©
Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің психологы Айгүл Тасанова 1-3 қараша аралығында өткен «Үздік психолог -2017» республикалық байқауында І орын иеленді. Бұл туралы осы мектептің баспасөз қызметі хабарлады. Жарысты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Алматы қаласында ұйымдастырды. Шара жыл сайын дарынды, шығармашыл, кәсіби деңгейі жоғары психологтары анықтап, қолдау мақсатында өткізіледі. Биыл байқауға 96 психолог қатысып, еңбек өтілі 3 жылға дейінгі, 3-7 жыл аралығында және 7- жылдан асқан категориялар бойынша бақ сынады. Мектеп психологының өтілі 10 жылдан асқандықтан, үшінші категория бойынша қатысып, 37 психологпен бас жүлдеге таласты. - Конкурс бірнеше кезеңнен тұрды. Олар: белгілі бір тақырыпта эссе жазу, портфолио презентациясы, шеберлік сағатын өткізу, «Психологтың ғажайып әлемі» тақырыбында монолог оқу. Менімен қатысқан әріптестердің барлығы өз ісінің шебері, бірақ соған қарамастан бірінші орын иеленгеніме қуаныштымын. Психологтарға арнап осындай байқаулар өткізуді дұрыс деп санаймын, - деді жеңімпаз. Психолог байқау барысында оқушыларға қысқа мерзімде кеңес берудің тиімділігі мен өзектілігін көрсете білді. - Бұрындары психологтар кеңес беру үшін бірнеше кездесулер өткізетін еді. Қазіргі таңда бұл барлығы үшін тиімсіз. Көбінің уақыты бола бермейді. Сол себепті проблеманы дер кезінде, дәл сол уақытта шешіп, тиімді кеңес беру - өзекті. Жеке өз басым оқушылардың туындаған мәселелерін оқиға орнында шешкенді дұрыс көремін. Жарыста бес қадамды диссоциация бойынша шеберлік сағатын көрсеттім. Бұл - нейролингвистикалық бағдарламалау бойынша қысқа мерзімді терапия, - дейді Айгүл Тасанова. Маманның тағы бір ерекшелігі «Лабиринт» тимбилдингін көрсету болды. Бұл ойынды қазылар алқасы командалық рухты көтеріп, ауызбіршілікке жетелейтіндігімен ұнатып, жоғары баға берді. Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Айгүл Тасанова осыған дейін де республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі байқауларға белсенді қатысып, жүлделі оралған. Осыған дейін аталған байқауда «Креативті психолог» атағын жеңіп алған. Жүлделі орынға ие болған мамандар «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, мақтау қағаздарымен марапатталды. Енді жүлдегерлердің жұмыстары тәжірибеде қолданылуға ұсынылып, «Дарын» ақпараттық-әдістемелік журналы мен арнайы жинақта жарық көретін болады.