©
Маңғыстау облысы әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу кезеңіндегі сайлау комиссияларының жұмысы туралы» оқыту семинары өтті. Бас қосуда ҚР ОСК мүшесі Б.Мелдешов, ҚР ОСК аппаратының бас сарапшысы Б.Дармурзина, Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы А.Рзаханов пен облыс әкімі аппаратының басшысы Н.Тәжібаев баяндама жасады. Семинар-дәріске Маңғыстау облыстық, Ақтау қалалық сайлау комиссияларының мүшелері, Ақтау қаласының учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, мемлекеттік органдар басшылары, сот, прокуратура және полиция қызметі өкілдері, сондай-ақ бейнеконференция байланысы арқылы облыс аудандары және Жаңаөзен қаласының учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, жалпы облыс бойынша 500-ге жуық адам қатысты. Ең алдымен, ҚР ОСК мүшесі Б.Мелдешов сайлау науқанының барысы, сайлау заңнамасындағы өзгерістер мен түзетулер туралы баяндады. «Баршаға мәлім, «ҚР-дың кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар туралы» және «ҚР-дың кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңға 2017 жылғы 28 маусымда ҚР Президенті қол қойды және 2017 жылы 2 маусымда ресми түрде жарияланды. Жоғарыдағы аталған заңдарды өзгертудің басты мақсаты – сайлау үрдісін жаңғырту, іргелі сайлау принциптерін қамтамасыз ету, елдегі сайлау науқандарын дайындау мен өткізу кезінде құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру. Аталған заңнамалық актілермен «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңға, сондай-ақ 4 тиісті актіге түзетулер енгізілді. Олардың қатарында ҚР Бюджет кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы және «Саяси партиялар туралы» заңдар бар. Заңнама актілеріндегі басты жаңалық – пропорционалды сайлау жүйесі негізінде жергілікті өкілді органдарды, яғни мәслихаттарды қалыптастыру. Бұл жаңашылдық саяси партиялардың тізімдері бойынша өкілді билік органдарын төменнен жоғарыға дейін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Өңірлердегі мәслихаттардың келесі құрамдары саяси партиялар тізімдеріне сәйкес жасалады. Мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде пропорционалды жүйені енгізу әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде сайлау округін құруды, округтік сайлау комиссияларын таратуды, қосымша сайлау өткізуді алып тастауды көздейді», – деді Б.Мелдешов. Сайлау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге енгізілген толықтырудың бірі – «жеке тұлғалар туралы» мемлекеттік деректер қоры негізінде сайлаушылар туралы мәліметтерді қалыптастыру. Бұл норма «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен ұштасып жатыр және сайлаушылар туралы мәліметтерді қалыптастыру кезінде өзге ақпараттық жүйелерді пайдалануға жол бермейді. Сонымен қоса бұл сайлаушылар тізімдерінің толықтығын, дұрыстығын, тиісінше азаматтардың сайлау құқықтарын одан әрі жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Конституциялық заңның жаңа нормаларына сәйкес енді аумақтық сайлау комиссияларына сайлаушылар мен сайлау учаскелерінің шекараларын, мәліметтердің дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру функциялары берілген. Сонымен қоса заңнама актілеріндегі түзетулердің үлкен блогы сайлау органдарының қызметін жетілдіруге және әкімшілендіруге бағытталған. Аумақтық сайлау комиссияларының 2 мүшесі 2019 жылдан бастап тұрақты кәсіби негізде жұмыс істейді. Енгізілген өзгерістерге сәйкес аумақтық сайлау комиссияларының функциялары кеңейтілді. Яғни олардың қатарына сайлаушылар мен сайлау учаскелерінің шекаралары туралы ақпараттың өзектілігі мен дұрыстығына бақылау жасау, сайлау үрдісіне қатысушыларды электораттық оқытуды ұйымдастыру, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын іске асыру бойынша қажетті шараларды қамтамасыз ету, сайлау науқандарын өткізуге бюджеттік өтінімдерін беру және т.б жатады. «Алғаш рет сайлау заңнамасында мүмкіндіктері шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету нормалары бекітілді. Бұл жаңалық БҰҰ-ның 2015 жылғы 20 ақпанда ратификацияланған және адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық құжаттарға сай келетін мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны іске асыру мақсатында әзірленді. Заңда жергілікті атқарушы органдарға мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуде сайлау комиссияларына көмек көрсету қарастырылған. Облыс аумағындағы барлық сайлау учаскелерін аралап шықтым. Алдағы сайлау күні мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты жағдай жасалуы тиіс екендігін еске саламын», – деп мәлімдеді Бақыт Сәрсенбайұлы. Оның сөзіне сүйенсек, сайлаушылардың көпшілігі ақпаратты ғаламтор желісінен алады. Осыған байланысты заңнамада желілік басылымдарда сайлау алдындағы үгітке қатысты бірқатар мәселелерді реттеу көзделген. Жаңа түзетулерге сәйкес сайлау үрдісін объективті, дұрыс әрі кәсіби деңгейде бағалау үшін қосымша талаптар белгіленді. Жаңа талаптарға сәйкес бес жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі бар, ҚР заңнамасына сәйкес тіркелген заңды тұлғалар ғана қоғамдық пікірге сұрау салуға құқылы. Олар тиісті құжаттардың көшірмесін қоса бере отырып, ОСК-ны жазбаша түрде алдын ала хабардар етуі керек. Сайлау алдындағы пікірталастарды өткізу құқығы енді аумақтық сайлау комиссияларына берілді. Сондай-ақ облыстық деңгейдегі мәслихат депутаттығына кандидаттар өздерінің сайлауалды тұғырнамалары бойынша пікірталастар өткізе алады. Сонымен қоса бас қосуда электораттық оқытуды ұйымдастыру жөніндегі құқықтық нормалар талқыланды. «2017 жылғы ҚР сайлау туралы Конституциялық заңына мынадай түзетулер енгізілді. Біріншіден, президенттікке кандидаттарды ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктерге тиесілі болады. Екіншіден, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуы талап етіледі. Үшіншісі – кандидатты ұсыну кезінде оның сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжаттың берілуін көздейтін талап. Сонымен қоса Республика Президенттігі міндеттерін атқаруға кедергі келтіретін аурулардың жоқ екендігін растау үшін медициналық куәландыру жүргізіледі. Сайлау қорының мөлшерін арттыру түзетуге сәйкес жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төмен жалақы мөлшеріне он екі мың еседен артық аспауға тиіс. Президенттің кезектен тыс сайлауы осы Конституциялық заңда «Президенттің кезекті сайлауы үшін белгіленген қағидаларға» сәйкес өткізіледі. Сайлау іс-шараларын өткізу мерзімдерін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды», – деп қорытындылады өз сөзін ҚР ОСК мүшесі Б.Мелдешов. Бұдан бөлек, семинар барысында сайлау науқанын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары, кандидаттарды тіркеу кезеңі, сайлау алдындағы үгіт, үгіт жүргізуге тыйым салынатын субъектілер санаттары, үгіт жүргізу тәсілдері, сайлаушылар тізімдерін қалыптастыру туралы және т.б маңызды мәселелер талқыланды. «Орталық сайлау комиссиясының мамыр айында жіберген мәліметіне сәйкес қазіргі таңда облыс бойынша 398 мың 651 сайлаушының 393 мың 601-і ОСК реестіріне енгізілді. «Жеке тұлғалардың мемлекеттік дерек қорымен» айырмашылық 9170 адамды құрады. Анықталған кемшіліктерді жою мақсатында облыстық ішкі істер департаменті, көші-қон полициясы басқармасы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Маңғыстау облыстық филиалы, азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімдерімен тығыз жұмыстар жүргізілді. Тиісті әкімдіктердің қолдарымен бекітілген сайлаушылар саны облыс бойынша 390 мың 87 адамды құрады. Бекітілген сайлаушылар тізімі учаскелік сайлау комиссияларына және облыстық аумақтық сайлау комиссиясына ағымдағы жылдың 20 мамырында ұсынылды. Сайлаушылар тізімін нақтылау кезінде басқа облыстарда оқып жатқан студенттер, вахта жұмысшылары тұрақты тіркеуде болғанмен уақытша тіркеу бойынша облыстан тыс дауыс берушілер тізімінен алынып тасталды. Нәтижесінде ҚР ОСК-ға ресми енгізілген сайлаушылар санымен салыстырғанда 3514 адамға ауытқу бар. Сонымен қатар облыс бойынша сайлаушылардың уақытша болатын орындары белгіленді. Жалпы саны 15, нақтыласақ әскери бөлімдерде 7, емдеу-профилактикалық мекемелерде 2, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында 1, алыс елді мекендерде 5 сайлау учаскелері ұйымдастырылды», – деп атап өтті Маңғыстау облысы әкімі аппаратының басшысы Н.Тәжібаев. Сонымен қоса Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы А.Рзаханов облыстағы сайлау науқанына даярлық барысын баяндады. «Облыста барлық аудандар мен қалалар әкімдіктері ҚР сайлау туралы Конституциялық заңнама талаптарына сәйкес президенттікке кандидаттардың сайлаушылармен кездесу үй-жайын, үгіт материалдарын орналастыру орындарын өз қаулыларымен белгіледі. Қазіргі таңда облыста үміткерлердің сайлауалды үгіт жұмыстары заң талаптарына сәйкес жүргізілуде. Сайлауға дайындық барысында облыстық сайлау комиссиясы мүшелері барлық аудандар мен қалаларда аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларында болып, олардың жұмыстарымен және тиісті деңгейде жабдықталуымен танысты. Бұл жұмыстар әлі өз жалғасын табады,» – деді А.Рзаханов. Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары И.Сағынбаев облыс аумағындағы сайлау учаскелерінің мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі туралы ақпаратпен бөлісті. Семинар соңында ҚР ОСК аппаратының бас сарапшысы Б.Дармурзина сайлау комиссиялары қызметінің кейбір мәселелері туралы баяндама жасады. Семинар барысында өңірлік сайлауды ұйымдастырушылар өзара пікір алмасып, өзекті мәселелер жөнінде ойын білдірді.Голрох ЖЕМЕНЕЙ