «Қазақстанның экономикалық даму басымдықтары». Сайлау алдындағы телевизиялық пікірталастар мен пікірсайыстардың бірінші раунды екі тур бойынша өтті. Бірінші турда әрбір қатысушы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын таныстыру мақсатында сөз сөйледі. Екінші турда оппоненттер «сұрақ-жауап» пікірсайыс сессиясын өткізді. Қатысушылар бір-біріне екі сауал қойып, сондай-ақ өздеріне қойылған екі сұраққа жауап берді. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы» атты екінші раунд екі кезеңнен тұрды. Екінші раундтың бірінші турында қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйледі. Екінші турда жүргізушілер барлық қатысушыларға бірдей бір сұрақ қойды. Үшінші қорытынды раундта қатысушылар тікелей сайлаушыларға арнап сөз сөйледі. "Регламентте анықталған барлық рәсімдер сақталды. Қатысушыларға сөз сөйлеу үшін тең мүмкіндіктер берілді", - делінген ОСК хабарламасында. Регламенттің сақталуын және пікірталастың жалпы өтуін студияда ҚР Орталық сайлау коммиссиясының мүшесі Сүлеймен Ләззат Жаңылысқызы бақылап отырды.