«Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі («МОАА» ЗТБ) Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының, Маңғыстау облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының және Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар Министрлігінің 2017 жылғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылған жұмыстарына шолу жасап, қорытындылады. Басқосуда «МОАА» ЗТБ президенті Жібек Ахметова аталған әлеуметтік тапсырысы аясында бес жобаның табысты жүзеге асқанын жеткізді.
- «МОАА» ЗТБ Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының «Облыстық ресурстық орталықтың қызметін ұйымдастыру арқылы үкіметтік емес секторды дамыту» жобасын жүзеге асыру аясында үкіметтік емес ұйымдарға 360 кеңес берді, Қостанай қаласына 10 ҮЕҰ үшін тәжірибе алмасу мақсатында іссапар ұйымдастырды. ҮЕҰ өкілдерінің әлеуетін арттыру мақсатында 2 оқыту тренингін, ҮЕҰ және қоғамдық кеңес мүшелеріне 1 семинар, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жүзеге асырылуына ҮЕҰ-дың үлесі тақырыбында 2 сұхбат алаңын өткізді. 7 ҮЕҰ ашылуына ықпал етті, сондай-ақ ҮЕҰ 67 паспорты жасақталды, - деді ол. - Жобаның мақсаты ресурстық орталықтар, мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастықтар, бұқаралық ақпарат құралдары және жергілікті тұрғындармен ынтымақтастықты нығайту арқылы үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық бастамаларды дамытуға ықпал ету. Бүгінгі таңда ҮЕҰ және мемлекеттік органдар өте тығыз жұмыс жасай бастады деп айтуға болады. Қазір жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту Қазақстан мемлекеттілігінің дамуында маңызды орын алады. 2018 жылдан бастап «100 нақты қадам» ұлт жоспарына сәйкес, ауыл тұрғындары өздерінің жергілікті бюджет қаражаттарын басқару мүмкіндігіне ие болады және аталған процесс жергілікті халықтың қатысуымен жүзеге асырылады. Бұл өзерістер ауыл әкімдері және жергілікті қауымдастық мүшелерінің әлеуетін көтеру қажеттілігін тудырады және осыған орай, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды және қоғамдық мониторингті жүзеге асыру қағидалары мен тетіктерін түсіндіру бойынша ақпараттық науқандар жүргізу» жобасы жүзеге асырылды.
Ж.Ахметованың айтуынша, жоба мақсаты — жергілікті өзін-өзі басқару механизмдері мен қағидаттарын жүзеге асырылуына және жергілікті қоғамдастық мүшелерінің шешім қабылдау процесіне белсенді қатысуына ықпал ету. Осы жоба аясында «МОАА» ЗТБ ҮЕҰ өкілдерінің, ауыл әкімдік қызметкерлерінің және жергілікті қауымдастық мүшелерінің әлеуетін арттыру мақсатында 4 оқыту тренинг сериясын ұйымдастырды, азаматтардың қоғамдық мониторингке қатысуын кеңейту бағыты бойынша ауыл тұрғындары арасында 10 ақпараттық кездесу өткізді, Сонымен қатар 2 мемлекеттік қызметке мониторинг жасалды. Олар: 1. «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркелу»; 2. «Қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің және мұз үстімен жылжитын құралдардың ҚР аумақтық суларына (теңізіне) және ішкі суларына шығуына рұқсаттамалар беру».
Сондай-ақ «Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыру бойынша жобаны жүзеге асыру» жобасы ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментімен бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамның төзімсіздігін қалыптастыруға бағытталған.
Тағы оқыңыздар: Т.Мұқантаев: Бұл байқаудың өткенінен хабарсыз болдым- Жемқорлыққа қарсы күреспен айрықша мемлекет қана емес, азаматтық қоғам да айналысуы қажет, себебі, азаматтық қоғамды тарту жемқорлықпен күресудің тиімді тетіктері болып табылады,-деп атап өтті «МОАА» ЗТБ президенті Жібек Ахметова.-Жоба аясында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында облыстың 550 тұрғынына сауалнама жүргізілді. Облыс бойынша ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны түсіндіру бойынша 7 ақпараттық кездесу өткізілді. Жастардың қатысуымен 1 әлеуметтік бейнеролик шығарылып, 10 мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларына мониторинг жүргізілді, халық көп шоғырланған жерлерде қоғамдық қабылдаулар мен акциялар ұйымдастырылды, арнайы мобильдік топтармен біріккен жұмыстар өтті. Сонымен қатар «Жастар жемқорлыққа қарсы!» тақырыбында студенттер арасында театрландырылған көріністер байқауы және облыс жастары арасында пікірталас турнирі өтіп, оның нәтижелері «Жемқорлықсыз болашақ» атты облыстық форумда жарияланды. Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар Министрлігінің «Ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету жолдары. Ақпарат иеленушілерінің міндеттері» атты жобасы бойынша мемлекеттік мекемелер, бюджет қаражатын алушылар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, қызмет пен тауар нарығындағы қоғамдық маңызы бар ақпаратқа ие ірі кәсіпорындар, заңды тұлғаларға және БАҚ мен ҮЕҰ өкілдеріне арналған ақпаратқа қол жеткізу аясындағы мәселелер бойынша вебинарлар және семинарлар сериясы өткізілді. Семинар қатысушылар аталған ақпарат иеленушілері қызметі жайлы ақпаратты, қалай жариялауға болатындығын, оларға қатысты заң талабы жайлы ақпарат алды. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заң түсіндіріліп, оны тәжірибеде қолдану проблемалары талқыланды. ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері аталған заңның орындалуына қоғамдық мониторинг жасау мүмкіндігімен танысты. «МОАА» ЗТБ Маңғыстау облысының тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының «Сыртқы жарнамалар мен көрнекі ақпараттарда ҚР Тіл туралы Заңнама нормаларының сақталуы бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізу» жобасы бойынша «Тіл саясатын сыртқы жарнама нысандарында қолдану» тақырыбында баспахана басшылары мен дизайнерлеріне арналған оқыту тренингін ұйымдастырды. Сыртқы жарнама объектілеріндегі мемлекеттік тілдің тазалығын, сауаттылығын қамтамасыз ету бойынша 7 акция ұйымдастырылды. «Сыртқы жарнамалар мен көрнекі ақпараттарда Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңнама нормаларының сақталуы» тақырыбында екі тілде 350 дана нұсқаулық жасақтап шығарды және Маңғыстау облысы көлемінде 300 сыртқы жарнама нысанына фото-мониторинг жүргізілді.
Бүгінде сыртқы жарнама қоғамның мәдени санасын қалыптастырушы әлеуметтік ортаның ажырамас бөлігіне айналды. Осынау заманауи өнердің ерекше формасы ретінде сыртқы жарнамалардың даму тенденциясы мен ерекшеліктерін зерттеудің қажеттілігі туындап отырғанын атап өткен Ж.Ахметова сыртқы жарнаманың тұрғындарға тек ақпарттық деңгейде әсер етіп қана қоймай, адами құндылықтардың қалыптасуына да үлес қосатынын айтты. Өкінішке орай, жарнама нарығының қарқынды дамуына қарамастан, сыртқы жарнамалар мәтінінде қателер өте көп болғандықтан оның мазмұнын оң бағалаудың қиындығы анықталған.
Дөңгелек үстел басына жиналған тапсырыс берушілер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері жүзеге асқан шаралар төңірегінде қойған сауалдарына жауап алып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="44586,44588,44587,44589"]