Біздің ата-бабалар сан ғасырлар бойы аңсап, армандаған қасиетті Тәуелсіздікке жетіп, бұрынғы ТМД елдерімен өндірістік байланыстар үзілген аса ауыр кезеңдерде Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен экономиканы көтеру, сол арқылы елдің әлеуметтік ахуалын түзеу басты мәселе болғаны ақиқат. Бұл белгілі дәрежеде өзін-өзі ақтады да. Сәулетті қалалар салынды, ауыл-аймақ түледі, күнкөріс те айтарлықтай жақсарды.
Әйткенмен, қанша жеріміз кең-байтақ, байлығымыз жетеді дегенмен, «судың да сұрауы бар». Жер тозып, су сарқылмауы, айдын-көл, орман-тоғайымыз табиғи қалпын сақтауы тиіс.
Осы ретте көптен айтылып келе жатқан бір аса өзекті мәселеге қайта қозғау салмаса болмайтын тәрізді. Бұл жалпы биоресурс байлығы 500 млрд. доллармен есептелетін, әлемдегі бекіре тұқымдас балықтардың 90 пайызы шоғырланған, мұхиттар құймайтын (20 млн. жыл бұрынғы Тетис мұхитының бөлінді аралы) оқшау жатқан тұйық теңіз Каспийге байланысты болып отыр.
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда теңіздегі еншімізді бөліп алғаннан кейін (қазақстандық сектор 29 пайызға ие) «Каспийшельф» компаниясы оффшорда мұнай барлау жұмыстарын қауырт жүргізе бастады. Көптеген барлау компаниялары асау айдынның төскейіне бұрғы бойлатып, «қара алтын» іздестірді. Қанша өндірістік кемелер түрлі материалдар тасымалдап, жасанды айлақтар салуы теңіз қойнауында қалған мыңдаған мұнай ұңғылары баба-теңіздің табиғи қалпына нұқсан келтірмей тұрмады.
Әрине, бұл тиімді экономикалық мәселе ме, әлде саяси мәселе ме, біздің одан нақты хабарымыз жоқ. Біз тек экологиялық жағынан халықпен бірге алаңдаймыз. Бұл күндері «ҚазМұнайГаз» «Қашаған» кенорнында мұнай өндіруді ұлғайтып жатса, одан келер табыстың қомақты боларына талас жоқ. Алайда осыдан шамамен 4-5 жыл бұрын осы өндірістік игеруді бастар тұста құбырлар жарылып, теңізге айтарлықтай мұнай төгілгені әлі есімізде. Тіпті ең сенімді деген АҚШ мұнай компаниясының Мексика шығанағындағы үлкен мұнай апатына жол беріп, мұхитқа майдың жайылып кеткені, оған сол кездегі президенті Б.Обаманың өзі барғаны бұл проблеманың күн тәртібінен түсуге тиіс емес екендігін айғақтайды.
Кезінде бұл мәселені аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы, аса білімді, зерделі азамат, өңірдегі ПГМК-ға қарасты ХГМЗ, СКЗ секілді кәсіпорындарда технолог, мастер, учаске бастығы болып ұзақ жылдар қызмет жасаған, түрлі-түсті металдар бойынша білікті маман Ықылас Ноғаев батыл көтергенін, Каспий сынды таңғажайып теңізде мемлекеттік мониторинг жүргізілуі қажеттігін газетімізде жарияланған сұхбаттардан оқыған едім. Осынау аса мәнді мәселе бойынша өлкедегі белгілі, тәжірибелі экология мамандарының бірі О.Тоғжанов та мемлекет тарапынан қатал бақылау болмайынша теңіз флорасы мен фаунасына зор қатер төнетінін айтқан болатын.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстау ауданында алда атқарылар істер сараландыКейбір дерек көздерінен жеткен ақпараттарға сүйенсек, қызметінің бір бағыты бойынша атмосфералық ауа жағдайына, теңіз суы, топырақ және түптік шөгінділерге мониторинг жүргізуі тиіс «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Каспий теңізінің ластануына, яғни экологиялық қауіп-қатерлерге алдын-ала мониторинг жүргізбей отырғаны байқалады. Әлде бұл елдік мәселені түбегейлі әрі қатаң бақылауға алатын арнаулы сараптама орталығын құрған дұрыс болар... Теңіздің биоресурстарын қалай қорғап, қалай сақтаймыз? Телегей теңіздің флорасы мен фаунасынан айырылып, Аралдың қасіретті күйін кешпейміз бе? Қара алтынды қазбалаймыз деп, табиғи байлықтарымызды жойып алмаймыз ба? Теңіздің тағдырына алаңдаған көпшілікті осы сауалдар мазалайды.
Көк айдынды тел емген 5 мемлекет те оның экологиялық жағдайына жауапты. Теңізде қандай жұмыстар жасалса да табиғи қалпын сақтап, келер ұрпаққа аманаттау – міндетіміз. Қазақстаннан төрткүл дүниеге жол ашқан қасиетті теңізіміздің экологиясына жайсыз әсер ететін табиғи және техногендік факторларға тосқауыл қойып, алдын алу шараларын жүйелі жүргізуді қолға алатын мезгіл жетті, біздіңше!
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ