Арамызда он сегізінде от кешкен рухы биік жандар жүр. Олардың қайсыбірін сөйлетсеңізде өз бастарынан өткен оқиғаларын жайбарақат кейіпте емес, рухтана отырып әңгімелейді. Себебі олар соғыс дегеннің қандай боларын біледі, оларға қан мен тердің иісі таңсық емес, аштықтың зардабын сол кезде біркісідей тартты.
КОКП және КСРО басшылығы Ауғанстандағы 1978 жылғы сәуір төңкерісі нәтижесінде билікке келген “халықтық-демократиялық үкіметті” қолдап, көршілес елдің социалистік бағытпен дамуын көздеп, “интернационалдық әскери жәрдем береміз” деген желеумен оның ішкі істеріне араласа бастады. 1979 жылы КСРО Қарулы Күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан ауған соғысының басталғаны мәлім. Ауған жерінде бір емес, тастай 9 жыл 10 айға созылған соғысқа қазақстандықтар да қатысты. Елі, отбасы бейбіт күн кешіп жатқанда, 18-20 жастағы әскери борышын өтеуге кеткен өрімдей жастар ауған жеріне, соғыс даласына жөнелтілді. Саясаттың кейбір келеңсіз әрекетінен туындаған ауған жеріндегі соғыс, 1989 жылдың 15 ақпанында аяқталды, Кеңес әскері ауған жерінен әкетілді. Биыл Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 29 жыл толды. Осыған орай Түпқараған аудандық мәдениет үйі «Рухы биік жандарды ардақтайық» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырыпты. Түпқараған ауданындағы ауған соғысы ардагерлерін марапаттап, оларға жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестері үшін алғыс хаттар табыстап, ән мен сазы келіскен концерттік бағдарламасын ұсынды.
Осы 29 жыл ішінде ауған соғысының ардагерлері бұл күнді ерекше атап өтеді. Думандатып емес, ауған соғысында өздерімен бірге қызмет етіп, ерлікпен қаза тапқан, жат елден елге оралмаған жауынгер достарын еске алып, олардың рухына құран бағыштауды ұмытпайды. Одан бөлек мектеп оқушыларымен кездесу өткізіп, өз естеліктерімен бөліседі. Ауғандардың жартасы мен таутасты даласында 3000-3200 метр биіктікке дейін көтеріліп, 60 С˚ ыстықта қақтығыстар жасау, аштықты, шөлді сезіне жүріп, қиындыққа мойымау, жаралы жауынгерлерін жау қолында қалдырмай, арқалап жүру, ауылға деген сағынышын көкірек түбіне жасырып, өліммен бетпе-бет келу сияқты ерліктерді бастан кешірді. Әр жылдың 15 ақпаны күні Түпқараған ауданындағы ауған соғысының ардагерлерінің құрметтеп баратын тағы бір жері ол – ауған соғысында қаза тапқан жауынгер Қалмырза Берішбаев құрметіне Баутин ауылында орнатылған ескерткіш. Қ.Берішбаев ауған соғысында өз командиріне бағытталған оққа өз кеудесін тосқан батыр. Қарапайым қазақ баласының ерлігі өз командирін өлімнен арашалап қалумен өлшенеді. «Келесі жылы Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай ТМД бойынша үлкен шара ұйымдастырылатын болады. Қалмырза Берішбаевтың өлімнен арашалап алып қалған командирі Украина жерінде тұрады екен, соны іздеп таптық. 30 жылдық шара аясында ол командирді Түпқараған ауданына шақырып, кездесу ұйымдастыру ойымызда бар. Ол болашақтың еншісінде» дейді Маңғыстау облыстық «Боевое братство» ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдастық ұйымының төрағасы Мәтжан Шәулеев.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мамандар Маңғыстауда құтыру ауруының тарауына қауіп жоқтығын айтты...Ұлы Отан соғысының жарасы кете қоймағанмен, бәсеңдеп келе жатқан бейбіт күннің бірінде ауған соғысы деген ұғым тағы келіп, қарапайым халықты әбігерге салған екен. 1979-1989 жылдар арасында Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тауыпты. 21 адам хабарсыз кетті. Бүгінгі таңда Қазақ елінде 10000ға жуық ауған ардагерлері бар. Олардың 3000-дайы – мүгедектер қатарында. Бұл соғыста КСРО-ның әскерлері мен әскери техникасы орасан зор шығынға қираған екен, деген нақты мәлімет көздерін бүгінгі бейбіт күннің ұландары интернет арқылы табады. Оның не себепті басталғанын да байымдай алады. Осы уақытқа дейін ауған соғысы ардагерлері жан-жараларын іште сақтады, ол туралы көп айта да бермейді. Себебі соғыс туралы айту ол кездерді қайта еске салатыны бар емес пе?! Жоғарыда соғысқа қатысқан жауынгер ағалардың сөзінен түйгеніміз – елді қорғайтын азаматтардың өр рухты болуы елін жақсы көруі парыз екендігі. Өмірге адам болып келгенмен, азамат деген абыройлы атақты өз елін қорғайтын ерлер ғана иемденетінін аңғартты.
Клара МЕҢДІБАЙҚЫЗЫ