©
Бүгін Құрық ауылында орналасқан "Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті" базасында балаларға арналған инклюзивті ойын алаңы ашылды. Бұл ойын алаңы сөйлеу, көру, есту, тірек-қозғалысында қиындықтары бар балалар мен жасөспірімдерге психологиялық-педагогикалық-медициналық көмек көрсетуді көздейді.
Алаңның ашылуына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеев, Қарақия ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қыдырберді Беков, Ерсай Каспиан Контрактор компаниясының өкілі Аяпберген Бишенов пен "Дара" қайырымдылық қорының өкілі Гүлнар Досаева қатысты.
Бұл инклюзивті ойын алаңы «Дара» қайырымдылық қоры мен Ерсай Каспиан Контрактор компаниясының бірлескен жобасы аясында іске қосылып отыр.
Айта кетерлігі, 2018 жылдың соңына дейін Маңғыстау облысының білім басқармасы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Мұнайлы ауданынан Педагогикалық-психологиялық-медициналық концультация, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылынан Психологиялық- педагогикалық түзету кабинетін ашуды көздеп отыр.Маңғыстау облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірде педагогикалық- психологиялық-медициналық концультация, арнайы (түзету) білім беру мекемесі, мектепке дейінгі мекеме, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен оңалту орталығы сияқты 14 арнайы ұйым қызмет етеді. Оларда 49 арнайы педагог, 23 логопед, 19 олигофренопедагог, 7 сурдопедагог жұмыс жасайды.
Бүгінгі таңда Маңғыстауда 4968 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Олардың 869-ның ақыл-ойы кенже дамыса, 173-і аутизмге шалдыққан, ал 798 бүлдіршіннің тірек-қимыл қозғалыс аппараты бұзылып, 2067 бала мүгедек атанған.
Олардың басым бөлігі (2221) Ақтауда және Мұнайлы ауданында (933) тұрады. Инклюзивті ойын алаңы ашылып отырған Қарақия ауданында 180 мүмкіндігі шектеулі бала бар.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Фариза ХАЙДАРОВА