Ақтау қаласындағы «Ана үйі» ашылған күннен бері 50 балалы әйелге көмектесті. Оның ішінде отбасылық жағдайы қиын қыз-келіншектер саны - 16.
Ең алғаш «Ана үйі» 2013 жылы Алматы және Астана қалаларында ашылған болатын. Облыс орталығындағы бұл орталықтың ашылғанына 2 жыл толып отыр. Ақтаудағы «Ана үйінің» меценаты алматылық кәсіпкер Қанат Шагиров.
Қордың негізгі міндеті - еліміздегі әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, бірте-бірте бұл үйлерді отбасын қолдау орталықтарына айналдыру. Бүгінде Қазақстанның ірі қалаларында 25 «Ана үйі» жұмыс жасауда. Жобаның мақсаты қиын жағдайға тап болған жас аналарға уақтылы көмек көрсетіп қана қоймай, тастанды балалар қатарын азайту. Қор құрылғалы бері көмекке жүгінген нәрестелердің 70 пайызын жетімдіктен құтқарды, бұл шамамен 2600-дей жаңа туған нәресте. Негізінен, аяғы ауыр әйелдің ауыр күйзеліске түсуі, тұла бойын үнемі қорқыныш сезімі жайлауы - жалпы қоғам мәселесі. Кейде әйел өміріндегі осы маңызды уақытта жақындары қолдау көрсетпей жатады. Әрине ешбір ата-ана балаларына жақсы тәрбие беріп, жаман болғанын қаламайды. «Ана үйіне» ауыр жағдаймен келген нәзік жандыларға психологиялық, әлеуметтік қолдау мен медициналық көмек көрсетіледі.
Орталық қызметкерлері мұндағы қыз-келіншектердің ата-анасымен, баланың әкесімен байланысып, мәселенің шешімін табуға атсалысады. Екі арада дәнекерші болып, екі жақты татуластыруға бар-күшін салып жүрген қызметкерлердің бұл еңбегі де жемісін беріп жатады. Нәтижесінде, орталықты пана еткен қыздар жақындарының қолдауын сезініп, барлық қиындықты жеңіп шығуға күш жинайды.
Ақтау қаласындағы «Ана үйінде» қыз-келіншектерге массаж, шаштараз, визаж, аспаздық өнерді үйрету мақсатында әртүрлі курстар өткізіледі. Мысалы, орталық тігін шеберханасындағы 3 өндірістік тігін, 3 оверлог машинасымен аптасына 3 мәрте тігін тігу курстары оқытылады. Қыздар төсеніш, жамылғы, көйлек тігуді үйреніп, тіпті тапсырыс қабылдайтын дәрежеге жеткен. Наурыз мерекесіне дәмхана даяшыларына арнап ою-өрнекпен көмкерілген 10 дана жилет тігілген. Облыс орталығындағы еріктілер қыз-келіншектерге әртүрлі торттар пісіруді үйретіп жүр.
Тағы оқыңыздар: Барлығы «Тазалықтан» басталадыБұл орталық баланы ана сүтінен айырмауға септігін тигізіп отыр. Тіпті осы шаңыраққа келгелі сәбиінің әкесіне қосылып, не қайта бас құрағандар қатары да баршылық. Екі жыл ішінде орталықтағы 4 қыз тұрмыс құрып, 33 келіншек жанұяларымен қайта табысқан. Сондай-ақ, орталықта тұру мерзімі біткен қыз-келіншектер жұптасып қаладан пәтер жалдап, жұмысқа орналасып, бір-бірінің балаларына қарайласып жатыр. «Ана үйінде» әр баланың тұсаукесер, шаш алу, қырқынан шығару, 1 жасы мен туған күндері бір жанұядай аталып өтеді.
Облыстық мәслихат депутаты Аббат Өрісбаевтың қолдауымен «Ана үйі» қам- қорлығында болған екі балалы Жадыраға әлеуметтік жатақхана берілгенін атап өтпеске болмас. Қалалық білім бөлімінің қолдауымен 3 бала балабақшаға орналастырылған.
Орталық қызметкерлері «Мы люди, мы вместе» қайырымдылық қорының жетекшісі Иман Досмұханбетовке 5 қызға массаж оқыту курсын тегін өткізгені үшін алғысын айтады. Солардың бірі жолдасымен қайта бас қосып, қазір өз ауылында кішкентай бүлдіршіндерге емдік массаж жасап, білімін нығайтып, өзінің сүйікті ісіне айналдырды.
Айта кетейік, бұл жоба аясында түрлі қиын жағдайларға байланысты жаңа туған баласын тастап кетуді ойлап жүрген немесе болашақта балалар үйлеріне тапсыруға бел буған жүкті әйелдер осы үйлерде пана таба алады.
Әсел ҚОЙШЫБАЕВА