Жазушы Мір Шайырдың «Періштенің сыбыры» романы – жаңа заманның жаңашыл туындысы. Қаламгердің осы романынан бұрын жазған «О, Данышпан Дүние!..» роман-трилогиясындағы Әлигер мен «Періштенің сыбырындағы» Таман тұлғаларының күрделі тағдыры қаламгерді ішкі монолог, түс, елес, фантомдық көріністер, толғаныс сияқты психологиялық тәсілдерге жүгіндіреді. «Періштенің сыбыры» романын оқи бастағаннан «...Бір әлемет аспанға әуелете көтеріп ала жөнелді...». Дәл осылай басталатын романның алғашқы «Көкжалдың жүрегі» бөлімі сізді де аспанға әуелете көтеріп әкеткендей. Дүниежүзі халықтары үшін аспан – мифтік сана бойынша жоғарғы әлем. Көкке табыну анимистік түсінікті басынан кешкен ежелгі дәуірдегі бүкіл халыққа тән қасиет екені белгілі. Тәңір түрік-моңғол, жалпы Азияны мекендеген көп халыққа ортақ ұғым. Сәбиді осылай аспанға көтеріп әкеткен ғаламат күш әуеден сәбидің көзімен қарайды. Жердегі көріністерге таң-тамаша сәби төмендегі қым-қуыт жүгірісті қызықтай, шаттана күледі. ..Жан-жағы бұлдыраған алыстар көз алдынан аунай өте береді.
«...Аң-таң... қызық... Мына айнала дүниенің шаттығы кішкентай көкірегіне лықси еніп, керней, бұның өзі де осынша асқақ, осынша тұңғиық, осынша көл-көсір әлемге, мына бұлттарға, ана жарқыраған айдынға, сілім-сілім тауларға, өзендерге айнала бергендей ме... ...Көз алдындағы кең әлем әсері кішкентай кеудесіне сыйыңқырамай, асып-төгілердей...». Автор шығармасында адам жанының астарын, ішкі иірімдерін, сезім құбылыстарын сәби көзімен танытады. Сөйтіп сәби санасы арқылы қиял шексіздігіне жол береді.
«...Өзінің құспен бірге қалайша әуелеп келе жатқанын белгісі келетіндей... Мойнын бұрып жан-жағына қарап еді, құс мұны күрең мақпал сырмақ кеудешесінің қос иығынан шеңгелдерімен қармай көтеріп келеді екен...». Сәби жылаудың орнына сықылықтап күле береді. Бұл – табиғаты қайсар нәрестенің бейнесі. Автор шығарма басынан жетектеп әкеле жатқан «бір әлеметтің» алып қыран құс екеніне көз жеткізесіз. Қырандарға байланысты бұл оқиға сәби Таман образын ашудағы алғашқы тәсілдердің бірі. Олимптегі Зевстің бүркіті болған, бұл – классикалық сипат, бірақ мұның өзі оның архаикалық сатыдағы зоомофты түрін анықтауға мүмкіндік береді. Ал бүркіт көптеген ғалымдардың байқауынша, Күннің символы. Бүркіттің әлемдерді байланыстырушылық қызмет атқарғаны Самұрық, алып қара құстардың кейіпкерлерге көмектесу, адам баласын өздеріне баулу идеясы қисса-дастандарда, аңыз әңгімелерде кездескенімен бұл шығармада шынайы көзбен көргендей әсерде боласыз.
«...Бойын қытық әсері билеген сәби, қазіргі халіне шаттанғандай, сүйкімді күлкісінен танбады... Мұнысымен ол мына зыңғыраған зеңгірді де, кіршіксіз ақша бұлттарды да – осы дүниені түгел беймаза да жұмбақ, сиқырлы да сыңғырлы әуендерге бөлей берердей...». Жазушы романда періште сәби үнінің құдіретін, сүйкімді күлкісін ерекше мән бере сипаттайды.
Енді бір сәт нәресте қыранның ұясында. Кең ұяның ішінде екі балапан бар. Ата қыран ұясына кішігірім қасқырды балапандарына талғажау етуге әкеледі. Ана қыран қасқырдың төс тұсын қақырата ашып жіберіп, әлі бүлк-бүлк қозғалып жатқан жүректен тұмсығымен бір шымқып үзіп, сәбиге ұсынғанда, ол балапандарша аузын ашып, түйір етті баяу, ұзақ талмайды. «Дәмі таныс секілді. Өзіне беймағлұм әлденені есіне түсіргендей ме... Таныс дәм оның аузына ту-у алыстан, өте алыстан жетіп жатқандай...». «...Ол, әрине, бағзы ата-бабаларының, бағзы түркілердің ырым етіп көкжал жүректерін жегенін, сәбилерін де көкжалдай батымды, алымды болсын деп осы жыртқыш жүрегімен ауыздандырғанын қайдан білсін... Бірақ сол дәмді сезінулі. Ол бағзыдан бойындағы қанмен жетіп, жадында жаңғырып тұр еді...». Жазушы бұл оқиға, құс пен сәби арасындағы қатынас арқылы үлкен тарихи ойды меңзеп отыр. Қазақ фольклорындағы классикалық батырлар жырларының қайсысын алып қарасаңыз да, батырлардың өмірге келуі, ғажайып туу сарыны бойынша дүниеге келуі, анасының тотем аңға жерік болуы белгілі. Жазушының «Таныс дәм оның аузына ту-у алыстан, өте алыстан жетіп жатқандай...» деуі «Алпамыс батыр» жырында Алпамыс батырдың анасының қабыланға, «Манас» жырында Манастың анасының жолбарыстың жүрегіне жерік болғанын ойға оралтады. «Көкжалдың жүрегі» деп аталатын бұл алғашқы бөлімде жазушы бағзы замандардан келе жатқан қазақтың көкжалмен байланысын, алғыр мінездестігі жайындағы аңыздық сарынға психологиялық талдаулар жасайды. Өйткені, «Жаңашылдық, қашанда соны идеялық-көркемдік ізденістермен толығады. Тақырыптың жаңалығы барша табысқа кепіл емес. Жаңалық жазушының өмір құбылыстарына келу тұрғысынан, көз көрген, естіген фактілерді қорыту, ойлау позициясы мен суреттеу принциптерінен, белгілі бір идеяны жеткізу ерекшеліктерінен аңғарылмақ».
Сәбиге қасқыр жүрегін жегізуі, қыран ұясынан ұйықтап тұрғанда өзін қырандай сезіндіруі, көктен жерге ана қыран қанатымен ұшып келе жатып Таман жаратылыстың басқа бір қабатынан, өзгелерге беймәлім деңгейінен келе жатуы, Таман бойынан көкжал исін сездіруі, сәбидің жер бетіндегі мына тірліктің тым қарабайыр екенін сезуі, оның нәресте сезімдерін биіктік әлеміне қоюы – жазушының шеберлік қырлары. Батырлық жырлардағы батырлардай ерекше жаратылған образ.
Романды оқи отырып, тылсым күштің әсерінің бар екеніне көз жеткізесіз. Бұл психологиялық күй жазушының көркемдік ойлау жүйесінен лайықты орын алған. Романдағы тағы бір ғажайып образ – аппақ аруақ шал. Бұл да – аңыз, әпсаналар мен қазақ фольклорына тән образ. «Аппақ аруақ шал көздеріне сынаптай мөлтілдеп шоқ тұнғандай, жылы ишарамен сәбиге бұрылды. Бала оған мән бермеген, тек көзқарастары ұшырасқанда күлімсіреп, серпіліп қалды. Биік рухтағы адамдардың өзара түсінікті тілдерде лебіз алмасқанындай». Аппақ аруақ шалдың сәби Таманға осылайша күш дарытуы басты қаһарманның болашақтағы асқақтығын көрсеткендей. Айбаттана зорайып, асқақтаған ірі тұлға аппақ қудай шал бірте-бірте пәсейіп, кішірейе беріп, бір кезде ол әбден семіп, шүйкедей күйге жеткенде сескенбеген жан қалмайды. Тек кіп-кішкентай нәресте Таман ғана көз алдында өткен жәйтке пәлендей мән бере алмағандай, бұрынғы жайбарақат қалпында жата береді. Бұл да – жазушы тәсілі.
Сәбидің қайтпас қайсар, жүректі боп өсіп келе жатқанындығының куәсі, беймәлім құдіреттердің делбеуімен соның бәрінің тезінен өткен кіп-кішкентай сәбидің бойына дарыған қызулар мен жылулардың, биіктіктер ықыласы мен ілтипатының белгісі іспетті. Сәби тұлға ретінде суреттеледі. Осы ретте автормен аталмыш роман туралы пікірлескенімізде: «Ресми ғылымда жеке тұлға адам есейген шақта қалыптасады деген тұжырым болды. Мен студент кезімде философ профессорлармен тұлға одан әлдеқайда ерте қалыптасады деп көп дауластым. Енді адам үш жаста жеке тұлға ретінде көріне бастайды деген тоқтам бар. Бұл да шындықан алыс. Гендік деңгейге дейін үңілер болсақ, жеке тұлға ана құрсағына біткен шақта, екі қан араласып болған сәтте қалыптасады. Бұл пікірдің алғышарт ойлары мектепте «Адам анатомиясы» пәнінің сабағында келген» дегені бар. Амалсыз келіскіміз келеді. Себебі Мір Шайырдың деректеріне, дәлелдеріне иланбасқа болмайды. Оның еңбектері ғылыми талдауларға негізделгенін көреміз.
Аппақ қудай әулие шал жайлы талай аңыздар бар екені рас. Ақ түйесімен оның аспандағы бұлтармен араласа ұшып бара жатқанын көргендер болған. Біреулер оны Ұлығ Мұхаммедтен, Асан Қайғыдан бата алған деседі. Енді бір ескі құлақтар сол әулие шал Ұлығ Мұхаммедтен де, Асан Қайғыдан да бұрын, түркі түркі боп жаралғалы, одан қазақ таралғалы өмір сүріп келеді деп дау айтады. Сол әулие Ман Атаның заманынан бүгінге жеткен. Заратустраның көзін көріп, ақылшысы болған. Тана әулиенің: «Осы кісі біздің ұлттың, адам баласының мәңгілік мұратын көксеп, уағыздаушы», – деген байламы да осы туындының тарихи-аңыздық деректерінің түйіні сияқты.
Ағаш тостағандарға ыстық сорпа құюға ыңғайланған Ханша ананың нәрестенің тірі екенін сезінуі, Бәтима әженің қырық бір құмалаққа ден қоюы, Тана қарттың көріпкел құмалақтардың құпия тілін ұғуы – қазақтың әдет-ырымының шынайы көрінісі. Сол сияқты бата беру, қазақтың әдет-ғұрыптары, жаңа айға сәлем беру, балқыған қорғасынмен қорықтық құю, балаға жерұшық беру сияқты қазақтың әдет-ғұрыптары шығарма шырайын арттыра түскен. Шығарманың негізгі идесы Аппақ қудай абыз шал, Тана әулие мен осы заман кейіпкерлерінің бейнелерінде ашылады. Мір Шайыр прозасында кейіпкерлер психологиясы шебер ашылады. Шығармада тура портрет немес тура мінездеу жоқтың қасы, кейіпкер психологиясын ашудың негізгі кілттерінің бірі әлемдік фольклорлық, сондай-ақ архаикалық сарын, аңыздық желі тәсілі романның басынан аяғына дейін желі тартып жатыр. Шығарманы оқу үстінде жазушының романды жазу барысында шындық құбылыстарды молынан жинап, сұрыптағаны, көп ізденгені, фактілерді дұрыс таңдай білгені көрінеді.
Романда өткен ғасырда еліміздің басынан өткен ауыр сындары, тәуелсіздіктің ақ таңына жетуіміз, алдағы күндерге деген ұмтылыс негізгі жиынтық бейне Таман бейнесі арқылы, оның еңбектегі ерен істері, ерліктері дәл сипатталған. Таман образын ашуда жазушы кейде қиял-ғажайыптық тәсілдермен оқырманын сендіреді. Ә дегеннен романды оқи бастасаңыз, сізді қалай жетелей жөнелгенін сезбей де қаласыз. Аңыз өрген елдегі таңғажайып оқиғаларға сенбеуіңіз де мүмкін емес.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстау темір жол вокзалы қалаға көшірілмекРоманның келесі бөлімі – «Кестелі орамалда» басты кейіпкердің бозбалалық шағы, алғашқы махаббаты, жолдастары, сатқындық пен достық сынды ұғымдармен етене танысуы жан-жақты суреттеледі. Қандай қиындықтан да мойымайтын көкжал мінезді, қыран сипатты, «бойында ізгілік пен мейірім, байыпты талдау ой мен кең пайым, суыт қыран мінез бен азулы көкжал жыртқыш тайталаса өрбіген» сабырлы, ойшыл Таман бейнесі көз алдыңа келеді.
«Заратустра күркесінде» бөлімі төрт мың жыл бұрынғы Ұлы Дала келбетін бейнелеуге арналған. Мұнда автордың тарих қойнауларынан сыр шертер деректері қызықтырады. Заратустра арқылы аңызға айналаған Ман Ата туралы жазушы ізденістері алға тартылады. Жазушы адам мүмкіндігінің шексіздігін көрсетуге бел байлап, кішкентай миымызға шексіз кеңістікті, Ұлы Даланы сыйдырған. Бірде періште сәби көзімен, бірде қыран көзімен Дала бейнесі көз алдымызға келеді.
«Құйын-өрттің ішінде» бөлімінде бас кейіпкердің нағыз азаматтық болмысы көрініп, өмірдің құйыны мен өртіне төтеп берген тұлғаның бейнесі асқақатай түседі.
«Періште жолдан тайған күн» бөлімі нағыз тартысқа құрылған. Саясат, билік, кеңестік заманның көріністері, қоғамдық-саяси шындық бұл бөлімде дәл көрсетілген. Шындықтың қандай да жалғандықты жеңіп шығатындығы тайға таңба басқандай көрінеді.
Романға алғысөз жазған белгілі ғалым, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Уалихан Қалижанов романды байыппен оқып, әр бөлімде көтерілген идеяларға тоқталып, жазушының жаңашыл туындысын «Тәуелсіздік кезең әдебиетіне қосылған соны, жаңалығы мол, көтерген мәселесі өзекті туынды. Шығарманы оқи отырып, қайталанбайтын, ғылыми негізі бар көптеген деректерге тап боласың. Романның ерекшелігі де осында», - деп бағалап, шығарма туралы «Мір Шайырдың «Періштенің сыбыры» романындағы басты ерекшеліктердің бірі – мұнда бүгінгі заман проблемаларын оқиғалар барысында мұқият талдай отырып, әдемі мәнермен оқырманды тақырыпқа сәйкес ежелгі заман мағлұматтарына қанықтырып, елдік, елжандылық, адамгершілік сезімдеріне үйіре береді. Адам баласының бүгінгі сана-сезім деңгейі мен алғашқы қауымдық сана ойната салыстырылатын тұстар үлкен ойларға жетелейді», - деп осыған дейін ел аузында аңыз боп келген, тарихымыздың құпия көмбелері мен сырлы мұрағаттары ашыла бастаған жаңа заманда ағылшын, француз, неміс, орыс һәм қазақ ғалымдары зерттеулеріне сүйене отырып, Мір Шайыр Ман Ата сүйегі Маңғыстаудың Ман Ата тауында жатыр деп білетіндігін атап айтады.
Қорытындылай келе, романға енген әрбір эпизод өз орнын тауып, жымдасып, жазушының айтар идеясымен ұштасып жатқанын дәлелдедік. Қазіргі қазақ әдебиеті көркемдік дамудың жаңа сатысына көтерілгеніне тағы бір көз жеткіздік. Роман жанры өмір шындығын көркемдік шындықпен беруде негізгі рөл атқарып келеді. Талантты қаламгерлер барда егемен еліміздің туған әдебиеті әлі де талай тамаша туындылармен толыға түсері сөзсіз.
Нағбду ҚАМАРОВА, Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты