Жуырда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Нұрлы жер» комиссиясы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «Қолжетімді баспана» бағыты бойынша 34 шағынауданда салынып жатқан жерасты паркингі бар көп пәтерлі тұрғын үйлер құрылысының жұмысымен танысып, сапасына бақылау жасады.
– Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес құрылған арнайы комиссия бұл үйге бақылау жасайды. Құрылыс құны – 1 560,570 млн. теңге. 2016 жылы 800 млн. теңге игерілді. Өткен жылы 728,468 млн. теңге бөлінсе, биыл 9 ай қорытындысы бойынша 632,1 млн. теңге немесе 91,3% игерілді. Бұл 240 пәтерлі үйдің аумағы 13,864 мың шаршы метрді алып жатыр. Шарт бойынша нысан осы жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Біз қараша айының соңында бітіруді жоспарлап отырмыз. Үйлерді «Ондасын Строй», «Еврострой-А, «Ас курылыс», «Эра» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері салып жатыр, – деді Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Қ. Ақыбаев.
Тағы оқыңыздар: Жеке тұлғалардың мүліктік табыс салығы қалай ұсталады?Облыстық, қалалық мәслихат депутаттарынан, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасынан, қалалық құрылыс бөлімінің басшыларынан құралған комиссия мүшелері үйлердің сапасын тексеру барысында құрылыс жұмыстарында, әрлеу жұмыстарында сапасыз екендігін айтып, мердігер мекемелерге ескерту жасады. Мәселен, барлық үйдің пәтерлерінің төбелерінде, қабырғаларында жарықтар бар, едендер тегіс емес, ламинат пен еден жиектері көтеріліп кеткен, жылу батареялары бөлмелердің көлеміне сәйкес келмейді, баспалдақтары гипсокартонмен қапталған және т.б. кемшіліктер табылды.Комиссия мүшелері мердігер мекемелердің басшыларына 22 қараша күні құрылыс сапасына тексеру жұмыстары тағы жүргізілетінін, осы уақытқа дейін олқылықтардың орнын толтырып, қайтадан жөндеу жүргізуді тапсырды. Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Қ. Ақыбаевқа үй құрылысының сапасын және авторлық және техникалық қадағалаушылардың жұмысын қадағалау жүктелді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ