©
Айша Айтжанованың Ш. Есенов атындағы КМТИУ-де «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі: тарихи маңызы мен тағылымы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзінен қысқартылып алынды
ЖЕЛТОҚСАН ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕНІ БАСТАСАҚ, ЖҮРЕГІМ ҚАРС АЙЫРЫЛАДЫ
Толқу тек Алматыда емес, Қарағандыда, біздің Маңғыстауда да, жан-жақта болды. Ол уақытта мен осы Маңғышлақ облысы, Шевченко қаласында жұмыс істейтін едім. Осы жақтан Алматыға ұшып бардым.
7 желтоқсан күні Сайын аға (Шапағатов) жиналыс жасады. Сол екі сағатқа созылған жиында не істеу керек, қандай жұмыс атқару керек деп барлық пікірін айтты. Бәрі бастарын салбыратып, үндемей отыр. Ол уақытта бәрі коммунист қой, мен де коммуниспін. Аға ешкімді тыңдата алмағанын, ешкім кетпейтінін түсінді. Сосын «Алматыдаға мирный митингіге киелі жерден бір азамат қатыссын деп ұсыныс тастап едім, ешқайсысы қозғалмайды. Қара қыз сен барасың», - деді. Бармаймын дей алмадым. Есебін тауып, жұмыстан іссапар анықтамасын алдым. «Қара қыз, үйіңе бар. Бала-шағаңның тамағын дайында. 9-ы күні ұшақпен жолға шығасың. Онда кім күтіп алады, қайда орналасып, не істейтініңді өзіңе жеке айтамын», - деді аға. Әуежайдан қара киімді екі кісі келді де, мені проспект Гагарина, 355 мекен-жайына апарып орналастырды. 2-3 сөмке буклеттерді әкеліп, таратуға тапсырма берді. Кешке ішетін тамағымды және жұмыс киім әкеліп береміз деп кетті. Екі жеңі қап-қара кір, біреудің от жаққанда киген киімі болар, ақ күрте, ақ бас киім, ер адамның шалбары мен аяқ киім әкеліп берді. Қайда баратыным, қайда тастайтыным, қалай беретінім бәрін қағазға жазып берді. Қауіпті біреу кезіксе, бұл қағазды жұтып қойып, ешкімнің қолына түспеуім керек. Айналамда күдікті адам байқасам, мүжәлсіз адам секілді қоқыс жәшігінің қасына барып, қалдық нандарды сөмкеңнің бетіне саламын. Сөйтіп бәрін тараттым. 16-сы күні алаңға бардық. «Менің Қазақстаным!» әнін айтып, әр жерде он шақты студент жүр, арасында жұмысшылар да бар болар. Милиция ұрсып қуып жібереді. Бүкіл халық наразылықтарын білдіріп, осындай үлкен күйзеліс жағдайға ұшырап, қайғылы күнді бастан өткізді. Айту біз үшін ауыр. Желтоқсан туралы әңгімені бастай қалсақ, жүрегім қарс айырылады.
1986 жылғы оқиға үш күн деп есептелсе де, талай көздері мөлдіреген сіздер секілді ұл-қыз көз алдымызда қыршын кетіп жатты. Тағдыр ғой. Тірі қалған біздер азап шектік. Кеңестік РОВД-ға қамалдық. Ең бірінші мені алып кетті, аузымды жауып жүрмейтін қазақпын. Қаршадай қызды шашынан ұстап, сүйрелеп бара жатқанын көріп, «Мал емес қой саған, тимесейші» деп едім, арқамнан дубинкамен бір қойды. Жаныма батып кетті. Ағыл-тегіл жылап жүрмін. Барлығын бірінің үстіне бірін итеріп кіргізіп жіберді де, мені алып қалды. Екі қолымды желкеме қойып, жарға қаратып тұрғызып қойды. Менен кейін де он шақты жас жігітті әкеліп жатты. Біздің жазамыз басқа болды-ау деп ойлап қоямын әрі ағыл-тегіл жылап тұрмын. Қозғалуға рұқсат жоқ. Бір ер адамның жан дауысы шықты, соған жалт қарадым. Оған алған жазам – желкемнен алған соншалық ауыр соққы болды. Жаныма батқаны сонша, тыныстай алмай қалдым. Қасымда тұрған жігіт мені жұбатып қояды.
Желтоқсанның 19-ы күні мені көшеден ұстап алды. Жастарды қоқыс тиейтін көлікке қол-аяқтарынан ұстап, лақтырып жатыр екен. Мені алып кеткен жігіт қала сыртына апарып тастады. Киім, заттарымды әкеліп, қалада көрінбеуім керектігін айтып, біреудің сарайына апарып тастады. Бейтаныс кісілер мені тамақтандырып, ертесі күні "Алматы-Маңғышлақ" пойызына мінгізді. Сөйтіп 9 желтоқсанда кеткеннен 24-і күні ауылға келдім.
МАҒАН ҚОРЛЫҚ КӨРСЕТКЕН КУРСТАСЫМ ЕДІ...
Келгесін Сайын ағаға бардым. «Қызбалықтың кей кезде дұрыс емес болып шығатын тұстары бар. Әй, қарындасым-ай, анау 9 еркектің бірін жібермей... Сенің екі балаң, жолдасың бар. Қиындық көретін болдың-ау. Сені бәрібір шақырады», - деді. Ақымақтығым болар: «Миллиондаған адамның ішінде мені тауып ала қоя ма? Шақырмайтын шығар", - дедім. Сосын "Сайын аға, мынаны есіңде сақта. Мен тергеуге түссем, «бұл кісіні мен жұмсадым» деп ара түсіп келсеңіз, мен сізді өтірікші қыламын. Мен Сайын деген кісіні танымаймын деймін. Сізді білетінімді өлсем де мойындамаймын», - дедім.
Сонымен жыл жарымдай тергеу жүрді. Бойым аласа болса да, екі метр бұрымым болатын. Соның 80 сантиметрін қиып тастады, қол-аяқты сындырды. 4-5 жігіт шылым шегіп отырып, түтінін маған үрлейді. Басым айналып отырамын. Бұл кешкі сегізден түнгі он екі, бірге дейін, кейде үшке дейін жалғасады. «Сен не бітіргелі жүрсің? Әлия болғың келе ме, әлде Мәншүк болайын деп пе едің?» деп, қолындағы ыстық шайды бетіме шашып жібереді. Өз бұрымыма өзімді байлап, қабырғаға екпінмен итеріп жібереді. Есімді жиғанда сөйлеуге әлім келсе, «Оңбағандар, мен сендерге ештеңе айтпаймын» деп айқайлаймын. Шылыммен аяғымды күйдірген ізі әлі бар. Ет пен тері күйсе - қуаныш. Сүйегіңе тигенде ток тартқан тәрізді, денеңді біреу балталап шауып жатқандай әсер етеді. Сөйтіп, 9 ай дегенде түгел тісім түсіп қалды. Осының бәрін істеген, менімен 6 жыл бірге оқыған курстасым - марқұм Бейбіт деген жігіт. Шашымды қиған да сол...
ЖІГЕРІМДІ ТҮСІРМЕЙМІН
Осынша қиындық көрдім, көзімнен айырылдым, денсаулығымды құрттым деп жігерімді түсірмеймін. Себебі болашағымыз – жастар бар. Қазақтың қыздары жігерлі болуы керек. Желтоқсанда жігіттердің жасаған ерлігі ұшан-теңіз, қыздарымыз да олардан кем түскен жоқ. Біздің ұл-қыздарымызға мұны айтып, мықтылыққа, ұлтшылдыққа, намысқа үн тастап айтпағанда кім айтады? Барлық қиындықты айтпасаң да, жастарға патриоттық тәрбие ретінде үніңді естітіп, айту қажет деп есептеймін.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА