Қызылтөбе елді мекенінің тұрғыны Сағидолла Оразов ауданымызға он саусағынан өнер тамған зергер ретінде танымал. Оның туындысынан шыққан әсемдік бұйымдар қаншама әйел затының қажетіне жарап жүр.
Қарапайым қазақ шаңырағында туылған Сағидолла Оразов - отбасындағы бес ұлдың ең кенжесі. Әкесі Тоқтау бала Сакоштың жадында өте еңбекқор жан ретінде сақталған. «Механикпін» деп тоқтап қалмастан үйдегі ескі-құсқы дүниелерді жөнге келтірумен әрі ағаштан түйін түюмен айналысқан екен. Металдан бөлек өнерге біртабан жақын болыпты. Көпшілік ортада болмағанмен бала-шағасының, ағайын-туманың арасында керемет «күйші» атанған. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әке Тоқтаудың «бірдеңені білсем», «өзімше үйренсем», «менің де қолымнан келеді» дейтіндей қасиеттері бала тәрбиесіне оң ықпалын тигізгендей.
Сағидолла Оразов оқушы кезінде түрлі үйірмелерге қатысқан. Бірақ мектеп бітірер жылы нақты қандай мамандық таңдарын өзі де ұқпаған. Сөйтіп жүргенде мұның сурет салуға, зергерлік өнерге икемді екенін байқаған туған ағасы Түгелдің ақыл-кеңесімен 1991 жылы Абай атындағы мемлекеттік университеттің көркемсурет және қолданбалы өнер факультетіне құжат тапсырады. Сағидолла үшін зергерлік «мектептің» алғашқы баспалдақтары Алматы орталық мұражайының шеберханасында студент кезінен басталады. Оқи жүріп жұмыс істеудің пайдасы шеберлігін шыңдауға мол мүмкіндік туғызады және 1995 жылы осы оқу орнын үздік бітіруге септік етеді.
– Ең алғашқы жасаған бұйымым – сақина. Сақинадан күрделі – жүзік. Жүзік қалың әрі үлкендеу, жұмысы да көптеу болады. Тапсырысқа қарай сырға, шолпы, шаш бұрымына тағатын шашбау, өңірге тағатын алқа, бастырма, өңіржиек те жасаймын. Өңіржиек – әйел адамдардың әшекейлерінің ішіндегі үлкен орын алатын және маңызды әшекей бұйым саналады. Себебі оның тарихы тереңде жатыр. Бұрындары бұл әшекейді тұрмысқа шығатын жас қызға арнап жасатқан. Қыз барған жерінде бақытты өмір сүруі үшін бақытты ана болуы, ана атануы үшін ұрпақ жалғастыруы керек. Ал, ұрпақ жалғастыратын ананың құрсағы тіл-көзден, бәле-жаладан аман болсын деген мақсатта осы әшекей жасалған екен, – дейді Сағидолла Тоқтауұлы.
Оның айтуынша, өңіржиектегі үстіңгі, ортаңғы және төменгі тақталардың өз мағынасы бар. Үстіңгі тақта – бір Жаратушыға ғана сенеміз, соның қолдауымен өмір сүріп жатырмыз деген мағына береді.
Ортаңғы тақта – қазіргі өміріміз, «қазаның ортаймасын» деген мағынада. Ал, ең төменгісі «өлі жебемей, тірі байымайды», өмір болған соң жақсылық та, жамандық та кездеседі, үлкені кетіп, жасы келеді, яғни шүкіршілік етуге үндейді.
Түсінуімізше, мұндай әшекей бұйымдардың өзі тектен-текке жасалынбайды. Бұрындары қыз бала басының бос екендігін білдіруі үшін сыңар білезік таққан. Ойын-сауық кештеріне барған жігіттер қыздың басы бос екендігін оның білегіне таққан әдемі білезігі, сырға, шашбауы арқылы білетін болған. Білезіктердің: сыңар білезік, қос білезік, бес білезік, жұмыр білезік, көзді білезік, үзбелі білезік, топсалы білезік, т.б. түрлерін атауға болады.
Шебердің сөзінше, ескі бұйымдардың көбінде үшбұрышты және ромб (шаршы) оюлар көп кездеседі. Ол ұрпағымыз көбейе берсін, жапырағымыз жайылсын деген мағынада жасалынатын көрінеді.
– Ер адамдардың ең алдымен белі мықты болу керек. Сол үшін белдік жасалады. Одан кейін жүзігі, қылыштың сабы, жебенің қынабы. Одан басқа заманауи түймелер, шапанның жағасына қадайтын ілгектер, тағы-тағысы адамның сұранысына қарай алтын мен күмісті пайдаланып жасай беруге болады. Жалпы зергерлік суретшілік өнерге жатады. Сурет сала білу керек. Ойдан шығармашылық жасай білу керек. Өз басым жасаған дүниелерімнің бәріне бар махаббатымды арнаймын. Сондықтан да қолымнан шыққан туындыға ешкімнің наразылығы болған емес, – деген кейіпкеріміз адамға ақшадан бұрын алғыс, бата алу қымбатырақ екенін тілге тиек етті. Бір бұйымды жасауға қанша уақыт кетеді деген сауалыма әр адамның әр қилы энергиясы болатынын, ол көзге көрінбейтін тылсым дүние, ішкі түйсікпен сезетінін, кей адамдардың ақ ниетіне байланысты уақытынан бұрын, ал кей тұтынушылардың долы мінездеріне орай айтылған мерзімнен кешігіңкіреп шығатындығын айтты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда су жиналатын 10 учаскенің құрылыс жұмыстары аяқталдыЖә, айтып, айтпай не керек, көрікті бұйымға қажеттілік туса зергерді Қызылтөбеден іздеп тауып, өз идеяңызға қарай жасатып алсаңыз көз жеткізерсіз. Елбасымыз айтпақшы, «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш».
Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының бір кейіпкері атануға осы маңғыстаулық зергер лайық деп есептеймін.
Әсел ТАҢАТАРОВА Суретті түсірген Ақерке ГАГАРИНА