©
Бүгін бұл мектепте әдеттегіден бөлек ерекше күн. Құдды қаймағы бұзылмаған бүтін бір қазақ ауылының тұрмысына енгендей болдық. Мектепке енгеннен жүн сабап, тазалап, түтіп отырған ақ жаулықты аналар мен ши, өрмек, текемет тоқитын бұйымдар, оны тоқып үйретіп жатырған аналарды, бесігін тербетіп, шаш өрген жеңгелерді, тұлымшақтары желбіреп, «бес тас» ойынын, «тоғызқұмалақ» ойындарын жарыса ойнаған бүлдіршіндер бірден сонау киіз үйде күйбең тірлігін өткізген қазақ ауылын көз алдыңа алып келді. Киіз үйдің элементтерімен көркемделген мектеп фоесында шебер қолдардан шыққан бұйымдардан көрме жасалып, киіз басып, кесте тіккен, моншақ терген оқушылардың отырғаны да жанды жұмыстың жүріп жатырғанына дәлел бола алды. Тарихи тұлға Жалау Мыңбайұлының атымен аталатын Баутин ауылындағы бұл мектеп-гимназияда 27 сәуір күні болған облыстық семинардың жанды жұмысы осылай басталды. Осыдан үш жыл бұрын қолға алынып, таныстырылымы өткен «Ана мектебі» жобасы бүгін толықтай жүзеге асты. Аталған жоба аясында «Тәрбие бастауы – анадан» тақырыбында өтіп жатқан облыстық семинарға облыс, аудан, ауыл мектептерінен 200-ге жуық ұстаз қатысып, барлығы 300-дей қатысушы қамтылды. «Дәстүр», «Ұлттық дәстүр», «Жауқазын» би секциясы, «Аспаз», «Тоқыма» өнер секциясы, «Шебер қолдар», «Сән-дизайн», «Әдеп», «Бойжеткенмен сырласу», «Әйел бақыты – сырласу» сынды тоғыз секция бойынша практикалық бөлімінде жұмыс жасаған жоба облыстық оқу-әдістемелік және қосымша білім беру орталығы Маңғыстау облысының білім басқармасының іс-шаралар жоспарына сәйкес Жалау Мыңбаев мектеп-гимназиясының жауапкершілігімен ұйымдастырылды.
«Қыз еркем, анасымен көркем»
Шараның мақсаты – қыз балалардың бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділікті жан-жақты дамытып, қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі арқылы қыз бала тәрбиесіне тән қасиеттерді бойына сіңіруде ананың алатын орынын көрсетті. Семинарға облыстық оқу-әдістемелік және қосымша білім беру орталығының тәрбие бөлімінің жетекшісі Құралай Жарылғасова, аудандық білім үйлестіру орталығының директоры Жансая Молдажанова қатысты. Мектеп директоры Батырхан Тәжіғұлова семинардың ашылу рәсімін жасаса, үкіметтік емес ұйымдардан арнайы шақырылған аудандық «Азаматтық бастамасының» төрайымы Гүлсім Рамашова мектептегі қыз тәрбиесінде аналармен жүргізіліп жатқан жұмыстарға шолу жасап, сәттілік тіледі. Жоба авторы мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Балхия Тұрысбекова «Қыз еркем, анасымен көркем» тақырыбындағы коуч-баяндама жасап, бұл жобаның тиімділігі мен қыз тәрбиесіндегі маңызын түсіндірді.
Облыстық деңгейде ұйымдастырылып отырған семинарда әр секция өз тақырыптарын тарқатып, түсіндіріп, «Аспаз» секциясы ұлттық тағамдарды пісіруден, «Шебер қолдар» секциясы кесте тігіп, ши тоқу, ою салу мен пішу, тігу сияқты қолөнерден жауапты ата-аналар құрамы белсенді түрде шеберлік сағатын өткізді.
Гүлдәрия Жолдыбаева жетекшілік ететін «Жауқазын» би секциясына қатысушы балалардың ата-аналары белсенділік танытты. Олар «Қамажай – қазақтың ұлттық биінің негізі» тақырыбында кеш ұйымдастырып, ата-ана жүргізіп, қыздарымен мың бұрала биде билеп, викториналық сұрақтарға жауап беріп, бірі аталмыш тақырыпта «Қамажай» биі туралы зерттеу жобасын қорғады. Бидің қыз тәрбиесіндегі маңызы, сұлулық пен эстетикалық тәрбие беретін би өнерінің өзіндік тәрбиедегі рөлі осы секцияда тарқатылып 40 минутқа жалықтырмай сыйғызған сценарий аясында жүргізіліп өтілді.
«Шебер қолдар» секциясында артық сөзі жоқ ісмерлердің ісіне қанық болдық. Бірі киім пішіп, бірі тігіп, бірі үтікпен ою жапсырып жатқан аналар мен ілгек қадаған, ине сабақтаған оқушыларға көзің сүйсінеді.
«Бестемше» ойынын білесіз бе?
Ұлттық ойындарымыздан «Бес тастан» бастап, «Тоғызқұмалақ» ойындары да бастауыш сынып қыздарының қызыға ойнаған сәтіне куә болдық. Бізді қызықтырып, өзіміз де бұрын естімеген «Бестемше» ойыны туралы мектеп дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Қуантхан ағайды әңгімеге тарттық:
- «Бестемше» ұмыт қалған ойындардың бірі. Қазір жаңғырып, қайта ойналып жүр. Жарыстар да өтіп жатыр. «Тоғызқұмалақ» ойынына ұқсас, бірақ қысқа түрі. «Тоғызқұмалаққа» қарағанда сабақ арасында ойнауға өте жеңіл, тез аяқталатын қысқа ойын. Бұл ойын бірнеше комбинациялардан тұрады. Бұнда тұздық жоқ. Ойнаған адам өз қазанына жинайды. Бес кіші қазандықтардағы барлығы 25 таспен 2 ойыншы ойнап, жұп қылып алған қазандықтағы тастарды ойыншы өзінің үлкен қазанына салады, - деп ойын шартын түсіндірді ұстаз. Сонымен қатар, енді есін танып, есеп үйреніп жүргендерге де өте ұтымды ойын екен. Қайта жаңғырып жатқанына қуандық.
«Қарынбүрме» деген қандай ас?
«Аспаз» секциясы «Ас – адамның арқауы» тақырыбында Ақгүл ұстаздың жетекшілігімен ұлттық тағамдармен ақ дастархан жайып, ақпен қарсы алды. Секция ата-аналары қазақтың бауырсағынан бастап, құрт пен майын, қарынбүрме сынды ұлттық тағамдарын дастарханға арнапты.
Секцияда ұмыт қалып келе жатырған ұлттық тағамдардың бірі «Қарынбүрме» жасалып, пісірілген түрінен дәм ұсынылды. 4- сыныпта оқитын Рзахмет есімді оқушының анасы Венера ұсынған «қарынбүрме» асының дайындалу жолын да сөзге тарта сұрап алған едік:
- Менің отбасымда үнемі дайындайтын сүйікті «Қарынбүрме» асын арнайы жасап алып келдім. Бүгінде ұмыт болып бара жатырған «бүрмеқарын», «қарынбүрме» деп аталатын тағамды арнайы ұсынып отырмын. Әжелеріміз, аналарымыз жасайтын бұл тағамның ерекшелігі қарынға салынған ет көкөністер өз сөлінде піседі. Тағам асқазанға да ауыр тимейді. Қандай ет болса да бастысы семіз болғаны жақсы. Қарынға кезінде әжелеріміз жілік күйінде де салған. Көшпелі халық ретінде жақсы сақталып, сіңімді болуды ойлаған. Қарынға салып дайындалған «бүрмеқарынды» ауызын ине-жіппен тігіп, ортасына менің өз тәсілім түтікше салып кетем. Қайнаған уақытта үріліп, жарылып кетпеуі үшін. Әлгі түтіктен ауа шығады. Инемен тесудің қажеті жоқ, - деп өз асмәзіріндегі ұлттық тағамның жасалуымен бөлісті.
«Қызды көргенді ету үшін алдымен ана өзіне шек қойған»
Семинардың қорытындысы іспетті соңғы жұмыс секциясы «Бойжеткенмен сырласу» деп аталды. Ол семинардың тұщымды практикалық жұмысы болды. Мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалымы Гүлдана Байжан жетекшілігімен өткен секция жұмысында мектеп бітіргелі отырған оқушылармен сырласу форматында өтті. Алдымен жетекші қатысушы қыздар аналарымен ой бөлісіп, отбасындағы әйел мен ер міндеттері, бала алдындағы, әсіресе, қыз тәрбиесіндегі жауапкершілігі туралы түсіндірді. «Әлемнің жарығы», «Анашым», «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» атты үш топқа бөлінген қатысушы қыздар мен аналар өздерінің қыз тәрбиесіндегі тәжірибесімен сыр бөлісіп, қатысушы бойжеткен қыздар «Анамның айтқандары» күнделігі бойынша тапсырма алды.
Сабақ барысында бұрынғы аналар қыздары әдепті болуы үшін жасаған тәрбие тетіктерін тізіп шықты. «Қызды көргенді ету үшін алдымен ана өзіне шек қойған», «әже - қыз бала тәрбиесінде мықты қорған», «қыздың тыңдайтыны – ата-ана, сескенетіні, сыйлайтыны – аға, сырласатыны –жеңге, ұялатыны – ауыл, ру» деген қазақтың жазылмаған заңдылықтары мен қыз тәрбиесіндегі қағидалары қайталанды.
- «Қыз» - ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны, бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана, әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді,- деген оймен қорытындылап, қатысушы ұстаздар тарапынан сабақ «өте жақсы» деген бағасын алды.
Бюджеттен бір тиында бөлінбеген жобаны Жалау Мыңбаев мектеп-гимназиясы ата-аналар мен ұстаздар көмегімен мектеп ұжымының ұйымшылдығы негізінде ұйымдастырып, өнеге бола білді. Қатысушылар мектепке ата-ана келмейді, ата-ананы қоғамдық жұмыстарға тарту қиын деген әңгімелердің бос сылтау екенін осы шарадан байқағандарын да жеткізіп жатты.
Семинардың шығармашылық қорытындысы мектептің ата-аналары мен ұстаздарынан құралған «Әжелер ансамблі», оқушылардан құралған «Домбырашылар ансамблі» өнер көрсетті. Айтпақшы, дәл осы «Домбырашылар ансамблі» жақын күндерде Түрік еліндегі фестивальге қатысып, Қара теңізді күй күмбіріне бөлеп қайтып, қуантты. Бұл да аталмыш мектептің ең үлкен жетістіктерінің бірі.
Милана ЕЛЕУСІНОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="53198,53203,53202,53199"]