Жаһанды жайлаған діни экстремизм мен терроризм мәселесі біздің елімізді де айналып өтпегені жасырын емес. Халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан асыл дініміздің өңін айналдырып, сан салаға бөлшектеп жіберген теріс ағымдарды өз балаларымыз толықтырып отыр. Ал оларға тура жолды көрсетер ата-ананың барлығы бірдей шариғаттан хабардар емес. Балалар мен жастарды жат ағымдар құрығынан сақтап қалу үшін оның алдын алу бағытында әлеуметтік тапсырыс алған Ауған соғысы ардагерлерінің Ақтау қалалық «Боевое братство» қоғамдық бірлестігі Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылындағы Ғ. Айдаров атындағы №1 мектеп-лицейінде «Жастар бейбітшілік үшін діни экстремизм мен терроризмге қарсы» тақырыбында оқушылар және ұстаздармен кездесу өткізді. Оны ашып, жүргізіп отырған қоғамдық бірлестік төрағасы Матжан Шаулиев өткен жылы біздің елімізде болған қауіп тудырған террористік әрекеттер мен теріс діни бағыттағы отандастарымыз қатарының артуы байқалғанын айтып өтті. — Былтыр ұлғайтылған террористік қауіптіліктің сары деңгейінің 2017 жылдың қаңтар айына дейін созылуы — осының айғағы, — деді ол. — Қазір барлық жерде жат ағымдардың алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Ондағы мақсат — ертең мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарына түсіп, ата-анадан бөлек өмір сүретін жастарымызды алуан түрлі діни ағымдардан сақтандыру, балаларымыздың бойында оларға жат дінді насихаттаушыларға қарсы иммунитет қалыптастыру. — Дінге қатысты мәселе барлығымызды ойландыратын жағдайға жетті. Мемлекеттің дінге деген саясаты бұрынғыдан өзгерді, — деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстаудағы өкіл имамы, облыстық мешіттің бас имамы Смайыл Сейітбеков. — Қатаң тәртіптерге, заңдарға сүйенуге мәжбүр болып жатыр. Өйткені, дін жеңіл-желпі нәрсе емес. Осыдан 30-40 жыл бұрын көбінесе үлкен кісілер намаз оқып, дін ұстанатын болса, қазір намаз оқитын жастар көбейді. Қоғам өзгерді. Бүгінде әлем кішірейіп қалған. Бұрын Алматыға барудың өзі, ол жақта оқып жатқан баламен хабарласу дегеніңіз үлкен бір мәселе болса, қазір алақанымыздағы телефоннан бүкіл әлемді көріп отырмыз әлемді. Әлемнің бір түкпіріндегі адаммен тілдесудің өзі еш қиындық тудырмайды. Қоғамның өзгеруімен бірге дін мәселесі де күрделенді. Қолымыздағы телефонға күнде бірнеше мәрте алуан түрлі хабарламалар, роликтер келіп жатады. Ал оның барлығын кім жасап отыр? Ешкімнің де бос уақыты жоқ ондай роликтерді әдемілеп жасап отыруға. Мұны жастардың санасына сіңіру үшін дайындап отырған арнайы адамдар бар. Мысалы, мен шет елде оқып, бітірдім университетті. Мен сияқты мыңдаған қазақ баласы шет елдерде оқып келді. Солардың 500-дейі мұсылман елдерінде дін саласында оқыды. Сосын олардың әрқайсысы көрген-білгенін санасына түйді, ұстазының ережелерін насихаттауға кірісті. Олардың арасында теріс, яғни уахабиттік бағытта оқып келгендер де бар. Ал бұл жастар қолдарындағы дипломдары біздің стандарттарымызға сай келмейтіндіктен жұмысқа қабылдамайды. Айналысатын жұмыс керек болғасын олар жат ағымдарды насихаттайтын шетелдік ұйымдарға жұмыс істеп, интернет арқылы түрлі роликтер мен уағыздар жіберіп отырады. Таңнан кешке дейін интернетте отырып, солардың жазбаларын арабшадан қазақшаға, орысшаға аударады. Мұндай жұмыстар христиан бағытында да жүріп жатыр. Ешкінің лағын алса, ешкінің өзі соңынан келетінін білетін олар алдымен жастарды арбап, қатарына қосып алады. Ал ата-ана біраз уақыт бойы баласын ұрып-соғар, барынша ақыл айтар, бірақ ақыры амалы құрыған соң баласының соңынан кететінін өз тәжірибемде көріп жүрмін. Мұндайды қазақ «Бетпақ жеңеді, сорлы көнеді» деп тұжырымдаған. Сондай-ақ радикалды бағытты насихаттаушылар күреспен, бокспен айналысатын спортшы балаларды, яғни жастар үлгі тұтатын мықты жастарды өз қатарына тартқыш келеді. Ата дінімізге жат ағымдардан сақтану жолдарына тоқталған өкіл имам дінге қатысты мәселені мешіттегі имамнан сұрау арқылы шешкеннің дұрыс екендігін қаперге берді. Сайын Шапағатов ауылдық округі қоғамдық кеңесінің төрағасы, қамқоршылық кеңесінің мүшесі Нұрым Бөлекбаев: — Бүкіл ілім, барлық жақсылық Ислам дінінен тараған. Бірақ бүгінде оның атын жамылғандар көбейіп, халықтан маза кетті. Сондай ағымдардан сақ болыңдар. Бұл ағымдар біздің жаққа басқа қалаларға барып, оқып келген жастардан тарады. Ауылымызда да бар ондай ағымда жүргендер. Өкінішке орай, оларды бірден тиып тастау мүмкін емес. Сондықтан өздеріңді қорғап, білім алыңдар алаңдамай, — деп, балаларға ақыл айтты. Өңірімізде бірнеше облыстық, аудандық және қалалық газеттердің басын қосып отырған «Маңғыстау-медиа» ЖШС директоры Сағындақ Рзахметов жат ағымдардың тез таралуын тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде Ислам ілімін жақсы меңгерген мамандардың болмауынан деген ойын білдірді. — Өткен ғасырдың 90-жылдары көптеген жастар шетелдерге оқуға кетті,-деді С. Рзахметов. — Ал 1996-1997 жылдары елге оралғандары мешіттерге жұмысқа орналасып алды. Бұл — қазіргідей емтихан тапсырып, сынақтан өту жоқ, білімді имамдардың аз кезі. Сөйтіп 2000 жылдары түрлі ағымдар Маңғыстауға да жетті. Том-том кітаптарын арқалап жүрген христиан тармақтарының өкілдерін де көрдік. Көптеген іні-қарындастарымыз солардың құрамына кіріп кетіп жатты. Дін жолына бір түскен адамды одан шығару өте қиын. Дегенмен кейін тәубаға келген қаракөздеріміз де болды. Қазір әлеуметтік желінің зиянды жағы, міне, осы — діни ағымдардың таралуы. Телефондағылардың барлығы бірдей жақсы дүние емес. Сондықтан газет, кітап оқыңдар. Біздің әкелеріміз газетті де, кітапты да жырттырмайтын еді. Біз де кітапты қатты қадірлейтін едік. Кітап оқып көрмеген бала сөзінен де белгілі, әлеуметтік желілерде көпіріп отырады білімсіздігін көрсетіп. Білімнің қайнар бұлағы осы кітапта екенін есте сақтаңдар. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жас көшбасшылар достастығының» директоры Мұқаш Бекенұлы өңір жастарының жетістіктеріне тоқталып, өзінің кітапханаға тұрақты барып тұратынын айтты және балаларды кітапханамен, кітаппен достасуға шақырды. Жастардың кітап оқу арқылы өзін өзі дамытуы тиіс екенін, әр жастың өзіндік ұстанымы болуы керек деген пікірін білдірді. Облыстық дін істері басқармасының ақпараттық талдау орталығының маманы Нұрбек Жақсылықов пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мұсылмандарды бірігуге шақырғанына қарамастан, қазіргі мұсылмандардың түрлі жамағатқа бөлініп жатқанын айта келіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рұхсатымен, бар муфтият арқылы жарық көрген кітаптарды ғана оқу керектігін ескертті. Жиынды қорытындылаған ауыл әкімі Ғабиден Нұржаубай көтерілген мәселеге орай өз ойын жеткізіп, басқосуды ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Жоғары сынып оқушылары мамандарға өздерін толғандырған сауалдар қойып, жауап алды. Ұстаздар да өз ойларымен бөлісті. Қызықты әңгіме, қызу талқылаумен өткен жиынның түпкі нәтижесі ғаламтордың шырмауында қалмай, дұрыс бағыттағы ақпарат құралдары мен кітаптар оқитын саналы жастың өз орнын адаспай табады деген сенім қалыптастырғандай еді. Осы кездесуге дейін Түпқараған ауданында «Жастар бейбітшілік үшін діни экстремизм мен терроризмге қарсы» тақырыбында сурет байқауы жарияланған болатын. Жиналыстан кейін сурет байқауының қорытындысы шығарылып, тақырыпты жақсы меңгеріп, ойлы суреттерімен көзге түскен оқушылар марапатталды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="41771,41772,41773,41770,41768,41767,41766,41765,41764,41763,41762,41761"]