«Көктем аруы» байқауы басталады дегеннен қағаз, қаламымды, фотоапаратымды алып Маңғыстау аудандық мәдениет үйіне қарай беттедім. Кешкі сағат бестердің шамасы. Сырт киімімді қолыма алып, көрермендер залына кірдім, журналистердің әдеті емес пе, уақытынан бұрын барып қойдымау деймін, әлі ешкім жинала қоймапты. Арғы беттен әдемі киінген қыздарды көргесін сынға түскелі жүрген аруларымыз болу керек деп соларға қарай аяңдадым. Рас- ында да қыз баласына тән биязылықтары, еріксіз қаратар сұлулықтары өздеріне жараса қалған әдемі киімдеріне тесіле қарап тұрып қалыппын. Сондағы ойым жүректері алабұртып жүрген қыздардың қайсысы көктем аруына лайықты екен?..
«Өрлеу» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының ұйымдастыруымен өткен «Көктем аруы - 2018» байқауына бас-аяғы он ару қатысты. Байқаудың мақсаты - қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру, қазақ халқының қыз тәрбиелеу салт-дәстүріне байланысты әдептілікке, инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелеу, өскелең ұрпақтың мәдениетін, қазақ халқының салт-дәстүрлерін құрметтеу. Сахна өнері, вокалдық, көркем орындаушылық өнерге қабілетті жастарды анықтау. Қазақтың ұлттық құндылықтарын қайта жаңғырту.
Ортаға жүргізушілер шығып аруларымызды таныстыра бастады. Ауылдарының абыройын ту ғып ұстап келген әрқайсысының кеудесінде қуаныш та, қорқыныш та қатар тұрды. Алғашқы тапсырма бойынша сахнада сұлуларымыздың жүріс-тұрысы қимылы бақыланды. Әсем әуеннің ырғағына асқан байыппен қозғалған қатысушылардың сахна мәдениетіне жаттыққандары көрініп тұрды. Аяқ алыстары, қол қойыстары, қаз-қатар тіп-тіке жүрістері қазылар алқасын жаңылыстырғандай. Екінші айналымда өз өнерлерін ортаға салды. Бірі мың бұрала билесе, бірі тамылжыта ән салып, енді бірі монолог оқыды. Бірде баланың, біресе қарттың кейпіне енген олар шетінен өнерлі болып шықты. Әсіресе жетімнің монологын жүрекке жеткізе білген Н.Кенжебаева көпшіліктің көзіне жас алдырды. Сұрақ-жауап, сән шеруі сынды 5 айналымнан тұрған байқаудан сүрінбей өткен қыздарымызды ендігі қазылар алқасының айтар жауабы қызықтырды. Көрермендер де өз қатысушыларын қолдап, қолпаштап жатты. Бәрі де ару деген атқа лайықты болса да байқаудың ережесі бойынша біреуінің есімі аталатын хақ. Нәтижесінде өтестік аруымыз Кенжебаева Нұрия «Көктем аруы-2018» атағына ие болды. Жеңімпаздың тәжін кеш қонағы болып келген «Көктем аруы-2017» байқауының жеңімпазы Шайыр ауылының аруы Қанаева Мөлдір тапсырды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Miss Yessenov University-2018» атағы кімге бұйырды?!Биылғы байқаудың бір ерекшелігі «Көрермен көзайымы» номинациясы қосылды. Қазіргі заман талабына сай Instagram әлеуметтік желісі арқылы 882 лүпіл жинаған жыңғылдылық аруымыз Алтынбек Аяулым «Көрермен көзайымы» атағын иеленді. Байқауға демеушілік жасаған кеш қонағы, жеке кәсіпкер Серікбаева Рзагүл өзінің сыйлығымен қатысушыларды бір қуантып тастады.
Қыздардың өнеріне тәнті болып кештен әдемі әсерден шыға алмай тарастық. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деп басталатын өлең жолдары ойыма еріксіз орала берді.
Айгүл НОҒАЙХАН