©
Әлі күнге шаруаның соңында жүрген Қайырбай Жорасов ақсақал қазір еңбек демалысында. Бірақ шаруа адамы қай кезде арқасын кеңге салып жатушы еді.
Жастайынан атқа отырғызып, асау үйреткен балалары өз жолын қуып жылқышы болды. Енді малдың қиындығын тартып, «Сартақырдың» дөңінде жылқы қайырып жүрген солар. Әсіресе үлкен ұлы Бердекеш. Енді өзінің ізінен ерген ұлының тілеуін тілеп отырған жайы бар. Соңғы үш жылдан бері тұрақты табысқа қол жеткізуде. Биыл да жағдайлары жақсы. Құлынды жақсы алды. Мал басынан шығын берген жоқ. Осыларды ойлай отырып тәубә дейді.
Жасы келіп, тарлан тартқан қазіргі шағына дейін Қайырбай аға не көрмеді. Қоныстың қуаңдығын, судың тапшылығын көрді. Төл ала алмай қалған кездері де болды. Бірақ солардың барлығы ақ адал еңбегі арқасында артта қалды.
Бір сәт таң азаннан жылқыға кеткен ұлы есіне түсіп далаға шықты. Қойнауы құтқа толы «Сартақырдың» кең жазығы алдында көсіліп жатыр.
Әлі есінде, сол бір жылдары бір үйір жылқыны сонау тақырдың қойнауында жатқан жазықтыққа әкеліп, қайырғаны. Сонда да қараша айы болатын. Сол бір үйір жылқы кейіннен бірнеше үйір болып көбейді. Таң азанда құрығын сүйретіп, осында келіп тыныстап, тамағын ішетін. Итқұсқа жем қылмай, бір баста шығын берген жоқ. Тіпті, ұзын аяқты мал ғой, таң атқасын тұрып, түске таман қарап шығармын демей, түнді осы үйірмен өткізген күндері де аз болмады. Кейде осындай тірліктері есіне түсіп, біраз көңіл жұбатады.
Әкесі де жылқышы болатын. Білетіндер өздерін жылқышылар әулеті атайды. Асау үйреткен, реті келгенде бәйгеге шапқан кездері де болған. Солардың барлығы енді көзден бұлбұл ұшқандай. Бірақ, оған еш өкінбейді. Әкесінің құрығын ұстап, абыройға бөленді. Бұл тарлан тартқанда балалары ержетті. Енді жылқыға ұлы Бердекеш ие. Ол да серіктестіктің дәулетін тасытуға өзі секілді бір адамдай үлесін қосып, жылына құлынды межелеген мөлшерден артық алды. Қазір де жағдай жаман емес. Қытымыр қыстан жылқылары аман шықты. Көктем мен жаз да жайлы болды. Ойлап отырса осының барлығы өмірінің қуанышы ғой.
Айналаға тағы да құмарлана көз тастады. Бір қиыры сонау «Аққұдықтың» адырларына барып тірелетін «Сартақырдың» кең жазығы көз алдарында көсіліп жатыр. Алыс қырлардың арғы жағынан жайылып жүрген ақтылы қой мен айыр інгендер, нар маялар көрінеді. Осы бір көрініске тамсанып тұрғанда адырдан қызыл айғыр бастап үйір үй алдынан шауып өтті. Араларында есейіп қалған құлындар мен жас байталдар секіріп ойнап, мәз болуда. Құлынын жарыстырып, тұяқтарымен даланы дүбірлетіп өзгеше бір сезімге бөленеді. Көзін ашқалы осы көрініске бой үйреткен қарияға мұны көрудің өзі бір қуаныш және ата-бабасы айтып кеткен ырым бойынша мұны қыс жақсы, малға жайлы болатындығының кепілі деп біледі.
Әне құрығын иығына іліп, әлгінде даланы дүбірлетіп өткен үйірдің артынан ұлы Бердекеш кетіп барады. Оның артынан Аманкелдісі де ілесе шапты. Бердештен кейін үйір тізгінін ұстайтын осы – ұлы.
Иә, бүтін бір әулет өсіп келе жатыр. Бұған Қ.Жорасов ақсақалдың көңілі марқайып, рухы асқақтады. «Арманың аласармасын. Құлының өсіп тай болсын, бағарың молайып, көңілің көктем жай болсын» деп үйірдің соңында кетіп бара жатқан қос ұлына батасын берді.
Иә, Маңғыстаудың қай шаруашылығын алсаң да соңғы кездері осындай малшы әулеттері жыл санап көбейіп келеді. Жақсы өмірді бастап, жаңалыққа қол жеткізетін де осы әулеттер. Бұған ауыл әкімі, кәнігі малшының баласы Бауыржан Еркеғұловтың «ауылдың жеке қожалықтары ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігуге ынта білдіруде» деген сөзі куә. Кооперативке бірігу шаруашылықтың екінші тынысы ашылады деген сөз. Жеке-жеке жүргеннен гөрі ұжымға бірігіп, техниканы ортақ пайдалану, мал азығын дайындап, жүкті жұмыла көтерсе ғана табыс та молаяды, тұрмыс та түзеледі. Олай болса, бұл жақсы үрдістен Жорасовтар әулетінің де шет қалмасы белгілі.
Закария НАЗАР
Тағы оқыңыздар: «Гвоздь» театры облыстық байқаудың бас жүлдесін алды