Әдеттегідей, биылғы әз-Наурыз мейрамы да Бейнеу ауданында рухани тұрғыдан жаңаша жаңғырып, көркем нақыштармен көмкеріліп, ән-жырмен әрленіп, көпшілік көңіліне қуаныш сыйлады. Көтеріңкі көңілмен, ыстық ықыласпен 21 наурыз күні мерекеге жиналған жұршылықты Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Көңілімқосұлы Әбілов Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ақ тілегін арнады.
Амал күнін атап өтумен басталған бұл мейрамға Бейнеу ауданындағы барлық өндірістік мекеме кәсіпорындардың ұжымдары, жеке кәсіпкерлер, тәуелсіздік құрдастары жастар қалыс қалмай, үй тігіп, мерекенің мәнді де сәнді өтуіне атсалысты.
Аумағы атшаптырым орталық стадионға 20 наурыз күні аппақ жұмыртқадай киіз үйлер қаз-қатар тігіліп, қонақтарды қабылдап, қызмет жасауға сақадай сай тұрды. Мерекеге орай әсем безендірілген үйлер алыстан көз тартып, көркем көрініс көңілге жылы ұялады. Бейнебір ұлы даланың дүбірге толы төсінде болатын ұлағаты мол Ұлыстың ұлы күні мен думанды кештің хабарын айтпай-ақ түсінетін дейсің.
Кеште стадион ортасына орнатылған алтыбақан жанында жастар мен қыз-бозбала жиылып махаббат жайлы сыр шертіп, ән шырқап, би билесе, кеш қонақтары аудандағы «Алтыбақан» әнби ансамблінің қойылымын тамашалап, әсем ән-жырмен тербеліп, шаттыққа бөленді. Бір-бірімен құшақ жайып көрісіп, арқа-жарқа болған қонақтардың бір қатары дастархан басында отырып, әңгіме-дүкен құрып, қонақасыдан дәм татып, ақ баталарын ақтарды. Тылсым түннің түндігін түріп, ай сәулесімен шағылысып тұрған алтыбақан аясында жарқылдаған жастардың сыңғыр күлкісі көпке дейін үзілмей, мерекелік концерт түн ортасы ауғанша жалғасты.
Ертесі күні, яғни 21наурыз да стадионға сап түзеп тігілген киіз үйлердің сыртында таңмен таласа қызу дайындық жүріп, қазан-ошақ асылды. Әрбір үйде қыз-келіншектер дастархан жаю қамына кірісіп, мігір тапқан жоқ. Той қонақтарын жарқын жүзбен асыға күтіп жүрді.
Күн сәске мезгілге таянған шақта стадионға жан-жақтан тойшы қауым аудан халқы мен қонақтар леклегімен келе бастады. Әпсәтте алаң халыққа лық толып, «Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік бағдарлама шеңберінде мәдени көпшілік және спорттық шаралар бастау алды.
Наурыз мейрамына жиналған көпшілікті Бейнеу ауданы әкімі Б.Әбілов құттықтап, «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, Ақ мол болсын» деп, ыстық ықыласын танытып, жылы лебізін білдірді.
Жұрт назарын аударып,құлағын түрген сахна төрінен қалықтаған әсем ән мен тәтті күй төгіліп, мерекелік шаралар одан әрі қыза түсті. Мекемелер мен кәсіпорындардың өнерпаз ұжымдары, мәдениет ошақтары бірінен соң бірі кезек-кезегімен мерекелік концерттерін жалғастырып, сахналық қойылымдарын көрсетті. Ұлыстың ұлы күнінің мән-маңызын ұғындырып, салт-дәстүр мен әдеп-ғұрпымыз дәріптелген «Наурыз қыздың көші», «келіндер керуені» «Қыдыр атаның келуі» көркем көріністері көрермендерді бей жай қалдырған жоқ. «Сал-серілердің», «Аналар ансамблінің» орындауындағы тамыл-жытып салған дәстүрлі халық әндері әуелеп, асқақтаған ән мен күмбірлеген күйдің алтын арқауы – халықтың салт-дәстүрімен сабақтасқан, еліміздің бірлігі мен ынтымағы, өркениет көшінде күнненкүнге өрлеп келе жатқан рухани жаңғыру жолындағы Қазақстан халқының жарқын бет бейнесін паш етті.
Мерекелік мәдени-көпшілік шаралармен қатар ұлттық ойындар мен спорттық сайыстар да жиналған жұртшылықтың көз қуанышына айналып, ерекше қызығушылығын тудырды. Әли Балта палуанның жүлдесі сарапқа салынған күрес ұйымдастырылды. Көрерменге сергектік сыйлаған спорттық ойындардың қайқайсысы да тартымды болып, тапжылдырмай тамашалатты.
Наурыз тойына келген халықтың үлкендер жағы, ауыл ақсақалдары, сырттан келген қонақтар айқара құшағын ашып, қонақжай пейілін танытып күткен үй иелерінің жайған дастарханының басына отырып, наурыз көжеден дәм татып, баталарын берді.
Наурыз тойына жарасымды ұлттық киім киіп келген жұрт ата-бабамыздың тұрмыстіршілігіне енген жөн-жоралғы мен ырым-үрдісті ұмыт қалдырған жоқ. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ата-бабадан келе жатқан ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерін дәріптеді.
Сахнадан әуелеген ән мен жыр бір сәтте толастаған жоқ. Шалқып, шарықтап, атырапқа жайылып жатты. Ән-жырмен теңіздей толқып, күйге балқыған көрермен сергек сезіммен, шалқар шабытпен той соңын серуенге ұластырды.
Осылайша мейірлендіріп, нұрлы шуағына малындырған Наурыз мейрамы жалпы халықтың рухани жаңғыруының керемет келбетін айшықтап, жан жадыратқан шаттыққа бөледі.
Әділ КӘРІСБАЙ