Сайлауды бақылаушы нені білуі тиіс және оның қандай құқы бар?
[ 2019 ] 21 мамыр, 07:36 | Саясат
«Жастар» орталығының «Coworking» залында «Демократияны тарату орталығы» қоғамдық қорының «Сайлау үрдісіне – қоғамдық бақылау» жобасын іске асыру мақсатында «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер», «Азаматтық альянс» ЗТБ вице-президенті және қоғамдық қор жетекшісі Досмаханбет Көшімнің семинар-тренингі өтті.
«Сайлау үрдісіне – қоғамдық бақылау» жобасын ұтып алған Досмаханбет Көшімнің ақтаулықтардың алдында бақылаушылардың сауатын толықтыру мақсатында сайлауды бақылаушыға берілетін міндеттер мен құқықтар, тек қана бақылауға қатысты арнайы сауалнамалық сұрақтарға жауап беру түрінде дайындалған «Бақылаушы блокноты» бойынша жүргізді.
Досмаханбет Көшім әуелі сайлау бақылаушысына қатысты бірқатар маңызды заңдылықтарға тоқталды. Сайлау барысын бақылаудың басты мақсаты – дауыс берудің әділ де адал өтуіне атсалысу. Сонымен қатар бақылаушылар дауыс беру процесін жүзеге асыратын сайлау комиссияларының әдейі жасаған не білмегендіктен жіберген қателіктеріне дер кезінде тосқауыл қойып, азаматтардың саяси өмірге қатысу құқығының сақталуын қамтамасыз етеді.
Сайлау барысын бақылау – қоғамдағы сайлауға деген сенімді арттыруға, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге, сайлауды өткізу кезінде көзге түскен заң бұзушылық деректерін нақтылауға, сайлауды бағалауға, келешекте сайлау туралы заңнаманы жақсартуға қажетті ақпарат беруге бағытталады.
Бақылаушының тіркелуі Қазақстан Республикасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары байқаушысының өкілеттіктері оның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіліп, жазбаша нысанда куәландырылуға тиіс. Бұл құжат байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталады және ол байқаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Құжаттар сайлау комиссиясының төрағасына не оны алмастыратын адамға байқаушы туралы мәліметтерді есепке алу журналына енгізу арқылы оны тіркеу үшін көрсетіледі.
Сонымен қатар бақылаушыға сайлау барысына және сайлау комиссиясының жұмысына килігуге, сайлаушыларға, олардың дауыс беруіне (бюллетень толтыруына) көмек жасауға, дауыс беру кабиналарының ішіндегі сайлаушылардың әрекеттерін бақылауға, дауыс беру құпиялығын бұзуы мүмкін басқа да әрекеттерге тыйым салынады.
Сөзінің барысында бақылаушының құқықтары мен міндеттерін шолып өткен семинар спикері бақылаушыға қажетті бақылаушы куәлігі немесе жолдаманы, жеке куәлікті, бақылаушының блокнотын, қағаз бен қаламды, сағатты, фотоаппарат пен бейнекамераны, қолшамды, түстік тағамын, ұялы телефонын ала баруы дұрыс болатынын да айтып өтті.
Әр учаскеге ауысып отыратын 2 бақылаушыдан болғаны дұрыстығын, 3 адам болса кезектесіп бақылауды қадағалау жеңілдігін назардан тыс қалдырмады. Қатысушыларға блокнот таратылып, оқуды бастап кетті.
1-сауалнама – «Сайлау учаскесінің ашылуы»
Учаске сағат 6.00-де (жергілікті уақыт бойынша) ашылды ма?
Ашылмаған жағдайда бақылаушы өзінің блокнотына белгілеп отыруға құқылы. Мысалы, сайлау учаскесінде 2000 адам тіркелген болса, 2020 бюллетень беріледі. 1 пайыз резерв үшін артық беріледі. Бюллетень ақша шығаратын, қорғауы бар қағаздан жасалады.
Тізімге тіркелмеген азаматтарға қосымша тізім жасалады. Жолсапарға шығатынын алдын ала білетін азамат өзі тіркелген сайлау учаскесінен талон алып, Қазақстанның немесе көрші шетелдердің кез келген сайлау учаскесінен дауыс беруге құқы бар. Мысалы, Оралға жолсапарға шыққан азамат сол қаланың, не ауданның кез келген сайлау учаскесінен дауыс бере алады.
Дауыс беру бөлмесінде үгіт-насихат материалдары бар ма? Бар болса, қай партиянікі? 28-баптың 6-тарауы бойынша, сайлауға түсіп жатқан әрбір үміткердің суреті бірдей болуға тиіс. Мысалы, 7 үміткердің көлемі бірдей фотосы, шрифті бірдей ақпараттық мәлімет болуға тиіс. Егер алтауы ілулі болып, біреуінің суреті болмаса, бақылаушының сайлау комиссиясының төрағасына шағымданып бәрін алғызып тастауға құқы бар.
Жасырын дауыс беру кабинасында үгіт материалдары бар ма? Сайлау комиссиясы төрағасының рұқсатымен жасырын дауыс беру кабиналарын тексеріп шығуға болады. Мысалы, бюллетеньге белгі салу үшін қойылған қаламда белгілі бір үміткер партияның аты, не суреті болмауға тиіс. Болған жағдайда бақылаушының ол қаламды өзгертуге құқысы бар. Сонымен қатар бақылаушының 2-3 сағат сайын сайлау комиссиясы төрағасының рұқсатымен кіріп, тексеріп шығуына болады. Сондықтан бақылаушы сайлау комиссиясының мүшелерімен жақсы қарым-қатынас сақтай отырып, сайлаудың таза, әділ өтуін қадағалауды ғана білуі қажет.
Учаскеде барлық саяси партиялар туралы бірегей нысанда ақпарат болуға тиіс. Бюллетень үлгілері, комиссия мүшелерінің аты-жөні мен лауазымдары көрсетілген ақпарат, жоғары тұрған сайлау комиссияларының және сот пен прокуратураның телефондар тізімі болуға тиіс.
Бақылаушы сайлау комиссиясының үйде дауыс беру қанша жазбаша өтінішті қабылдағанын білуге құқылы. Ол өтініш бойынша сайлаушының дауыс беруін бақылаушының қадағалауына құқы бар. Сайлау жұмысы барысында өтініш саны толығып тұруы мүмкін. Сайлау процесіне қатысы жоқ тұлғалар учаскеде жүрмеуі керек. Мысалы, мектеп директоры, әкімшілік өкілдері, партия кандидаттары, милиция т.б. Егер бақылаушыны учаскеге кіргізбей қойған жағдайда, шағымдана алады.
Бақылаушы сайлау процесіне бөгет жасамай, бақылауға құқылы. Сондықтан берілген орында тыныш қана бақылауы тиіс. Егер бақылаушы сайлау процесіне кедергі келтіретін жағдайлар туғызуға себепші болса, оны сайлау комиссиясының төрағасы акті жасап шығарып жіберуге құқылы. Сондықтан бақылаушы өзін байсалды, саналы ұстауы қажет. Бақылаушының алдын лентамен т.б. жіппен бөгеп қоюға болмайды. Сыртқа шығып, демалып, жүруге болады. Сол жағдайда 2-3 бақылаушы болуы керек.
Учаскені ашу рәсімі кезінде сайлау комиссиясының үштен екісі болуға міндетті. Мысалы, 7 адамның 5-еуі, 11 адамның 7-еуі болуға тиіс. Ең бастысы, сайлау учаскесі ашылғандығы туралы хаттама толтырылып, оған қол қойылуы қажет.
Бақылаушыға дауыс беру барысының барлық сәттерін көріп отыратын орын берілуге тиіс және оны талап етуге әрбір бақылаушының құқы бар.
Сайлаушының барлық дауыс беру сәтінің басты кезеңі – бақылаушыға бюллетень алуы, кабинаға кіріп-шығуы, урнаға тастауы көрініп тұруы тиіс.
Бюллетеннің ксерокөшірмесін алуға бақылаушының құқы бар.
Сайлаушы бюллетеньге қол қойылуын қадағалауы қажет. Әр жеке адамға бюллетеньді берер кезде қол қойылады.
Бақылаушылар қалай тіркеледі?
2000 жылы сайлау туралы орталық сайлау комиссиясы бекіткен заңға бақылаушы құқы туралы 15-бап енгізілді. Бейнекамераға сайлау процесінің жүрісін орнында отырып түсіруге құқылы. Бақылаушының жолдамадағы аты-жөні құжаттағымен бірдей болуға тиіс.
Ерікті кез келген азамат кез келген үкіметтік емес ұйым, партиялық ұйым атынан тіркеле алады. Қазақстанда 24 мың ҮЕҰ бар, облыста 300-дей ұйым жұмыс істейді.
2-сауалнама – «Дауыс беру барысы»
Сайлаушылар тізіміндегі сәйкессіздіктер салдарынан сайлаушылардың дауыс беруге рұқсат етілмеген жағдайлар болды ма?
Сайлаушылар тізіміне қосымшалар мен өзгерістер енгізілді ме?
Сайлаушылар бюллетень алғанда жеке куәлігінен, паспорты мен әскери билетінен басқа қандай құжаттар ұсынды?
Дауыс беру құпиясы қамтамасыз етілді ме? Сайлау комиссиясы мүшелері бюллетеньдерге алдын ала қол қойды ма?
Жасырын дауыс беру кабинасында үгіт материалдары бар ма?
Сайлау комиссиясы төрағасының рұқсатымен жасырын дауыс беру кабиналарын тексеріп шығыңыз.
Учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері азаматтар мен бақылаушылардың ескертулері мен шағымдарын ескерді ме?
Дауыс беру барысында, сайлау учаскесінде үгіт-насихат жүргізілді ме? Ол қандай қоғамдық партияның не қоғамдық ұйымның бақылаушылары?
Үйден дауыс беру кезінде бақылаушылар тасымалданатын жәшік орналасқан көліктің ішінде болды ма?
Бақылаушы жәшіктің қасында отыруға тиіс. Машинаның артынан еріп жүріңіз деп жәшікті алып кетіп қалуға көнбеу керек.
Отбасымен дауыс беру жағдайлары болды ма?
1 адам үйінің бірнеше мүшесі үшін дауыс беруіне болмайды. Әрбір отбасы мүшесі жекежеке дауыс беруге тиіс. Отбасымен дауыс беру – отбасы мүшелерінің жеке-жеке куәліктерімен келіп, әр бөлек дауыс беруі. Урнаға топтап бюллетень тастауға болмайды. Сайлау комиссиясы үйде дауыс беру жөніндегі қанша жазбаша өтініштерді қабылдады?
Бақылаушылардың сайлау учаскесінің ішінде, сайлау процесіне бөгет жасамай, аралап жүруіне шектеу болды ма?
3-сауалнама – «Дауыстарды санау рәсімі»
Сайлаушылардың даусын есептеу дауыс беру рәсімі аяқтала салысымен дереу басталды ма?
Жаңа сайлау заңы бойынша сайлау бітісімен бірден бюллетень саналады. Заң бойынша дауыс санау кезінде тек хатшының қолында ғана қалам болады.
Сайлау туралы заңның 43-бап, 1-тармағы бойынша «Дауыстарды санау кезінде қатысатын сенім білдірілген адамдар мен байқаушылар дауыстарды санауды бюллетеньдегі белгілердің көрініп тұруы қамтамасыз етілетіндей қашықтықпен жағдайды бақылап тұрады». Қажет десе, әр бюллетеньді түсіріп отыруға да болады.
Сайлау бюллетеньдерін санау кезінде комиссия төрағасы немесе комиссияның белгілі бір мүшесі қатысушыларға сайлау бюллетенін көрсетеді және сайлаушының ерік білдіруін жариялайды. Бұл ретте бюллетеньдер әрбір кандидат, партиялық тізімін ұсынған саяси партия бойынша және жарамсыз бюллетеньдер бойынша жеке-жеке қатталып жиналады. Бюллетень санау рәсімі кезінде әр үміткердің аты-жөні жеке-жеке оқылып, бөлек-бөлек топталады. Топталып болғасын сенімділігіне көз жеткізу мақсатында арасынан біреуін алып, қарауға мүмкіндік берілуі тиіс.
Бақылаушыға бюллетеньдегі белгі көрінетіндей қашықтықтан орын берілді ме? Бұл өте маңызды кезең болғандықтан бақылаушы өз құқын кеңінен пайдаланып, заңды түрде талап ете алады. Сондықтан бюллетеньдер жатқан столға жақын, бюллетеньдегі белгі көрінетіндей жерге, мысалы 1 метрдей қашықтыққа жақындап отыруына болады. Бүгінгідей бейнетүсірім мүмкіндігі мол кезеңде әрбір бюллетеньді жеке-жеке түсіріп алуға да болады. Ол заңға қайшы келмейді. Мысалы, Украинада қол созымдай жерде отыру заңмен белгіленген. Сайлау учаскесі 8-де жабылады, бірақ соған дейін ішке кіріп үлгерген адамдарға дауыс беруге мүмкіндік беріледі. Ал ауруханаларда адамдар дауыс беріп болғасын, есебі шығарылып, ол жерден жәшікті алып кетуге болады.
Дауыс беру жәшіктерін ашар алдында пайдаланылмаған бюллетеньдер саналды ма және жойылды ма?
«Сіз қанша бюллетень бердіңіз?» деп сұрағанда, сіз де ілесіп жазып отыра аласыз. Бюллетеньнің саны артық шықпауы тиіс, кем шығуы мүмкін.
Мысалы, Қырғыз елінде санаудың демократиялық жолын қалыптастырудың жария түрі былай есептеледі екен. Жәшіктегі бюллетеньдер столға төгілген соң, әр бюллетеньді бақылаушыларға көрсету арқылы үлкен тақтаға сызықша қою арқылы есептеу әдісі болған. Бұл – өте қарапайым әрі таза санау жолының бірі.
Жәшіктен шыққан бюллетень кем болуы мүмкін, бірақ артық болмауға тиіс. Жарамсыз бюллетень қатарына – үміткердің бірнешеуін белгілеу немесе екі аралыққа белгі қою немесе белгі қоймау. Біреулер «иә» деген жазу жазады. Бұл қабылдануға тиіс. Себебі «иә» деген жазу дауыс беретін үміткердің тұсында тұрса, оны комиссия мүшелері дауысқа салу арқылы шешеді. Мүшелердің үштен екісі «Қабылдансын» деп дауыс берсе шешімін табады.
Бақылаушының талабы бойынша бюллетеньді тағы бір рет санап шығуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы сайлауды өткізу туралы заңның 43-бап, 9-тармағы бойынша «Тиісті жоғары тұрған сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссияларының хаттамаларында қателерді, сәйкессіздіктерді анықтаған болса, сондай-ақ дауысты есептеудің дұрыстығына күмәнданатын болса, ол комиссия тиісті учаскелік (аумақтық) сайлау комиссиясы сайлаушыларының дауысын қайта санау туралы шешім қабылдауға құқылы.
Сайлаушылардың даусын қайта санау жоғары тұрған сайлау комиссиясы мүшесінің және дауыстарының дұрыс саналмағандығы фактілерін табыс еткен өтініш берушілердің қатысуымен жүргізіледі».
Бір бақылаушы бірнеше сайлау учаскесіне барып сайлаудың өту барысын бақылауға мүмкіндігі бар. Акт жасап, 2 адам қол қояды. Акт тек учаске ішінде болған заңсыздыққа толтырылады. Сырттағы процеске бақылаушының қатысы жоқ. Хаттамаға комиссия мүшелері түгел қол қояды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
5495
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.