Жақында Бейнеу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызмет саласын жетілдіруге арналған семинар-кеңес өтті.
Алқалы жиынды аудан әкімі Б.Әбілов ашып, департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Н.Жанназарова Маңғыстау облысы бойынша, соның ішінде Бейнеу ауданына қарасты мемлекеттік мекемелердегі кадр қызметінің жай-күйіне сараптама жасап, бос орындардың бар екендігіне, кадрлар резервін жасақтаудағы кемшіліктерге тоқталды. Одан соң департаменттің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Н.Долдашев Бейнеу ауданы бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетілетін салалар бойынша, әдеп кодексінің сақталуы жайында жүргізілген ісшаралар жайлы баяндады. Келесі кезекте департаменттің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы Е.Оңайбаев мемлекеттік органдардағы мүдделер қақтығысының алдын алу, түсініспеушілікті болдырмау туралы және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бағыты бойынша баяндап, аудандағы қызмет көрсету салалары бойынша нақты мысалдар мен орын алған кейбір жағдайларға тоқталды.
- Семинар-кеңесті қорытындылаған департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Н.Жанназарова ауданның жергілікті атқарушы органдарындағы бос лауазымдардың орынын толтыру, кешенді аттестаттау комиссиясының қызметкерлерді жоғарылату бойынша шешімін жылдың аяғына дейін орындау және мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін көтеру мен қайта даярлаудан өткізуді аяқтау, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қоғамдық мониторинг жұмыстарын ұйымдастыру, «жасырын тұтынушы» әдісімен жүргізілген қоғамдық бақылау анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.
Сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін электронды қызмет алу мүмкіндіктерін жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар берді. Бұл орайда ауыл әкімі аппараттары ғимараттарында штаттан тыс маман бөліп, арнайы компьютермен жабдықтау керек деді.
Жастармен жүздесу
Ауданның жұмыссыз жүрген жастарымен және Бейнеудегі қос колледждің студенттерімен болған кездесу жиынын аудан әкімі Б.Әбілов ашты.
Кездесу барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Н.Жанназарова жастардың мемлекеттік қызметке және құқық қорғау органдарына жұмысқа қалайша орналасуға болатыны жайлы таныстырып өтті.
Әлеуметтік қорғау саласының өкілдері жұмыспен қамту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар туралы кең көлемде ақпарат берді.
Кездесу кезінде жастар өздерін толғандыратын мәселелер жайлы, яғни мемлекеттік қызметке орналасу үшін белгіленген біліктілікке сай болу қажеттігіне қалай қол жеткізуге болатынын, тестілеуден аз ұпай алып қалған жағдайда келесі сынақтан өту мерзімдері, қандай мамандықтар қай лауазымға лайық болып табылатындығы туралы сұрақтар қойып, сауалдарына толық жауаптар алды.
Аудан жастарының мемлекеттік қызметке орналасуы туралы келелі жиында аудандық мәслихат депутаты Ж.Қайранов, белгілі спортшы Ш.Қайранов өз ұсыныс пікірлерін айтты.
Түстен кейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Н.Жанназарова бастаған облыстық деңгейдегі қызметкерлер Абыл мәдениет үйінде ұйымдастырылған аудандағы мекемелер және мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен мемлекеттік қызметті көрсету жөніндегі жәрмеңкеге қатысты. Жәрмеңкенің өтуі барысында аудан әкімі Б.Әбілов, аудан әкімінің орынбасары Ү.Әмірханова және мекеме басшылары бос тұрған лауазым орындары жөнінде, қызметке орналасу тәртіптеріне тоқталып, түсіндіру, кеңес беру мәселелерін жүзеге асырды.
Одан соң барша жиындарды өткізуге мұрындық болған департамент басшысы бастаған қызметкерлер аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында болып, тұрғындарды қабылдады.
Айнахан ЕСЕТ
Тағы оқыңыздар: Ақтауда жастарды жат ағымнан арашалау мәселесі талқыланды