Өткен жылдан бері халық арасында елімізде дінге байланысты жаңа заң қабылданатындығы, соған орай хиджап киюге, сақал өсіруге, бейберекет некеге отыруға тыйым салынатындығы жөнінде қызу пікірталастар жүріп жатыр. Аталған мәселелер тұрғындардың назарын ерекше аударып, алаңдатуы заңды да. Себебі соңғы кездері елімізде түрлі діни ағымдар пайда болып, соған байланысты кейбір адамдар арасында теріс наным-сенімдер орныққаны жасырын емес.
Сонымен бұл күндері жобасы ҚР Парламенті Мәжілісіне ұсынылып, талқыланып жатырған Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілмекші? Біз бүгін солардың кейбіреулеріне тоқталмақшымыз.
Алдымен, көпшілікті алаңдатып отырған хиджап кию мәселесіне келсек, қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін, яғни көзіне дейін жүзін қара пердемен тұмшалап алғандарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес тыйым салынады, яғни заң қабылданғаннан кейін бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге қатысты заңнама талаптарын бұзған адамға ескерту немесе елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал осы әрекетті әкімшілік шара қолданылған мерзімнен бастап бір жылдың ішінде қайталап жасаған жағдайда ескерту немесе жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Алайда бұл Заң тыйым салмайды екен деп әйелдеріміз халқымыздың ұлттық киімдерінен безіп, бөгденің, яғни арабтардың тарихи ұлттық киімін кию керек деген сөз емес. Осы хиджап жөнінде белгілі жазушы Зейнеп Ахметова бір сұхбатында:
- Хиджап арабтардан келген тұмша. Олардың өзі мұсылман дінін қабылдағанға дейін хиджап киген. Яғни, хиджап – олардың тарихи ұлттық киімі. Даласы – шөл, үнемі құм борап тұратын болғандықтан, олардың әйелдері көздерін ғана қалдырып, тұмшаланып киінетін болған. Ал, оны біз хиджап кимеген мұсылман емес деп, біреудің қаңсығын таңсық көріп жүрміз. Құдай-ау, шашыңды жауып жүргің келсе, неге кимешек кимеске. Қазақ әйелдерінің кимешегіне тең келер киім бар ма?! Ол денсаулыққа да пайдалы болған. Қазір жәдігерге айналған кимешекті алып қараңыз. Алдыңғы өңірі кіндіктен төмен түседі және бірнеше қабат кестеленген. Яғни, омырауды жауып тұрады, төске суық өткізбейді. Арты үшбұрышталып келеді де, тілерсекке дейін төгіліп тұрады. Белді суықтан қорғайды,- дейді.
Бұдан шығатын қорытынды өзгенің ұлттық болмысымызға жат киіміне, салт-дәстүріне жабыспай, өзіміздің ата-бабамыз ғасырлар бойы қастерлеген асылымызды бағалап, қолданғаннан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз хақ.
2011 жылдың 26 желтоқсанында қабылданған ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заңына да өзгерістер енгізіледі. Айта кету керек, тек мемлекеттік органдар қиған неке (ерлі-зайыптылық) ғана заңды деп танылады. Діни жоралар мен рәсімдер бойынша қиылған неке (ерлі-зайыптылық) тіркеуші органдарда тіркелген некеге (ерлі-зайыптылыққа) теңестірілмейді және тиісті құқықтық салдарлар тудырмайды.
Жобада аталған заңның 2-бабының 3-бөлімі келесідей мазмұндағы төртінші және бесінші абзацтармен толықтырылсын делінген:
«Некені қию немесе тоқтату бойынша (ерлі-зайыпты болуды) діни жоралар мен рәсімдерді ғибадат үйлерінен (ғимарат) тыс жерлерде жүргізуге жол берілмейді.
Егер де діни жоралар мен рәсімдер бойынша некеге тұруға (ерлі-зайыпты болуға) ниет білдірген адамдардың біреуі ғибадат үйіне (ғимаратына) келе алмайтын болса (ауыр науқастануы, жүріп-тұру қиындығымен байланысты мүгедектігі, күзетпен ұсталуы немесе бас бостандығынан айыру орындарында болуы) некені діни жоралар мен рәсімдер бойынша қию (ерлі-зайыпты болуды) үйде, медициналық немесе өзге де ұйымда некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың қатысуымен тіркелген діни бірлестіктің өкілімен жүргізіледі.
Бұл өзгерістерге соңғы кезде елімізде орын алған неке қиюдағы келеңсіздіктер себеп болды. Әділет министрлігінің статистикасы бойынша елімізде соңғы 10 жылда діни жоралар мен рәсімдер бойынша 30 мыңнан аса неке қию (ерлі-зайыпты болу) тіркелген!
Бұл туралы жақында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Г.Әбдіхалықова: «Зерттеулер нәтижесінде мәжбүрлеп неке қию, әсіресе кәмелетке толмаған қыздарды некеге отыруға мәжбүрлеу сияқты ұмыт болған құбылыстар анықталды. Қазақстанда 15-18 жас аралығындағы қыздардың 5 пайызға жуығы тұрмыс құрған, бұл ретте олардың көпшілігі мәжбүрлеп тұрмысқа шыққандар, алайда бұл қылмыс болып табылады. Ерте тұрмыс құру қыздарды балалық шағынан айырады, олардың дамуына, білім алуына кедергі келтіреді, денсаулығына қауіп төндіреді.
Сонымен қатар, мұндай ресми түрде тіркелмеген отбасылар заңнан тыс қалады, яғни ажырасқан жағдайда анасы әкесінен балаларына өз еркімен бермесе, сот арқылы алимент ала алмайды, бірге тұрған жылдарында жинаған қаражат пен дүние-мүлікті бөлісе алмайды және тағы басқалар.
Әсіресе, кәмелетке толмаған адаммен заңсыз некеге отыру деструктивті діни ағым өкілдері арасында жиі орын алуда. Олар жасөспірім қыздарды ата-анасының немесе қамқоршы адамдардың жазбаша келісімінсіз некесін қия береді. Сөйтіп Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексінің 10-бабының 5-бөлігін бұзады.
Бір өкініштісі, көбіне мұндай «неке одақтары» ер адамның қарапайым ауызша мәлімдемесімен бұзылады. Нәтижесінде жас қыздар жасөспірім балаларымен өмір сүруге қаражатсыз қалады. Бұдан басқа әйелдерді бір ер адамнан екінші ер адамға беру жағдайлары да кездеседі. Бұған дәлел көп.
Атырау қаласының 35 жастағы Күләш есімді тұрғыны осындай алдаудың құрбаны болды. Соңғы 5 жылда ол 9 рет тұрмысқа шығып, сонша рет ажырасқан. Бүгін ол ұл өсіріп жатыр, бірақ баланың әкесі кім екенін өзі де білмейді. Бұл осындай жағдайлардың тек біреуі ғана.
365info.kz ақпараттық агенттігінің сайтында «Шымкенттің жүкті оқушылары – ұлттық дәстүр ме?» деген мақала жарық көрді, бұл мақалада Оңтүстік Қазақстандағы «мектептегі» жүктіліктің жоғары көрсеткіштеріне қатысты мәселе көтерілді. Осы мақалада берілген мәліметтерге сәйкес жыл сайын 600-800-ге жуық жасөспірім қыздар мектеп қабырғасында жүріп жүкті болып қалады екен. Мұндай некелер ресми тіркелмейді, көбіне оларды деструктивті діни ағым өкілдері қияды. Демек, осы норманы заңнамалық деңгейде енгізу азаматтардың құқықтарын қорғауда аса қажет».
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қазақ поэзиясының ХантәңіріЗаңға енгізілетін тағы бір өзгерістің бірі – ол Қазақстан Республикасы азаматтарының шетел мемлекеттерінде рухани (діни) білім алуына Қазақстан Республикасында жоғарғы рухани (діни) білім алғаннан кейін ғана жол берілетіндігі. «Бірақ халықаралық шарт (келісім) негізінде тіркелген діни бірлестіктердің Қазақстанда рухани (діни) білім беру ұйымдары болмаған жағдайларда шетелде діни білім алуға болады» делінген жобада.
Рухани (діни) білім беру ұйымдары өз қызметтерін қоғамға білім беру, ғылыми-зерттеу және қаржы қызметі туралы хабардар ете отырып, ашық түрде жүзеге асырады. Осындай норманы қабылдау қазіргі кезде қажеттілік болып табылады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мұны ел тұрғындарының көпшілігі қолдап отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанда тіркелген діни бірлестіктер, сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен келісім меморандумына қол қойды. Осыған байланысты, діни мекемелердің түлектері Қазақстандағы оқудан соң шетелдерде заңды негізде оқуларын жалғастыруға мүмкіндіктері бар.
Азаматтарды шетелге білім алу мақсатымен жіберу діни орталық немесе діни басқарма арқылы, кейін атқарушы орган (Мемлекеттік діни бірлестіктермен жұмыс комитеті) келісімімен іске асады.
Шетелдік мемлекеттердегі рухани (діни) оқу орындарында ҚР діни ұйымдарында тіркелген деген жолдамасыз оқуға тыйым салынады, ал бұл азаматтарды радикалды діни топтардың қатарына кіріп кетуден сақтайды. Мұндай талаптар басқа елдердің тәжірибесінде баяғыдан бар. Мәселен, Түркия және Малайзия азаматтарына отанында базалық ілімді алған соң араб елдеріндегі жоғары оқу орындарында діни білімдерін жалғастыруға рұқсат етіледі.
Жобада сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңының 35-бабының 2-тармағына да өзгерістер енгізілмекші. Енді бұдан былай рухани (діни) білім беру ұйымдарында білім алып жатқан адамдарды қоспағанда, он алты жасқа толмаған кәмелетке толмағандар ата-анасының біреуінің, кәмелетке толған жақын туысқанының немесе өзге де заңды өкілдерінің ертіп жүруімен, сондай-ақ ата-анасының бірі немесе кәмелетке толмаған адамның заңды өкілі қарсылық білдірмеген кезде құдайға құлшылық етуге, діни жораларға, рәсімдерге және (немесе) жиналыстарға қатыса алады.
Бұл әлі оң-солын танымаған балаларды теріс ағымдарға еріп кетпеуінен сақтайды деген сенімдеміз.
Дін қызметі және діни бірлестіктер мәселелері бойынша еліміздің кейбір заңдарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар мемлекетімізді зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратын, әркімнің ар-ождан бостандығы мен құқығын қорғайтын, адамдардың діни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретін нормативтік құжат болады деп сенеміз.
Еркеш НӘРЕМБАЕВА, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі